Киім – адамның өзі тіл қатпас бұрын ол туралы сөйлейтін дүние. “Қонақты киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салатын” қазақ осыны меңзеген болар. Иә, уақыт көші қанша жылжып, айлар мен жылдар артта қалса да, киім өндірісі, сән әлемі құндылығын жоғалтпай, керісінше, жаңалық жасау арқылы жаңа даму жолына түсіп, қажеттілікке айналып барады.

Осы орайда қызылордалық “Jadior” жеке брендінің иесі, киім дизайнері Жадыра Құлмырзаевамен жеке кәсібі, тігіншілік өнері жайлы тілдескен едік.

– Жадыра Тереқызы, бұл салаға қызығушылығыңыз қашан басталды?

– Қармақшы ауданында дүниеге келіп, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінде білім алдым. Есімді білгелі сурет салуға, тігінге қызығады екенмін. Бала кезімнен киім дизайнері болуды армандап, осы мамандықты таңдадым. Ол кезде қолда манекен жоқ, үйде отырып үйренетін ютуб жоқ. Болмаған соң домбыраны манекен етіп, белдемше тігетінмін. Ал 7-8 сыныптарда өз қатарластарыма белдемше, көйлектер тіге бастадым. Анамның көйлектерін «бұзып», өзіме басқа нәрсе тігіп алушы едім. Яғни киім тігуге деген алғашқы қызығушылығым мектеп кезде басталды.

Бір оқиға ерекше есімде қалыпты. Үйде әжемнің қол машинасы бар-тұғын. Ешкім жоқта, тығылып отырып пайдаланамын. Үйдегілер оны білмейді. Машинаның инесі сынып қала беретін. Сондай кездің біріде анам: «Осыны үнемі кім сындырады?» деп қалды. Ұялдым да, ешкім жоқта машинаны пайдаланып, киім тігетінімді, инесін мен сындырғанымды мойындап едім, анам сол ескі машинаны маған сыйлыққа берді. Қуандым. Сол күннен бастап анамның киілмей қалған көйлектерін, пальтоларын өзіме шақтап тігіп алатын болдым. Сосын дәптерге неше түрлі қыздардың суретін салып, қиялымдағы көйлектерді кигізіп қоямын. Байқасам, бала кезімнен-ақ осы салаға нақты таңдау жасап, бет бұрыппын.

– Қолынан іс келгенмен, көбінің кәсіп бастауға батылы жетпейді. Өз оқиғаңызбен бөліссеңіз…

– Мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университеті физика-математика факультетінің жеңіл және тоқыма өнеркәсібі деген мамандығына оқуға тапсы­рып, игеріп шықтым. Бір жағынан инженер-педагогпын. Бұл мамандықтың ішіне барлығы кіреді. Педагог, технолог, тігінші болуға да мүмкіндік бар. 2005 жылдан бастап Қармақшы ауданындағы №2 балабақшада тәрбиеші боп жұмыс істедім. Сол кезде балабақшаның балаларына арнап киім тігіп жүрдім, үйден де қосымша тапсырыстар қабылдайтынмын. Ал 2010 жылдан бастап №105 орта мектепте технология пәнінің мұғалімі ретінде қызмет ете бастадым. Онда 3 жыл жұмыс істедім де, кейін Қызылорда қаласына көшуімізге байланысты ұстаздық қызметті аяқтадым. Осылайша өз арманыма нақты әрекет жасайтын кезең басталды. Әлі есімде. Қаладағы бір дүкеннің бұрышынан жалға орын алып, бір түйір тігін машина, бір үтікпен кәсібімді бастадым. Ол кезде мақсатым ақша тауып, байып кету емес. Өзімнің жан рақатым үшін жақсы көретін ісіммен айналысқым келді. 200 теңгеге тапсырыс қабылдап жүрсем де, уақыт өткен сайын қызығушылығым арта түсті. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 3 тігін цехын ашыппын. Сондықтан ал­ды­мен кішкентай болса да тұрақты әрекет керек. Ең маңыздысы – ойға келген нәрсені бастау.

– Жеке брендіңізді жасау идеясы қалай келді?

– «Jadior» – қызылордалық бренд. Бұл брендтің пайда болуына жастарға, әйелдерге сәнді киім, ерекше дизайнерлік туындыларды ұсынсам деген ішкі қалауым әсер еткен шығар. Бізде қырғыздардың, өзбектердің киіміне сұраныс көп қой. Өзіміздің киім де сұранысқа ие болса, ұлттық киім өндірісіне өз үлесімізді қосу арқылы өзге адамдарды да жұмыспен қамти алсақ деген ой болды. Негізінен жеке брендті жасауға түрткі болған өз өмірім, тұрмыстағы жағдай десек, артық емес. Өзіме бір ерекше киім іздесем, таба алмайтынмын. Көйлек алсам, міндетті түрде өзгертіп, өзім қалағандай болу үшін реставрация жасаймын. Осындай жайттардан соң неге өз брендімізді шығармасқа деген ой туындады. Қазіргі таңда азғантай ғана коллекция шықты. Алайда барлығына ұнап жатыр екен. Тұтынушылардан жағымды пікір естіп, алғыс алып, одан сайын қанаттана түс­тік. Бұйырса, алдағы уақытта коллекциямыз көбейіп, жаңа сән үлгісіндегі, сапалы киімдердің саны артатын болады.

– «Jadior» туындыларына қызыл­ордалық­тардың көзқарасы қалай?

– Көйлектегі ең маңызды нәрсе оны киетін әйел. Тігін сән саласына жататындықтан, бізде әйелдерге арналған киімдерге тапсырыс көп. Тойларға, кешкі кездесулерге арналған, күнделікті киюге арналған көйлектер тұрақты сұраныста. Сонымен бірге стандарттан тыс дене мүсініндегі толықтау немесе тым арық келген қыз-келіншектер өзіне сай, арнайы киім тіктіріп жатады. Көбіне реставрация жасаймыз. Қысқарту, ұзарту, басқа элемент қосу деген секілді. Тапсырыспен перделер де тігеміз.

Жерлестеріміздің талғамы жоғары десек болады. Біздің брендтің туындыларына қызығып жатыр. Тіпті, намаз оқуға арналған ұзын көйлектер тігуге де ұсыныс тастады. “Алдағы уақытта тағы қандай киім шығады? Мүмкін, ерлер киімін де шығарарсыздар” деген сияқты ұсыныс-пікірлер де жоқ емес. Тапсырыс беруші риза болып, басқаларға бізді ұсына бастайды. Осылайша тұрақты тұтынушыларымыз көбейіп, жарнама өзінен-өзі жүзеге асуда. Өзім 2013 жылдан бастап ателье ашып, жеке жұмыс істей бастадым. Қазір тура 9 жыл болыпты. Ал жеке брендтің жұмысы енді қыза бастады.

– Әдемі әңгімеңізге рахмет, Жадыра! Кәсібіңізге береке берсін!

Дина БӨКЕБАЙ