Өңірдегі экологиялық жағдайына арналған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен маңызды басқосу өтті. Табиғи ортаның бүгінгі жай-күйі жан-жақты сараланып, қордаланған мәселелерді шешудің нақты жолдары талқыланды.
Жиын барысында сарапшылар мен қатысушылар өңірдегі экологиялық ахуалдың күрделілігіне ерекше тоқталды. Әсіресе, Арал өңіріндегі жағдай кеңінен сөз болды. Теңіз суының тартылуы, топырақтың тұздануы, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар халық денсаулығына, ауыл шаруашылығының дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін факторлар ретінде бағаланды.
Кездесу барысында Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы таныстырылды. Заманауи технологияларға негізделген бұл бастама өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға тың серпін бермек. Сонымен қатар, алдағы кезеңде аудан орталықтарында да қоқыс өңдеу нысандарын кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отырғаны атап өтілді.
Облыстағы елді мекендердің санитарлық жағдайы да назардан тыс қалмады. Бүгінде өңірде 145 ауылдық елді мекен бар. Олардың әрқайсысында қоқыс тастауға арналған арнайы жер телімдері белгіленгенімен, барлығы бірдей талапқа сай емес. Қазіргі таңда шамамен 70 ауылда ғана полигондар қоршалып, ретке келтірілген. Қалған елді мекендерде қоқыс орындарының толық жабдықталмауы, қоршалмауы бей-берекет қоқыс тастауға әкеліп, қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отыр.
Жиын барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Табиғатқа жанашыр көзқарасты қалыптастыру – ең алдымен жас ұрпақ тәрбиесінен басталатыны айтылды. Осыған байланысты 8-11 сынып оқушыларын өңірде өткізілетін тазалық акцияларына кеңінен тарту ұсынылды. Мұндай бастамалар жастардың жауапкершілігін арттырып, еңбекке баулуға және қоршаған ортаға деген қамқорлық сезімін нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екеніне тоқталды. Ұсынылған бастамалар мен пікірлер алдағы уақытта нақты іс-шараларға ұласып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталмақ.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!