Биылғы оқу жылында 3,4 млн астам оқушы мектепте білім алса, олардың 150 мыңға жуығы 11 сыныпты аяқтап, мектеппен қоштасады. Соңғы қоңырау 9 және 11 сынып түлектері үшін әдеттегідей 25 мамыр күні соғылады. Бірақ карантин талаптары қатаң сақталуы шарт. Бірақ шараны өткізу форматын әр мектеп өзі қабылдайды. Ал 9 және 11 сынып түлектеріне арналған салтанатты жиын мектеп аумағында таза ауада ұйымдастырылады. Ал мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру шарасы «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбымен жылдағыдай 12 маусым күні өтеді. Шараға түлектердің мектеп формасымен қатысуы міндет.

– Соңғы қоңырау шарасы мектеп ауласында, қарапайым түрде өтеді. Шараны өткізу барысында әлеуметтік ара-қашықтық 1,5-2 метр аралығы сақталады. Оған қоса оқушылардың барлығы медициналық маскамен келуі тиіс. Әр сынып оқушыларының шарасы бөлек жүргізіледі. Егер мектепте 2-3 сынып немесе оданда көп болған жағдайда кезекпен өткізіледі, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12-14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Салтанатты шара барысында орта білім туралы аттестаттар табыс етіледі. Оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әр түрлі күнде өткізу ұсынылады.

Биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» 9 822 оқу озаты үміткер. Жаңа ережеге сәйкес, «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлердің емтихан жұмысын білім басқармасы жанындағы комиссия қарайды. Мектептер бұрынғыдай оқу озаттарының тізімін өздері жасай алмайды. Комиссия емтихан жұмысын тексергеннен кейін нәтижесін білім беру ұйымдарына жіберіп, мектеп директорының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімін бекітеді.

– Бұрын мектеп пен білім бөлімдері үміткерлердің жұмысын өздері тексеріп, «Алтын белгіні» тапсыру туралы шешім қабылдайтын. Ал қазір кеңестік кезеңдегідей, емтихан жұмысын облыстық немесе республикалық маңызы бар қаланың білім басқармасы жанындағы комиссия тексереді. Комиссия құрамына білікті, тәжірибелі пән мұғалімдері кіреді. Осыдан кейін ғана мектеп үздік оқушылардың тізімін бекітеді, – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Карантин талабы жеңілденгенмен, оқушылардың мектеп бітіру кешін үйде, жалдамалы үйде, кафе-ресторанда өткізуіне және кортежге шығуына рұқсат етілмейді. Сондай-ақ педагогтарға сыйлық алуға оқушылар мен ата-аналардан қаржы жинауға тыйым салынады. Жалпы «Соңғы қоңырау» мен «Аттестат тапсыру» кешіне мектеп бітірушілер мектеп формасымен қатысады.

Сондай-ақ биылғы оқу жылындағы тағы бір ерекшелігі – ҰБТ толығымен онлайн форматта 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өтеді. Ол үшін арнайы 4 тестілеу орталығы жабдықталған. Бұл форматтың тағы бір артықшылық – ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қате жауап берген сұрақтарды көре алады. ҰБТ қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ бірден апелляцияға өтініш бере алады.

Қызылорда облысы бойынша әзірге ҰБТ-дан №136 мектептің 11-сынып оқушысы Дильназ Алматқызы алғашында 137 ұпай жинап, тестілеудің екі сынына да қатысып, 137 ұпай еншіледі. Талапкер бейіндік пәні ретінде физика-математика бағыты бойынша мұғалім болғысы келеді.

– Ұстаз болуды жаныма жақын тұтамын. Білген біліміңді балаларға үйрету деген керемет сәт, ерекше жұмыс деп ойлаймын. Болашақта физика пәнінің мұғалімі боламын. Биылғы ұлттық тест әр түлекке ерекше мүмкіндік сыйлап отыр. Сонымен бірге сынақ әділ әрі ерекше өтті. Ойлаған армандарым, алдыға қойған мақсаттарым жетерлік, алдыға қарай нық қадам басып, барлығына да қол жеткізеріме сенемін, – деді Дильназ Алматқызы.

ҰБТ-ның аяқталуына 10 күн қалды. Болашағынан үміт күткізер таланттардың саны артатынына сеніміміз мол.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА