Байқағанымыздай, бүгінде жасанды жаңбыр құрғақ уақытта өріс суарып, тілсіз жау жайласа, өртті сөндіруге сеп. Тіпті, Қытай билігі бұған дейін құрғақшылықтың бетін қайтару әрі астық түсімін арттыру мақсатында ел аумағының 56 процентінде ауа райын жасанды жолмен басқаруға көшетінін хабарлады. Қолға алған жобаларының мақсаты – климаттық өзгерумен күресу, аймақтағы жауын-шашынның мөлшерін 10 миллиард текше метрге дейін арттыру. Ол Қытайдағы жылдық судың шамамен 7 процентін құрайды. Осылайша қытайлықтар «бұлтты қалауына қарай пайдаланатын» оншақты елдің қатарына енді. Жоба шеңберінде Тибет үстіртіне қатты отынмен жанатын мыңдаған камера орналастырылады. Жану кезінде ауадағы су молекулалары үшін конденсат ретінде жұмыс істейтін күміс йодид шығады. Соның әсерінен қар немесе жаңбыр себелей бастайды. Бұл тәжірибені қытайлықтар 2008 жылы ел аумағында өткен Олимпиада қарсаңында табысты іске асырған. Ғалымдар 2035 жылға қарай жоба құрғақшылықтың немесе арты селге айналатын қалың нөсердің бетін қайтаратын, өртті өшіруге септесетін, яғни табиғи апаттардың алдын алуға көмектесетін күшке ие болады деген пікірде. Бір-екі жыл бұрын Қытай билігі  жобаның жүзеге асуына ықпал ететін құрал-жабдықтарға 168 млн доллар жұмсалды деген ақпарат жариялады. Тағы бір мысал, бұл технология Ресейдің Якутиядағы, Иркутск облысында және Краноярск аймағында болған орман өртін сөндіруге үлкен көмек тигізген. Біріккен Араб Әмірлігі бұл мәселеге көп көңіл бөлуде. Бұған дейін елде бұлтқа тұз шашу арқылы жасанды жаңбыр жауды, алайда бұл елдегі құрғақшылықты одан әрі қиындатты деген ақпар бар. Ендігі жерде Дубай электр қуатының көмегімен тұщы жаңбыр жаудыру жобасын қолға алып отыр. Құны 15 млн доллар тұратын жоба бұлттан жауын-шашын өндіруді көздейді. Арабтар химиялық қосылыстарды емес, бұлттағы электр разрядтары арқылы жаңбыр тудыруы мүмкін дрондарды пайдалануда. Нәтижесінде биыл жаздың 50 градус ыстығында әр ауданда жауын жауа бастады. Әмірліктегі «Марказ әл-Асифа» ауа райын болжау порталы ұсынған мәліметке сай, сынақтарды Дубайдағы SANAD академиясы ұлыбританиялық Рединг университетінің ғалымдарымен бірге өткізеді. Сондай-ақ америкалық ғалымдар бұған дейін БАӘ жерінде бұлттың тұрақтап қалуы үшін тау жоталары қажет екенін алға тартқан болатын. Егер бұл зерттеулер шындыққа жанасса, ел басшылығы жасанды тау қыраттарын тұрғызуға да қаржы бөлуге қауқарлы.

Озық тәжірибелерден біздің ел қалыс емес.Биыл отандық ғалымдар БАҚ-та ел аумағында жауын-шашынды көбейтуге қатысты зерттеулерін бөлісті. География ғылымдарының докторы, профессор Александр Чередниченконың ғылыми зерттеулері негізінде «Изменение климата Казахстана и возможности адаптации за счет доступных водозапасов облачности» монографиясы жарияланды.Зерттеу нәтижесі бойынша елдің солтүстік өңірлерінде ғана жасанды жауын-шашын жаудыруға мүмкіндік бар, ал қалған өңірлерде бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді деген қорытынды шыққан. Өкініштісі, Аралды жасанды жауын-шашын жаудыру арқылы құтқару мүмкін емес. Бірақ бұл мәселе болашақта шешім табуы мүмкін. Мәселеге қатысты құзырлы мекеме – «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев мынадай пікір білдірген.

