Аймақтағы ахуал тұрақталып келеді. Десе де төтенше жағдайдан кейінгі шығындарды қалпына келтіру, қауіпсіздікті сақтау басты назарда.  Жағдайды қалыпқа келтіруге билік өкілдері мен халық жұмыла атсалысуда. Нәтиже жоқ емес.

Азық-түлік тапшылығы жоқ

Мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі азық-түлік қорында тапшылық жоқ. Банкоматтар бойынша «Каспи» мобильді қосымшасында интернетсіз аударым жасалуда, «Halyk Bank»-тің облыстағы 60 банкоматы жұмыс істеп тұр. 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Тұрақтандыру қорының қоймасында 1448 тонна өнім сақтаулы. Апта сайын 120 автокөлік Түркістан қаласынан азық-түлік тауарларын тасымалдауда.

Тіршілікті қайта қалпына келтіру жұмыстары өзге өңірлерде де қарқынды. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырмалар берді. Президент тапсырмасында мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу керектігі айтылған. Осы ретте Қазақстанның барлық өңіріндегі ірі сауда желілері мен супермаркеттерде әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерін, газ, бензин, дизель отыны, такси қызметтері мен агрегаторлар қызметтерін қымбаттату деректері бойынша өтініш қабылдайтын «жедел желі» ашылғанын айта кеткен жөн. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ашқан «жедел желіге» Қызылорда облысының тұрғындары 8 (7242) 27 55 59 нөмерімен байланыса алады. Бағаны белгілеу және ұстап тұру, тауар өндіруді не өткізуді негізсіз шектеу, сондай-ақ тауарға жасанды тапшылық жасау бөлігінде үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану деректері ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабы бойынша сараланатынын жеткізді. Шағын немесе орта кәсіпкерлік нысандары үшін монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған түсімнің 3 пайызы, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 5 пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескертті.

Мемлекет басшысының тапсырмасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу мәселесі де қарастырылған. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды. Айта кетейік, осыған дейін Алматы қаласында төтенше жағдай уақытын көздеген алып-сатарлар нанды 300-380 теңгеге сатқаны жайлы дерек тіркелген еді. Билік өкілдері аталған қаладағы әлеуметтік нан тапшылығын 3-4 күн ішінде шешуге уәде бергені туралы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының жетекшісі Еркебұлан Оразалин өткізген брифингте айтылды.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісуді, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыруды, Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыруды тапсырды.

Терминалдар қолжетімді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, ЕДБ-де (екінші деңгейдегі банктер) жалақы, зейнетақы, жәрдемақыларды есептеу және алу, банктік қызметтерді ұсыну секілді негізгі банктік сервистер үздіксіз жұмыс істейді. Қаржы ұйымдарының банкоматтары мен терминалдары қолма-қол ақшамен толық көлемде қамтамасыз етілген. Интернет желісіндегі ақауға байланысты банктік қосымшалар мен төлем терминалдары жұмысында уақытша үзілістер бар екені ескертілді.

Осы орайда департамент «Әлеуметтік желіде несие кешірілетіні туралы тараған ақпарат жалған екенін ресми түрде мәлімдейміз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен ҚР Ұлттық Банкі азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», ‒ деп толықтырды.

Ал «Halyk Bank» бірқатар өңірлерде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты банктің филиалдары мен банкоматтарының жұмысына шектеу қою мүмкін екенін айтты.

«Сіздерге «Halyk Bank» және оның барлық жүйелері, соның ішінде банкоматтар, «Halyk Homebank» жеке тұлғалары мен «Onlinebank» заңды тұлғаларына арналған банктік өтінімдер әдеттегідей жұмыс істеп тұрғанын хабарлаймыз. Бірқатар өңірде төтенше жағдайдың енгізілуіне байла­нысты банк фи­лиал­дары мен банкомат­тарының жұмысында шектеу болуы мүмкін», ‒ дейді мамандар.

Бұған қоса «ЦентрКредит банкі» қайтыс болған тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлердің отбасыларына көмек көрсететіні хабарланды.

«ЦентрКредит банкі» қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 миллион теңге көлемінде көмек көрсетуге және бұрыннан бар несиелерін есептен шығаруға дайын. Банк қызметтік операция кезінде қаза тапқан әскери қыз­мет­ші­лер мен құқық қорғау орган­дары­ның қыз­мет­кер­лерінің отбасы­лары мен жа­қын­да­ры­на қайғы­ларына ортақтасып көңіл айтады», ‒ делінген хабарламада.

