Шәкіртақыдан бөлек күнделікті табыс табу − студенттер үшін үлкен жеңілдік. Ал егер білім алушының оқуы ақылы болса, қосымша қаржы жинақтау өте маңызды екені сөзсіз. Бірақ қолға диплом алып, кәсіби маман атанғанша студент үшін көп мекеменің есігі жабық болатыны да жасырын емес. Сонда қосымша табысты қайдан, қалай табуға болады? Бүгін осы тақырыпты талқылауды жөн көрдік.

Заман көшіне сай білімді, жан-жақты әрі тіл білсең болашақ жақсы маман болатыныңды кез келген ортада дәлелдеуге болады. Осы арада ескеретін бір жайт, қай жұмыс орнына барсаңыз да адамдармен қарым-қатынас, яғни коммуникация бірінші орында тұратыны анық. Сол үшін студентке көпшіл болу артық етпейді. Қазіргі уақытты мүмкіндіктер сәті деп бағалайтын болсақ, қаншама сағат пен энергияны жоғалтпай онлайн жұмыс істеуге де болады. Олай болса студенттер үшін қолайлы бірқатар жұмыс орындарын тізбелеп көрелік.
Копирайтер болу − трендтегі қызмет түрі. Ең бастысы жазбаны сауатты жазып, шығармашылықпен әр бере алуың, сондай-ақ тапсырыс шеңберінде жаңа идеяларды түрлендіре алуың шарт. Ол үшін студентке бар болғаны ноутбук немесе компьютер болса жеткілікті. Жазба мәтіннің көлеміне қарай студентке берілетін жалақы тұрақты немесе әр орындалған қызмет түріне сәйкес келісілген болуы мүмкін. Қазіргі нарықта копирайтерлердің тұрақты әрі толық емес жұмыс күні үшін 80-120 мың теңге аралығында жалақы беріледі. Ал тіл білсеңіз шетелдік компанияларда қызмет етіп, жоғары табыс табуға болады.
Репетитор болып қызмет көрсету де қоғамда үлкен сұранысқа ие жұмыс екені рас. Алайда сұранысқа сай болу үшін бейіндік білім, белгілі бір пәнді еркін меңгеру талап етіледі. Оған қоса балалармен тез тіл табысып, сабақ уақытын қызықты өткізе алуы да маңызды. Осы еңбегіне сәйкес, студенттер орташа есеппен 150 мың теңге шамасында қосымша табыс таба алады. Қазіргі кезде репетитордың орташа жалақысы 60-80 мыңнан басталатынын ескерсек, аталған қаржы студенттің біраз қажеттілігін өтей алады. Кейбір деректерге сүйенсек, шетелдік онлайн мектептер бұл қызмет түріне 500 мың теңгеге дейінгі ең жоғары жалақыны белгілей алады.
Даяшы немесе бармен болу бұрыннан келе жатқан қызмет түрі секілді көрінсе де, студенттердің қаржы жинауына көмектесетін бірден-бір қосымша табыс көзі екені рас. Даяшыға қойылатын талап та аса қиын емес. Бастысы, белгілі бір тамақтану орнына келген тұтынушымен жақсы байланыс орнатып, жанындағы басқа да қызметкерлермен тіл табыса алса болғаны. Сондай-ақ жұмыс барысында ұқыпты, тазайым болу артық етпейді. Арнайы зерттеулер нәтижесіне назар аударсақ, даяршылардың көмекшілері мен жұмыс тәжірбиесінен өтушілерге 70 мың теңгеден бастап жалақы төленеді. Ең қызығы, біраз уақыт тәжірибе жинақтаған соң айына 500 мың теңгеге дейін жалақы алуға болатыны дәлел­денген.
Сату менеджері болып қызмет көрсету екінің бірінің қолынан келе бермеуі мүмкін. Бірақ сауатты сөйлей алатын, жұмыс барысында тәртіпті әрі көпшіл қасиетімен ерекшеленетін студенттерге бұл қызмет түрі қолайлы болары сөзсіз. Себебі сату менеджерінен білім талап етілмейді. Тіпті кейбір бос жұмыс орындары онлайн жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынады. Ал жалақы мөлшеріне келсек, менеджердің табысы жалақы мен сату бонустарынан құралады. Бүгінде бұл қызмет түріне шамамен 100 мың теңгеден бастап жалақы төленеді. Сондай-ақ өтініш беруші сатудан түскен пайызбен қызмет көрсетсе, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғарылауы мүмкін.
Қазіргі таңда киім дүкендерінен немесе ірі сауда орындарынан сатушы-консультант ретінде қызмет көрсететін жастарды жиі байқауға болады. Демек адамдармен дұрыс коммуникациялық қарым-қатынаста болса, сатушы әрі кеңес беруші болу студенттерге берілген тағы бір мүмкіндік екені анық. Алайда көпшілік орында кездесетін түсінпеушіліктердің алдын алатын әрі стреске төзімділік таныта алатын қасиеттері болғаны дұрыс. Соған сай жалақы көлемі де еселене түседі. Мәселен, қазір орташа есеппен сатушы-консультанттың жалақысы 70-80 мыңнан басталады. Бұл баға қызметкердің еңбегіне сәйкес 350 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Зерттеулерге ден қойсақ, нарықта бұл қызмет түрі арқылы айына шамамен 180 мың теңге табуға болады.
Бала күтуші болу студенттер үшін оңай жұмыс емес. Алайда табиғатынан мінезі жайлы, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, балаларды жақсы көретін жастар үшін бұл қызмет түрі арқылы да қосымша табыс табуға болады. Еңбегіне сай бала күтушінің де жалақысы әртүрлі бағада белгіленеді. Мысалы, балалар орталықтарында күтушінің жалақысы 60 мың теңгеге бағаланса, бірнеше жылдық тәжірибесі бар білікті күтушілер 300 000 теңгеге дейін табыс таба алады.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА