IT туралы тарқатқанда көптің ойына бірден Кремний алқабы, әлемдік алпауыттар мен шетелдік стартаптар келеді. Ал шын мәнінде, қазір Қазақстанның өзінде жастардың қолынан туған тың жобалар елдің цифрлық болашағын қалыптастырып жатыр. Соның бірі – қызылордалық дарындар қолға алған Hub Tech ІТ студиясы.

Оның негізін қалаған жас IT-әзірлеуші – Ғұбайдулла Орынбеков. Әуелде шағын идеядан басталған бұл бастама бүгінде білім беру, бизнес, ғылым мен мемлекеттік секторға арналған 10-нан астам жобаның дамуына үлес қосып, онлайн оқытуға арналған интеллектуалды жүйе жасап, кросс-платформалық қосымшаларды жүзеге асырған. Ғұбайдулланың айтуынша, студияның басты мақсаты – ақылды технология арқылы қоғамға пайда әкелу.

Hub Tech-тің жұмысын сырттай қарасаңыз суденттерден құралған шағын команда. Дегенмен олардың бағыты, жұмыс істеу принциптері ерекше. Олар «бизнестен бөлек білім беру саласына серпін берсек» дейді. Мысалы ғалымдардың зерттеу жұмысын жариялайтын «vestnik.ouk.kz» платформасы, студенттерге психологиялық қолдау көрсететін «psyhology.ouk.kz» пен «pedpsychology. kz» секілді порталдар жасаған. Ал TilTұлға, LearningCraft, MathEasy секілді ойын түріндегі қосымшалар бастауыш сынып оқушыларына тіл мен математиканы жеңіл әрі қызықты үйретеді.

Бизнестің дамуына арналған шешімдер де тасада қалып жатқан жоқ. Өңірлік брендке айналған «Табиғи» кулинарлық майына арналған «Tabigi-mai.kz» сайтын жасап жүргізсе, қаламыздағы Venera Print баспаханасына лендинг жасаған. Ал «birbilim.kz» болса тапсырыс беруші мен орындаушыны байланыстыратын онлайн алаң. Яғни Hub Tech кәсіптің дамуына жол ашады. Ал қоғамға пайдасы мол әлеуметтік жобалары мүлдем бөлек әңгіме. Мысалы жасанды интеллект негізінде AI Medical Telegram Bot жасаған. Атауы да айтып тұрғандай, бұл ‒ медициналық көмекші. Мұнан бөлек экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған Eco Qogam мен мемлекеттік мекемелердің ішкі жұмысын реттейтін Smart Kyzmet платформасы бар.

Өткен жыл команда үшін оңтайлы болды десек, қателеспейміз. Студенттерден құрылған команда түрлі хакатон мен байқауға қатысып, бірнеше мәрте жеңіске жеткен. Былтыр олардың жылдық табысы 2 миллион теңгеге жуықтап, әлеуметтік желідегі контенттері он екі мыңнан астам қаралым жинаған.

Айта кеткен жөн, Hub Tech-тің ең үлкен күші – командасы. Frontend пен python әзірлеуші, жасанды интеллект зерттеушілері, қауіпсіздік инженері, дизайнер – әртүрлі бағыттағы маман болса да, ортақ мақсат үшін жұмыс істейді. Жас та болса, әрқайсысы өз ісіне берілген. Мысалы Аяжан Әділқасын – frontend әзірлеуші. Ол кез келген жобаның «бет-бейнесін» жасап береді. Қолданушы қосымшаны ашқанда бірінші көретіні – интерфейс. Аяжанның қолынан шыққан жұмыс ыңғайлылығымен, заманауи стилімен көзге түседі. Ал Ернұр Қанат python әзірлеуші әрі жасанды интеллект инженері. Оның алгоритмдері күрделі есептерді жеңілдетеді. Жобаның «миы» десек те болады. Ернұр ЖИ-дың нақты нәтижелі болуына, деректерді дұрыс өңдеуіне жауапты. Әзірлеуші Шұғыла Нұрғалиева өнімнің тартымдылығына да жауап береді. Әр жобаның визуалды стилін қалыптастырып, заманауи трендтерді үйлестіріп отырады. Жан Гадильшин – ЖИ талдаушы әрі әзірлеуші. Ол үлкен көлемдегі деректі зерттеп, тиімді модель құрады. Ал Толғанай Жақсыбай мен Джаниель Мейрамбекқызы жасанды сананы мәліметтермен «қоректендіріп», нақты өмірде пайдалы болуын қадағалайды.

Келесі қадам – қауіпсіздік. Қандай мықты жүйе жасалса да, егер қауіпсіз болмаса, құнсыз. Ал дәл осы қауіпсіздікке инженерлер, яғни Нұрбек Әбілдаев пен Нұрбол Оналбеков жауап береді. AI policy expert Азамат Дәрменбаев технологияның тиімділігіне, қоғамға қауіпсіз болуын қадағалайды.

Жоғарыдағы мамандардың жұмысы реттеліп, өнім дайын болғанда mobile developer Ілиас Әбдіқадір жобаны түйіндейді. Ол дайын дүниенің қолжетімділігі мен кеңінен таралуына ықпал етеді. Міне, Hub Tech – әрқайсысының қолтаңбасы бар, бір мақсатқа жұмылған жас мамандардың ортақ алаңы.

Командамен кездескенде жастардың қызу еңбегін бірден байқайсыз. Бір бұрышта ноутбугіне үңілген Ернұр кодтың соңғы жолдарын тексеріп отырса, екінші жақта Аяжан интерфейстің жаңа үлгісін әріптестеріне көрсетіп әлек. Үстел үстінде шашылған қағаздар мен сызбалар, қабырғада алдағы жобалардың жоспар-кестесі ілінген. Қарап тұрсаңыз, қарапайым студенттер. Бірақ олардың жұмыс істеу қарқыны, идеялары мамандардан әлдеқайда өзгеше.

Ал болашаққа жоспарлары тіпті биік. Ғұбайдулланың айтуынша, студия EdTech бағытындағы өнімдерді дамытуға басымдық береді. Яғни балалар мен студенттерге арналған жаңа цифрлық оқыту құралдарын жасайды. Сонымен бірге жасанды сананы күнделікті өмірге бейімдеп, қарапайым адамдарға қолжетімді етуге күш салмақ. Әңгіме барысында жаһандық деңгейде мойындалған жобалар шығарғылары келетінін де атап өткен еді.

Сұхбаттан түйгеніміз, команда үшін ең бастысы – пайда табу ғана емес, қоғамға пайда әкелу. Осы ұстаным оларды биікке жетелейтіні анық. Hub Tech ертеңгі күні қазақстандық цифрлық кеңістіктің жаңа бет-бейнесін қалыптастыруы әбден мүмкін.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!