Жер бетінде қордаланған экологиялық мәселелердің себепкері де, оларды жоятын да – адамдар. Сол үшін де табиғаттың тазалығына, жұтатын ауаның өзіне әрқайсысымыздың үлесіміз бар. Ғаламдық мәселеден еліміз де қалыс емес. 2018 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда 483 755,5 тонна пластик қалдықтары пайда болған. Сол жылы 9079 тонна пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қаптамасының қалдықтары сұрыпталған.

Бұл пайда болған қалдық көлемінің 18 процентін ғана құрайды. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы полигондарда пластикті көмуге тыйым салынды.

Қоқысты пайдаға жаратып, жаңа өмір берудің көрінісі – оларды қайта өңдеу. Алайда еліміз бойынша қоқысты өңдеуден бұрын ең қарапайым оларды тастағанда құрамына қарай бөлек жинап, сұрыптау мәдениеті де қалыптаспаған. Өңірде қоқысты қайта өңдеу қаншалықты қарқын алған? Пайдасы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын Қармақшы ауылының тұрғыны, кәсіпкер Азамат Тұрақовтың қолға алған ісінен табуға болады.

Экологиялық қоқыстарды сұрыптап, өңір тазалығын өз кәсібімен ұштастырып жүрген кәсіпкер аудан орталығы мен елді мекендерден қағаз, полиэтилен, пластик қалдықтарын жинап, сұрыптап, арнайы орынға өткізеді. Аталған кәсібін жандандырып, қоғамға пайдалы қызмет көрсету үшін арнайы бизнес жоспар жасаған ол мемлекеттен грант ұтып алған.

 – Полиэтилен пакеттерінің келісін 60 теңгеден қабылдап, қаладағы орталыққа 140 теңгеден өткіземін. Ал қағаз картондарды 10 теңгеден алып, 50 теңге, пластик бөтелкелерді 50 теңгеден алсам, 90 теңгеден қабылдайды. Аудан бойынша тұрғындардан, сауда орындары, азық-түлік дүкендерінен түрлі қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жиып, жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік бар. Міне, осы жобамды қорғап, былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдармаламасының гранттық қолдауы бойынша 2,2 млн теңге грант ұтып алғанмын. Жиналған қалдықтарды сығып, арнайы қалыпқа келтіретін аппарат сатып алдық. Тағы дәл осындай құрылғы алу жоспарда тұр, – дейді кәсіпкер.

Аудан бойынша қалдықтарды жинап, қайта өңдеу орындарына тұрақты өткізіп отыруды қолға алған Азамат Сардарбекұлы – 26 жаста. Қармақшы ауылында дүниеге келген кәсіпкердің қызметі көпшілікке елеусіз көрінгенмен бүтін бір елдің, ғаламның мәселесіне қосар «тамшыдай» тұрақты әрекетімен тамса, тас тесер дәрежеге жететіні анық. Азаматтың кәсібінің көлеңкесінде табиғатқа деген адалдық пен тазалықты сақтауға деген жауапкершілік жүгі бой береді.

– Бізде Алматы, Астана сынды үлкен қалалардың өзінде қоқысты сұрыптау мәдениеті енді қалыптасып, әдетке айналып келеді. Мәселен, Еуропаның барлық елінде қалдықты жинау, сұрыптау мәдениеті қалыптасқан. Ондағы тұрғындар бұл тәртіпке бағынбайтын болса, міндетті түрде айыппұл төлейді. Қағаз және арнаулы белгісі бар тез өңделетін заттар жеке-жеке контейнерлерге салынуы тиіс. Адам ағзасында жинақталған бір реттік пайдаланылатын ыдыс, пластиктердің әсері бауыр, бүйрек аурулары, онкология сынды дертке шалдықтырады.

Жай ғана су жағасында іші қоқысқа толы 15 полиэтилен қалтаның шашылып жатқанын елестетіңізші. Сол 15 қалтаның биоыдырауға ұшырап, толықтай жойылып кетуі үшін орташа есеппен 450 жыл қажет екен. Сондықтан қызылордалықтарды қоқысты тастамай, сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыруға шақырамын. Бұл – сіз бен біз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды мәселе, – дейді Азамат Сардарбекұлы.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!