«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан  жарияланған байқауға»

Есірткі елдің есін шығарды. Тыйым салынған дәрілер де түрленіп, қалың елді қамықтырып қойды. Сау адамды сергелдеңге түсіретін бұл есірткінің жолында үлкені де, кішісі де шарасыз. Тарихты тәпсірлегенде адамзат баласының тобырлық кезеңінен бүгінгі өркениетке дейін жетуінде қаншама уақыт,  ғасырлар өткізді дейміз. Яғни, маймыл адамнан саналы бүгінгі адамға дейін сан мың уақыт кетті. Ал адам маймылға қайта айналу үшін сондай көп уақытты өткеру керек пе? Әрине, жоқ. Синтетика санаңды улағанда тас дәуіріне қайта ораласың. Есерсоқтықтың “түзу жолы” болып отырған бұл есірткіні қалай құрықтаймыз?

Әлеуметтік желілерде есірткіге елітіп, есінен айырылған адамдардың ессіз әрекеттері көп таспаланған. Бірі бақсыша билесе, екіншісінің тілі түсініксіз шүлдірлейді, тағы бірі адамның ойына кіріп-шықпайтын әрекетке барады. Білмесек, сайқымазақтың халықты күлдіру үшін жасаған кезекті қойылымы ма дейміз ғой, деген мен бұларсайқамазақтан да өтіп тұр. Не керек, күліп өте береміз. Алайда есірткі сатушылар бұған келгенде әккі сатушыға айналып отыр. Иә, бүгінде тыйым салған заттар мен кәсібін көгерткендер жетіп артылады. Құқық қорғау органдары қанша жолын жапса да, сатылым жүйесін жыл сайын жаңартып отыр, алаяқтар.

Жыл басында жиырма жастағы қыз қолына бояуын алып, қала көшелеріне, аулаларға, тұрғын үйлердің қабырғаларына, жалпы айтқанда көзге көрінген жердің бәріне бір сөз жазып кетеді. Түсінбеген жұрт вандализмнің кезекті көрінісі болар дейді. Алайда бұл сөздер «тозақтың алғашқы қақпасы» болып шықты. Әлгі жазулар телеграм топтың жарнамасы екен. Кіріп кеп қалсаңыз, қала атаулары шығады. Өзіңіздің жергілікті қала атауын бассаңыз, кафелердегідей мәзір шыға келеді. Бұл есірткі өнімдерінің түр-түрі. Таңдайсыз да, алатын тауарыңызға төлем жасайсыз. Төлем ресейлік рублмен жүзеге асады. Бұл дегеніңіз өзге елде отырып, өзімізге қызмет етеді деген сөз. Әрі қарай қызмет «тасымалдаушыларға» қалады. Ол сіздің тауарды қаланың бір бұрышына тығып, суретке түсіреді. Міне, тапсырысыңыз дайын, барасыз да ала бересіз. Полиция департаментінің айтуынша бұл секілді жазудың жүзден аса түрі табылып, жойылыпты. Көзге іліккен жүз іжойылды, көрінбей көзсіз құрдымға бастап тұрғаны қаншама, дейміз ғой. Өкінішке қарай экранның арғы жағынан амалын тауып, кесірді кәсіп еткен белгісіз кісілердің жолын кесу біздің мамандарға мүмкін болмай отыр. Әрі кеткенде жазған жарнамасын жояды, тасымалдаған жалдамалы қызметкерін ұстайды. Алайда түптамырымен жұлып алу қиынның қиыны. Мамандар бұл індеттің күн санап жасарып бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Бұрын есірткіге елітіп, адам болудан қалыпты дегенді еститін едік, егде жастағы жандарды. Қазір де жасы да, жасамысы құмар. Әлеуметтік деңгейі де күн санап түрленуде. Бұрын қылмыстық әлемнің серкелері ғана қол жеткізе алатын бұл өнім, қазір бәріне мүмкін болып қалды. Ақшасы болса алты жастағы Алпамыс та алады, қалағанын. Тағы бір белең алған құбылыс есірткі тұтыну сәнге айналып барады. Еліктеуіш жасөспірімдер еліктеп, алғашқы дәмін татып көреді. Татып көрген соң, шатып шығып кетуі екіталай.

Не істемек керек?

Бүгінде әлем бойынша 15 пен 64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам адам нашақорлар тізіміне алынған. Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады. Өзіміздің ахуалға зер салсақ, қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 43-і буыны қатпаған жасөспірім екен. Қатары 20 миллионға да жетпеген біздің еліміз үшін осы сандардың өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қатер екендігі анық.

Ділназ БАҚБЕРГЕН,

«Абай атындағы үш тілде оқытатын

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған сыныптары бар мектептің»

10«J»сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!