Бұған дейін банк жағдай тұрақталып, байланыс қалпына келгендіктен барлық клиент үшін сыйақы мен өсімпұлсыз несие төлемдерін ұзарту туралы хабарлаған болатын. «Halyk Bank» те қайтыс болған тәртіп сақшыларының отбасына әрқайсысына 5 миллион теңгеден бөлетін болды.

Шығын көлемі есептелуде

«Атамекен» ҰКП баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнеске келтірілген шығын көлемі 93,7 млрд теңгеден асқан.

Оған қатысты байланыс орталығына 2774 қоңырау түскен. Соның ішінде мародерлық мәселелері бойынша – 1406, форс-мажор – 39, блок-бекеттер – 2, зардап шеккен кәсіпкер­лерді қолдау қоры бойын­ша – 3, жеке тұлғалардан түскен қоңыраулар саны – 1324. Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы таратқан мәліметке сай, елдің 9 өңірінде 1488 нысанда орналасқан 1 319 зардап шеккен бизнес субъекті анықталды. Соның ішінде Алматы қаласында – 1399 объектіде орналасқан 1234 субъект бар. Зардап шеккен бизнес салалары да аз емес (сауда – 1245; қоғамдық тамақтану – 25; қаржы секторы – 37; логис­тика – 9; БАҚ – 2). Шығын­ның жалпы сомасы алдын ала есепке сәйкес 93,7 млрд теңгеден асқан.

Деректер бойынша тонаушылар 100-ден астам ірі сауда нысаны мен банкті тонап кеткен. Алдын ала келтірілген шығын 87 миллиард теңгеден асады. Құзырлы органдардың беделіне нұқсан келтіру мақсатында қылмыс­керлер поли­ция қыз­мет­кер­лерінің, әскери қыз­мет­кер­лер­дің киімін киіп, заңсыз әрекеттерге барған.Сауда желілері одағы Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезіндегі ретейлердің шығындарына қатысты алдын ала мәліметтерді ұсынды. «Ретейлердің нақты шығынды бағамдау әзірше қиын. Есептеу, нақтылау қажет» деді одақ мүшесі Дмитрий Шишкин.

Оның дерегінше, сауда желілерінің шығындарына қатысты алдын ала мәліметтер мынадай: «Magnum, MagnumCash&Carry» ЖШС – жалпы 23 дүкен бүлінді. Оның ішінде 12 дүкен тоналып, 13-і зақымданды. Алдын а­ла жалпы шығын шамамен 8,5 млрд теңгені құрайды.

«Технодом», «TechnodomOperator»ЖШС – Алматымен Талдықорғанда 14 дүкен зардап шекті. Шығын – 5,5 млрд теңге.«Sulpak», «Arena S» ЖШС – Алматыда 11 дүкен тоналды. Шығын – 5,14 млрд теңге. «Gulser Computers, Alser» ЖШС – Алматыдағы 7 дүкен 1 млрд теңге зардап шекті. «Спортмастер Қазақстан» ЖШС, «Остин» ЖШС – Орал, Алматы және Шымкетте 20-25 дүкен бүлінді. Келтірілген шығын 3 млрд теңгеге бағаланып отыр. «Mon Amie» – Алматыда 8 дүкеніне шабуыл жасалды. Шығын есеп­теліп жатыр. «Ин­тер­топ», «Эврика»  шығыны 50 млн теңге шама­сын­да. «Алсер» – шығын 1,5 млрд теңге. «K&K GmbH, Kimex/Gracie» ЖШС-ның Алма­тыдағы 11 дүкені бүлінді, шығын – 1 млрд теңге.

Зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері өсті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7%-ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5%-ға өскенін айтады.

«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға ілгерілеп арттырылды. Бұл ретте жасы бойынша ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 302 теңгені құрады. Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5%-ға арттырылды. 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері 19 450 теңгені құрайды. Нәтижесінде базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшері 1 қаңтардан бастап 65 752 теңгені құрайды. Бұл өсім 2,2 млн зейнеткерге қатысты.

Бұдан басқа ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты жәрдемақылардың мынадай түрлері 5%-ға арттырылды: мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, I топтағы мүгедекке күтім жасайтын отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты 1 қаңтардан бастап келесі жәрдемақылардың мөлшері 5%-ға артты.

Сонымен қатар оның қатарында №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдем арнайы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы бар.

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға сәйкес МӘСҚ-дан еңбек ету қабілетінен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 5 пайызға арттырылды деген дерек бар.

Бетті дайындаған:

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА