Өңірде қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын жас көп. Олардың қатарында Жалағаш ауданының тұрғыны жас кәсіпкер Жылбек Қуаныш та бар.
Бала кезінен қолөнерге бейім Жылбектің кәсіпкер болуына анасы Майрамкүл Раманқұлова ерекше қолдау білдірген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңаталап ауылында жеке кәсібін ашқан Жылбектің анасы ‒ тігін өнерінің қыр-сырын меңгерген шебер.
– Көпбалалы отбасында өстім. Кішкентай кезімде анамның кесте тігетінін жиі көрген соң, жайлап қолөнерді үйрене бастадым. Кейін осы хоббиімді шағын бизнеске айналдыру идеясы келді,– дейді қолөнерші.
Бір қызығы, шебердің алты ұлының ішінен тек Жылбек қана қолданбалы өнерге қызығушылық танытқан. Ол осы қиын істің қыр-сырын өз бетінше зерттеп, ескі тігін машинасымен жұмыс істеп көреді де, уақыт өте өзі де нағыз маманға айналады.
– Бастапқыда Жаңаталап ауылында тұрған соң, тапсырыс жергілікті тұрғындардан түсе бастады. Кейін анамның кәсібін одан әрі дамыту мақсатында облыс орталығына қоныс аудардық. Орта арнаулы оқу орнын тәмамдаған кезімде облыстық жұмыспен қамту орталығы тігін мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқу курсына жіберді. Үш айға созылған курсты аяқтағаннан кейін мемлекеттік бағдарлама аясында 250 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бұл қаржы жеке бизнесімді ашуға жеткілікті болды. Өзім тіккен қыз жасауын, ұлттық нақыштағы көрпе мен жастықтардың суретін әлеуметтік желіге жариялаған күннен бастап тапсырыс түсе бастады. Кейін ұлттық нақышта киім тігумен айналысатын алматылық компаниямен бірге жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Ұсынысты қабылдап, Алматыда бір жыл тәжірибе жинақтаған соң туған жерге оралдым. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында қолөнершілердің ортасы Талдықорған мен Таразға да бардым. Сапар барысында көп нәрсені үйрендім, өз бизнесіме жаңалықтар енгізе бастадым, ‒ дейді Жылбек.
Қазір жас кәсіпкер бірнеше бағытта жұмыс жасауда. Оның қолөнер орталығы жастықтарды тазалауға арналған аппаратпен, ағаш бұйымдарына арналған лазерлік машинамен және мата, былғары бұйымдарына ою-өрнек түсіретін кесте тігу машинасымен жабдықталған.
‒ Кесте тігу машинасының көмегімен ұлттық нақышта шапан, былғарыдан тапсырыс берушінің қалауына қарай ою-өрнекті немесе жазуы бар әмияндар дайындаймын. Кейде жастық тазалауға тапсырыс қабылдаймын. Лазерлік аппараттың көмегімен ағаштан жасалған бұйымдар – күнтізбе, майлық ұстағыш бұйымдар жасаймын, – дейді Жылбек.
Ісмер жігіт келешекте іскерлігін дамытып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда, ол үшін бірінші кезекте жеке ғимарат пен қосымша қаржы қажет. Сондықтан Жылбек мемлекеттік бағдарламаларға иек артуды ойлайды.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!