Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өңірге ат басын бұрып, бірнеше нысанның цифрландыру жүйесінің жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді.

Министр ең алдымен Қызылорда қаласының №3 қалалық емханасына барып, медицина саласына ерекше назар ауда­ра­тынын бай­қат­ты. Ем­хана­ның цифр­ландыру жүйесімен танысу барысында Бағдат Мусин дәрігерлермен әңгімелесіп, ақпараттық жүйемен жұмыс істеуде қандай мәселелерге тап болатынын сұрап білді.

PACS жүйесінің ерекшелігі неде?

Мекемені аралау барысында министр маммография кабинетіне өтіп, мұндағы аппараттың PACS жүйесіне қалай қосылғанымен танысып, мамандар жұмысын бақылады. Айта кету керек, аталған жүйе пациент ауруының тарихын бірнеше дәрігердің бір жүйеден көруіне, сол арқылы уақытты барынша үнемдеуге септігін тигізеді. PACS жүйесі Қызылорда облысының 13 медициналық ұйымына енгізілген. Сонымен қатар министр  облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдармен тығыз жұмыс істеп, цифр­ландыру бағытын­дағы жұмыс­тарды ілгерілетуі керегін атап өтті. Ем­хана­да науқас­тарға онлайн кеңес беру жүйесі рет­телмеген. Нау­қастар түрлі деңгейде болуы мүмкін: емханаға келіп, тексеріле алмайтын немесе үйінен шыға алмайтын жағдайда онлайн кеңес пен дәрігерге жазылуға мүм­кіндік жоқ болса, денсаулық сақтау саласына сын. Бағдат Батырбекұлы осы жағын қолға алу қажет екенін тілге тиек етті.

Бұдан кейін министр қаладағы халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсенің жұмысымен танысты.Аталған цифрлық кеңседе 2022 жылдың 6 айында азаматтарға 22 129 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Кеңсенің қызмет көрсету құрылымы жақсы екенін мұндағы тұрғындардың қажетті құжаттарын жедел рәсімдеп, кезекке тұру арқылы тәртіппен жүргізіліп жатқан жұмыстан білдік.

Тұрғындарды мазалаған түйткіл

Одан кейін министр Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» өңір тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. «Құрметті Қызылорда облысының тұрғындары! Бүгін мен өздеріңізді толғандырып жүрген өзекті мәселелерді талқылауға келдім. Біздің министрлік өңір халқының әлеуетін арттыруға бар күш-жігерін салады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, биылдан бастап халықпен кездесу жаңа форматта өткізіліп келеді. Ондағы басты мақсат – тұрғын­дармен тіке­лей кез­десіп, өзекті мәселе­лерді тыңдап, «Халық үніне құлақ аса­тын мем­лекет» тұжырым­дамасына сәйкес аза­мат­тар­дың проб­лема­ларын шешуге ықпалдасу.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы осы айдың 15 шілдесінде Заңға қол қойып, элек­тронды құжат­тар­ды қол­дану аясының кеңе­юіне жаңа серпін берді. Енді электронды құжаттар қағаз құжаттармен тең дәрежеге ие.Түрлі мекемелерге барғанда құжаттардың түпнұс­қаларын өзіңіз­бен бірге алып жүру­дің қажеті жоқ. Бұл өте қолайлы», – деді министр.

Тұр­ғын­дар ми­ни­стр­ге өздерін мазалап жүрген сұрақтарды қойып, сауатты, нақты жа­уап ал­ды. Мә­селен, маңызды мәселенің бірі өңірде коммуналдық және авариялық қызметтердің бірыңғай жүйеге бірігіп, төлем қа­был­дауы авто­маттан­дырылғаны­мен жағдайдың түзелмеуі. Сонымен бірге тұрғындардың айтуынша, қоғамдық көлікке енгізілген цифрлық қондырғылар да өз деңгейінде қызмет атқармайды. Осы және өзге де мәселелерді тізбектеп түртіп алған министр жалпы салаға кешенді тексеру жүргізілетіндігін атап өтті.

Осыған қатысты қоғам белсендісі, заңгер Ләззат Бақтыбаева: «Цифрландыру деген желеумен құрылып, халықты әуре-сарсаңға салып қойған жобаның бірі – «Damumed». Қағазбастылықтан арыламыз деген мамандар тұрғындардың медициналық мұрағатынан айырылып қалды. Электронды тіркеліп, жеке куәлікпен ғана емдеу мекемесіне барамыз деген қызылордалықтар бума-бума қағазын құшақтап әлі жүр. «Дамумедтің» ішінде барлық мәлімет тұруы қажет. Бұрынғы кітапшадағы мәліметтер не архивте жоқ, не базада жоқ. Әлі күнге дейін бүкіл МРТ, рентген қағаздарымызды қолға ұстап алып жүреміз. ХХІ ғасырдағы Қызылорда облысының цифрландыруы осы. Ауылдық жерлерде интернеттің әлсіз екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл қашан жолға қойылады?», – деген сұрақ қойды.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру бойынша кейбір салаларда ақау бар. Олар жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынас, денсаулық сақтау саласы және жер мәселелеріндегі қағазбастылық пен бюрократия.

Министрлік құзыретті мемлекеттік орган ретінде осы салалардағы тиісті жобаларды техникалық тұрғыдан жүзеге асыруды өз басқаруына алатын болады! – деді министр.

Ауылдағы интернет жайы

Ал интернеттің нашарлығы –  мемлекеттік мәселе. «Аталған мәселені шешіп, қаржыландыруда қазір әкімдікке де рұқсат берілген заңнама бойынша. Яғни әкімдіктер өз бюджетінің қаражатынан көмек ретінде «өзіміз электр қуатын тартамыз, антенна құрамыз» деп ынта білдірсе, атсалысып бізге көмек бере алады. Өйткені операторлар әр ауылға жетемін дегенше бірталай уақыт өтеді. Сондықтан бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Көп жерлерде интернет сапасы нашар. Бұл жұмысты мен жеке бақылауымда ұстап, байланыс операторларымен бірге пысықтаудамын.

Өткен жылы тексеру жұмыстары144 ауылдық елді мекенді қамтып, оның нәтижесі бойынша 87 ауылда байланыс қызметтерінің сапасы қойылған талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Тексерулерден бөлек біз 250-ден астам тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді 250+ бағдарламасы шеңберінде жылдам кең жолақты байланыспен қамтамасыз ету үшін операторларды ынталандырамыз, мұндай операторларға 90% дейін салық жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ, қала маңындағы мекендердегі байланыс қызметінің және интернетке қолжетімділік сапасына мониторинг жүргізу мақсатында көшпелі іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазіргі заман талабы болып табылатын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, осы кездесуге келгендеріңізге алғысымды білдіремін!» – деді министр Бағдат Мусин.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!