– Жаңбырды жасау технологиялары өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері белгілі және бүгінде әлемде жауын-шашын мөлшерін көбейту технологиясы бар. Алайда бар бұлтты қолдана отырып жауын-шашын мөлшерін ұлғайтуға болады, яғни белгілі бір аймақта жауын-шашын болатынын алдын ала білген соң, сол бұлттардың санын арнайы технология көмегімен көбейтеді. Ал жоқ бұлтты басқа жақтан алып келе алмаймыз. Ғалымдардың зерттеуі бойынша егер бар бұлтпен дұрыс жұмыс жасалса, онда жауын-шашын мөлшерін 10-15 процентке арттыруға мүмкіндік көбейеді. Қазақстанға келер болсақ, елімізде оның негізі енді қаланып жатыр, – деді орталық директоры.

Елдің құрғақ аймақтарында қолдан жауын жаудыруды маңғыстаулық кәсіпкерлер ұсынған болатын. Шаруалар қуаңшылықтан мал талғажау қылар шөп таппағанда ғылымның көмегіне жүгінуді жөн деп тапты. Бұл ретте климатты өзгерту технологиялары саласындағы халықаралық жоба бастаушысы Алтай Айнабек: «Біз ауа райын басқара аламыз. Ол үшін қомақты қаржы қажет», – деп қысқа қайырды. Осылайша жаңа жоба Маңғыстауда тамыз айында қолға алынған болатын. Бұл мақсатта «Грант Қазақстан» корпоративтік қорының «Central Asian Center of Climate Change Technologies» серіктестігі мен әкімдік арасында 13 айға 3 жақты келісім жасалған. Деректерге сүйенсек, облыс аумағында қазір үш құрылғы орнатылған. Қыркүйекте Құрықтағы құрылғы қосылғаннан кейін арада бір күн өткенде Ақтауда жауын жауды. Бұл сынақ ретінде қолданылды. Аспанда бұлт болмады. Дегенмен ауа ылғалдығы жоғары болған. Жоба құны – бес млн еуро. Оның 3,8 млн еуросы жобаны жүзеге асырушылар тарапынан салынған инвестиция болса, қаржының қалған бөлігі жергілікті демеушілер есебінен беріліп отыр.

Таяқтың екінші ұшы бар. Бұған дейін Еуропа, Қытай және Үндістанда су тасқыны орын алды. Кейбір желі қолданушылары бұл оқиғаны Арабияда болған соңғы жаңбырмен байланыстырып отыр. Десе де, ғалымдар екі оқиғаны қиыстыруға негіз жоқ деп сендірді. «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев: «Адам табиғат алдында әлсіз және табиғатқа қарсы келе алмайды. Себебі, жасанды табиғи апатты жасауға қатысты эксперименттердің соңы қайғылы болуы мүмкін. Сондықтан оған ешбір ғалым тәуекел жасай алмайды», – деді. Ресейлік ғалым, РҒА корреспондент-мүшесі Аркадий Тишков та табиғатпен «арпалысу» қауіпті екенін қаперден шығармауға шақырады және ол осы жылы тақырыпқа қатысты арнайы мақаласын да жариялады.

– БАҚ беттерінде БАӘ ғалымдары бұлттарға электр разрядтарын жіберетін дрондармен жаңбырды шақыру технологиясын сынап көрді деп хабарланды. Ресейде де жасанды жауын-шашын бойынша зерттеу ұзақ уақыт бойы жалғасуда және ол құрғақ аймақтар үшін маңызды екеніне дау жоқ. Бірақ елдің орталық аймағында жасанды жаңбырға қатысты тәжірибе жасамас бұрын оң және кері әсерді асықпай, жан-жақты бағамдау керек деп есептеймін. Табиғаттағы барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста, тепе-теңдікті сақтау керек және оны жиі түрткілеудің қажеті жоқ. Мәселен, бір жерде су тасқынын тоқтатсақ, бір жерде өзеннің ағысы баяулауы мүмкін. Әлемнің көптеген елінде табиғи апат болып жатыр. Еуропада су тасқыны, ал бір жерде қорқынышты орман өрті өршіп, барды жоққа айналдырды. Осыны ескеру керек, – деді ғалым жазбасында.

Айлин МАНСҰРҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!