Жаңаөзеннен басталған оқиғаның мұндай күрделі кейіпке енерін ешкім күткен жоқ. Анығы, жиылған жұрт сұйытылған газ бағасына қатысты наразылығын білдіріп, билікпен ымыраға келуге тырысқан.

Көп өтпей, батыстағы экономикалық-әлеуметтік наразылықты қолдаған халық өзге де өңірлерде бас көтеріп, елмен бірге екенін жеткізді. Алайда аз уақыттың ішінде республика көлеміне тараған шеру өзге сипат алып, митинге шыққан топ жөнді-жөнсіз талап қоя бастады. Тіпті, қарапайым халық арасына кірген теріс пиғылды топтар өңірдегі қымбатшылықты өз пайдасына асырып, ел арасына іріткі салумен болды. Алдымен жүгенсіз кеткен лаңкестік топ әлеуметтік желіде жақтас тарту, шеруге шақыру мақсатында бейнеүндеу жасаса, соңы мемлекеттік маңызды нысандарға басып кіріп, тәртіп сақшыларын соққыға жыққан қантөгіске ұласқан еді. Нәтижесі бағамдауға ауыр. Қаншама азамат ажал құшып, қаншама отбасы қара жамылды…

Бүгінге дейін Қазақстан бойынша тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 2 265 адам медициналық көмекке жүгінген. Ең көбі Алматы қаласында – 1 100 адам. Алматы облысында 300-ге жуық, Жамбыл және Қызылорда облысында шамамен 200-ден аса адам зардап шеккен. Қазіргі таңда 719 науқас ауру­ханада жатыр. Оқыс оқиғадан ересек­тер ғана емес, балалар да зиян шегуде. Бұған дейін Алматы­дағы тәртіпсіздік кезінде 4 жастағы қыз көз жұмғаны туралы ақпарат жарияланса, кейіннен 11 жастағы бала оқ тиіп қаза болғаны айтылды. Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын алаңдаушылық білдіріп, деректерді БАҚ өкілдеріне хабарлаған. Сол себепті содырлардың сойқан әрекеті жазасыз қалмауы қажет екені айтпаса да белгілі жай. Олай дейтініміз, ұрпағының қауіпсіздігі мен болашағына алаңмен қарайтын елде ілгерілеу болмасы шүбәсіз. Қауіп пен қатердің жолын бөгегенде ғана бағыт жөнге түседі.

Оқиға салдарынан өңірде ахуал күрделенгенін байқауға болады. Озбыр топтың тепкісіне түскен, оққа ұшқан қаншама азамат ауруханаға жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді. Алайда шерушілердің кедергі келтіруі салдарынан медициналық көмекті дер кезінде ала алмай, жан тапсырғандар қаншама. Соңғы мәліметке сүйенсек, аймақта жаппай тәртіпсіздік кезінде 201 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың ішінде 50-ден астам азамат ауруханада жатыр.

Бұзақылармен болған қақтығыста құқық қорғау органдарының мамандары да көп зардап шекті. Қарулы топқа қарсы тұрып, еліне қорған болған азаматтардың ерлігін ел көрді. Жағдайдың бұлай құбыларын аңдамаған сала мамандары сын сағатта қандай сынаққа болсын дайын екендігін аңғартып үлгерді. Тіпті сол оқиғада 20-дан астам полиция қызметкері жарақат алып, жағдай ушыққаны­мен, олардың басым бөлігі жеке құрам сапына қайта оралды. Мұндай ерлік тыныштық пен ынтымақтың тұрақталуына деген ел сенімін үстегені анық.

Жалпы аймақтағы жағдай біршама оңалғанмен, оқиғаның салдары адам айтқысыз кейіпте. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың дерегі бойынша шеру күшейген 5 қаңтар күні 168 адам қалалық ауруханаға түсіп, 70 адам ем алса, 6 қаңтар күні 14 азамат медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Ең ауыры, олардың қатарында қаза болған азаматтар бар. Бүгінде шеру кезінде жарақат алған 20 адам дүние салса, 26 адам жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болып отыр. Бұл 7 қаңтардағы дерек ғана. Қазір зардап шеккендерге көмек беру үшін барлық аурухана мен жедел жәрдем  станциясы штаттық, күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Жалпы жағдайдың күрделенуі мен науқастар санының артуы басбұзарлардың жедел жәрдем көлігіне кедергі жасауынан туындаса керек. Алматы қаласының өзінде содырлар медицина қызметкерлеріне зақым келтіргенін білеміз. Алматы қаласы комендатурасы ақпараттық орталығы аталған оқиға туралы мынадай дерек берген:

«Террористер қаланың бейбіт тұрғындарының денсаулығы мен өміріне тағы да қауіп төндіріп тұр. Олар медици­налық мекемелердің жұмысына тосқауыл қойып, ауруханаларға жедел жәрдем көлігімен жеткізілген науқастарды, сондай-ақ дәрігерлер мен медициналық персоналды өткізбеді», – деген еді. Сол себепті науқастар санының артуына қақтығыс ғана емес, медициналық көмектің кеш көрсетілуі де түрткі болса керек.

Дегенмен елімізде ахуал тұрақталып келеді. Жер-жер­де әлеуметтік-саяси нысандарды қалпына келтіру, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шаралар жүзеге асуда. Сыр жастары да орын алған жағдайға байланысты «Донор бол!» науқанына атсалысуда. Лаңкестік әрекеттен зардап шеккен жандарға көмектесу мақсатында ұйымдастырылған акцияға қатысуға ниет білдіруші еріктілердің қарасы мол. Осы тұста Сыр елінің белсенді жастары облыстық қан орталығына барып, донор болуда. Нәтижесінде қан тапсырушылар 2-3 есеге артып, тиісінше медицина ұйымдары уақытылы қан компоненттерімен қамтамасыз етілуде. Айта кетейік, бүгінде орталықта 87 маман қызмет атқарады. Олар екі кезең бойынша қанның құрамын толық тексереді.

P.S.Тыныштыққа талпыну ынтымаққа ұйысудан туатыны аян. Бейбіт күннің қадірін білу, ел болашағын жарқын етуге ұмтылу да осы қағиданың шеңберінде ғана жүзеге аспақ. Ел басына түскен қайғылы оқиға осы ұстанымды шайқалтпай, шаттық пен берекені кетірмей, өмір сүруге күш салу қажетін ұқтырған секілді. Елі үшін жан қиып, халықтың тыныштығы үшін жарақатқа төзген азаматтардың бар тілегі де, тілеуі де – бейбітшілік. Ынтымақтың қадірін білген жұрт қана қайта оқ атылмауын, қаны бірдің қан-қасап майданда жолықпауын мақсат тұтады. Біз де осы жолда жұмылсақ, алдан жарқын болашақ күтеріне күмән жоқ.

Берен ШАҒЫРОВ