Жарық дү­ниеге сәби әкелу оңай емес. Бірақ сәбидің іңгәлаған дауысы естіл­генде тоғыз айдағы, толғатқандағы қиындықтың бәрі ұмыт болады. Алғашында алақанындай ғана болатын сәбиге емірене, сүйіспеншілікпен сүйсіне қарап, аман-сау туғанына шүкіршілік етеді. Сондықтан бақытқа бөлеп, қуанышқа кенелткен атаулы күннің жүрек таспасында жазылып қалатыны айқын. Ал шарананың шыр еткен дауысына зар болған шарасыз ананың шырылы ше? Іңгәламай жатып демі үзілген сәбидің өлімі ше? Қабырғаны қайыстыратын қайғы өзі де өмір мен өлім арасында кірпік қағып, көз аша алмай дел-сал болып жатқан ананы дәрменсіз етпей ме?! Қайғыдан қан жұтып, запыран-зәрін ішкізетін мұндай ауыр оқиғаға түрлі себеп әсер етеді. Мәселен, ана денсаулығының әлсіз болуы.

Жүктілікке дейінгі кезеңде күтінбей, құрсаққа бала біткеннен кейін де тексерілмей саулыққа салғырт қарау өзекті өртейтін өкінішке әкеп соқтырады. Тіпті, кейде шарана өмірінің шорт кесілуі, ананың хәл үстінде қалуы дәрігер біліксіздігінен болып жатады. Осындай олақтықтан орын алатын олқылық ананың тауы шағылып, тағдыр тауқыметін тартуына түрткі болмақ.
Иә, ананың амандығы мен сәбидің саулығы басты назарда болғаны ләзім. Ұлт ұрпағының дін аман дүниеге келуі ата-ананың да, ақ халаттылардың да мойнындағы маңызды жауапкершілік. Әйтпегенде, ана мен бала өлім көрсеткішінің көбеюі елдің демографиялық дамуын тежейді. Одан бұрын тоғыз ай тосқан ата-анаға асыға күтіп аңсаған сәбиінен айырылып қалғанын жеткізуден артық қасірет жоқ шығар?! Осы мәселеге қатысты денсаулық сақтау саласына сын айтып, даулайтындар жоқ емес. Енді олар өңеш жыртып, қызыл кеңірдек болмағанда қайтсін?! Әсіресе, аналар тарапынан айтылатын арыз-шағым көп. Біліксіздіктен сәбиді шикілікпен шетінетіп, яки босану барысында титімдей қателік жіберуі кім-кімнің болмасын дегбірін қашырады. Әйел адам төртбұрышты кереуетті төсекке таңылып, есін жиюға да мұршасы болмайтын мезетте мұндай күйік еңсесін езгілеп, жүрегін жұлып әкеткендей жеңіл тимейтіні анық. Сондықтан болар, босанып жатып бауырына баса алмай қалған баласын ойлағанда «басқа түссе баспақшыл» деп қарап отыра алмайтындығы.
Біршама уақыт бұрын облыстық ана мен бала орталығында да мұндай оқиға орын алып, арнайы штаб отырысы өтіп, ана өлімі жағдайында салғырттыққа жол берген жауапты басшылар мен оның қызметкерлеріне тәртіптік шара көрілді. Облыс әкімі ана мен бала жағдайы әркез бақылауда болуын қатаң талап етіп, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Денсаулық сақтау министрлігі де күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қырын қарамай, жағдайды оңалтуға күш салуда. Қазіргі таңда ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді. Деректерге сүйенсек, 2020 жылы 12 жағдай, 2021 жылы 10, өткен жылы 5 қайғылы жағдай тіркелген. Сондықтан көрсеткіштің айтарлықтай кемуі ана мен бала денсаулығын нығайтуға бағытталған қадамдардың оң нәтижесі. Жағымды жаңалықты уақытша ғана жұбаныш етпес үшін, жүйкені жүндей түтіп жіберетін денсаулық сақтау жүйесіндегі жүгенсіздік жойылса дейміз.
Аталған мәселеге қатысты әлеуметтік желіде пікір білдіргендер жан-айқайын жеткізіп, шегіне жеткен шерімен бөліскен. Иә, жұрт айтса жаны қиналып, көзбен көргенін, басына түскенін айтады. Болжап айтып бөсіп, көп сөзді көпіртуге ешкімнің құлқы жоқ. Демек, байыбына бармай жатып байбалам салуға жұрт құмар емес. Бірі жарық дүниеге келмей жатып көз жұмған сәбиін жоқтаса, енді бірі босану кезінде дәрігердің өз жұмысына бейжай қарағанынан нәрестесінің мүгедек болып қалғанын айтып мұңын шаққан. Қит етсе “дәмететіндерге” шағым­данғандар табылды. Ал кейбірі мықты мамандар барын, жеңіл босанғанын айтып алғысын жаудырып, ақ халаттыларды ақтап алады. Сайып келгенде, санада қалыптасқан сенімсіздік бойда бұйлығып жатқан қорқыныш қарқынын үдетіп келесі бір дәрігерге де күмәнмен қарауға ықпал етеді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөздің жаны бар.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бала өміріне дәрігермен қатар ата-ана да жауапты. Сау баланы дүниеге әкелу үшін денсаулығына аса ыждағаттылықпен қарап, дер кезінде ем қабылдап, ескертпелерді ескеріп отыру керек. Өйткені, ана денсаулығы тікелей сәбиге әсер етеді.
– Жүктіліктің алғашқы кезеңдерінде тұрғылықты мекен-жайға қарасты емханаға тіркеліп, дәрігерге қаралып, баланың денсаулығын басты назарда ұстау керек. Өз басым құрсағымдағы сәбиіме немқұрайлы қарай алмаймын. Себебі, болашағы жарқын бір адамға өмір сыйлаймын. Ана боламын. Дегенмен мұндай түсінік көп әйелде қалыптаспаған десем де болады. Өйткені, емханаға тексерілуге барғанымда көптеген келеңсіз жайттарды көремін, баланың жағдайына бейжай қарайтындар жоқ емес, – деді қала тұрғыны С.Ардаққызы.
Ел ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақтың саулығы бәрінен маңызды. Сол себепті, денсаулық сақтау саласының сапасын арттырарлық оң шешімдер қабылданып, нәтижелі болғаны жақсы. Адам жанына араша болатын ақ халаттылар міндетін мінсіз атқарса, ана атанатын жандар өзіне күтіммен қараса өлім-жітім азаятыны сөзсіз.

Замира АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!