Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент Тоқаев адами капиталды дамыту мен кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған қаулыға қол қойды. Құжат зерделі ұлт қалыптастыруға,  шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны дамытуға арналған. Оған сәйкес:

1. Мыналар мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып айқындалсын:

  • кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
  • оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолданып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
  • туындылары жас ұрпақты ел Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
  • баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметін ынталандыру;
  • ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) халықтың әртүрлі санаттары, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етсін;

2) жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз етсін;

3) ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттауды, оның ішінде туындыларды сапалы аудару, басып шығару, оқырмандардың кең ауқымды аудиториясына тарату арқылы қамтамасыз етсін;

4) 2026 жылы 1 қыркүйекке дейін “Жылдың 10 оқырманы” республикалық жобасын іске асыруға кіріссін;

5) жасанды интеллектіні дамыту жағдайында 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027 – 2031 жылдарға арналған “Зерделі ұлт” тұжырымдамасын бекітсін;

6) 2027 жылы 1 қаңтарға дейін “Кітапхана және кітап шығару ісі туралы” елдің жаңа Заңының жобасын әзірлесін;

7) 2027 жылы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындасын;

8) 2027 жылы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құрсын;

9) жыл сайын “Зерделі ұлт” тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы президент әкімшілігіне есеп берсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін  Депутат әр жұма мемлекеттік қызметкерлерді кітап оқуға босатуды ұсынғаны туралы жазған едік. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!