Жанарыс ТҮБЕКБАЕВ, «Business Start» инновациялық жобаларды іске асыру орталығының басшысы:
«Инкубация 1.0» жобасы ‒ жаңа мүмкіндік
‒ Жанарыс, жағдайыңыз қалай? Соңғы кезде университеттегі стартап жобалар жайлы жиі естіп жүрміз. Газет оқырмандарына айтар жаңалықтарыңыз бар ма?
‒ Басты жаңалық ‒ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде облыстағы жалғыз студенттік бизнес инкубатор «Business Start»жастар кәсіпкерлік орталығы жұмыс жасауда. 2017 жылдан бері орталық студенттердің кәсіпкерлік жобаларын үйлестіріп, дамытуға көмек беріп келеді. Қазір орталықта 35 білім алушы өз жобаларын дамыту үстінде. Орталықтың көмегімен студенттік жобаларға 56 миллион теңгеден астам инвестиция берілді.
‒ Стартап жобалардың бір баламасы мүмкіндік тәрізді. Өйткені студенттер үшін қолдау қашанда қажет. Айтыңызшы, жастарды қолдау мәселесіне көңіліңіз тола ма?
‒ Қазір жастар кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы мүмкіндік өте көп. Мемлекеттік бағдарламалар мен байқаулар, халықаралық және өңірлік гранттар жастардың кәсібін дамыту мақсатында берілуде. Мысалы «БДЖК-2025» бағдарламасы аясында облыс жастары үшін 2-5 миллион аралығындағы қайтарымсыз гранттар байқауы жүргізілуде. Одан бөлек Ішкі саясат басқармасы және біздің орталықтың ұйымдастыруымен Кбх-стартап облыстық жобалар байқауы өткізілді. Қазір орталық студенттер үшін «Инкубация 1.0» жобалар маусымын бастады. Маусым аясында жастар үшін кәсіпкерлік білімді дамыту, жобалық менеджмент пен инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі.Жалпы өңір жастары үшін кәсіп бастауға қолайлы жағдай жасалған. Оған кеңес беруден бөлек, қаржылай қолдау және салықтық мораторийді жатқызуға болады. Бірақ бұл жайттың екінші жағы бар. Кәсіпкер болу – туа бітті пайда болатын қасиет. Барлық адамды жаппай кәсіпкер қылу – көп жағдайда олардың бәсекелестікке шыдамауына, масыл кәсіпкер болуына алып келеді.
‒ Қателеспесем, жыл сайын стартап жобалар іріктеледі. Жаңа идеялар нәтижесі қандай?
‒ Жыл сайын өткізілетін маусымдар мен байқаулар нәтижесінде жастар әр түрлі саладағы жобаларды жүзеге асыруда. Жаңа идеялар көбіне стартаперлердің жеке қасиеттеріне байланысты. Сол себептен біздің студенттер білім беру, қызмет көрсету саласында белсенді жұмыс жүргізуде. Бірақ аймақта жастардың дәстүрлі кәсіпті таңдауы, инновациялық ІТ жобалар саны өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда төмен. Сол себепті біздің осы жылғы басты жоспарымыз – ІТ жобаларды дамыту.
‒ Мұндай стартап жобалардың басы-қасында жүргеніңізге қанша уақыт болды? Өзіңізде де студент кезіңізде стартап жобаларға қызығушылық болған тәрізді…
‒ Кәсіпкерлік саласына келгеніме үш жыл болды. Бұл салаға қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Сол кезден осы уақытқа дейін кәсіпкерлік саласын меңгеріп, қазіргі таңда медиа және білім саласында кәсіп жүргізудемін. Қазір басшылық етіп отырған екі жобам стартаптан басталды. Жеке қаражатсыз-ақ студенттік кезде алғашқы сатылым жасадым.
‒ Қазір жастарды «телефоннан бас алмайды, кітап оқымайды» деп кінәлап жатады. Ал сіз жастардың мүмкіндігін қалай бағалар едіңіз?
‒ Жастар кітап оқиды, ол қағаз болсын, электронды болсын, бастысы жастар білім алып келеді. Бірақ бұл қатардағы жастардың саны аз. Көбіне жастар кітап пен смартфонның мүмкіндігін түсінбейді әрі толық пайдаланбайды. Бұл жағдай мені де алаңдатады. Қазір білімге де, жұмысқа да мүмкіндік өте көп, бірақ оны қолдана білетін жастар өте аз.
‒ Қай кезде де жаңа дүние қызығушылық тудырады. Сондықтан оқырмандар үшін алдағы жобалар жайлы да ой бөліссеңіз…
‒ Қазір біздің бизнес-инкубатор Astana Hub халықаралық технопаркімен тығыз байланыс орнатты. Серіктестік аясында ІТ және инновациялар саласындағы жобалар үшін өте көп мүмкіндік әзірленуде. Сол мүмкіндіктерді жіберіп алмас үшін біздің @business.qorqyt инстаграм парақшасына міндетті түрде тіркелген жөн.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!