Облыс орталығындағы “Арай” мөлтек ауданының тұрғындары әлеуметтік желіде ауыз су сапасына байланысты жыл басынан бері мәселе көтеріп келеді. Табиғаттың кәусар байлығын тұтынуға үрейленіп қалған. Тіпті, осы уақыт аралығында денсаулығымызда да кінәрат болды деп мұңын шағуда тұрғындар. Қаңтардан бері сапалы қара суға жете алмай жүрген тұрғындар мәселесін зерделеген едік.

Мөлтек аудандағы көпқабатты үй тұрғындарының бірі Бақтияр Оспанов үш айдан бері өзгеріссіз лас су ағып тұрғанын айтады. Мамандар тазалау жұмыстарын жүргізеді, бірақ іле-шала ауыз су сол лас күйіне қайта түсетін көрінеді.
– Қатты айтсақ, туған жерге тіліміз тиіп кете ме деп қорқамын. Бірақ балаларымыздың, ұрпағымыздың саулығын ойласақ, көшкеннен басқа нұсқа көріп тұрғаным жоқ. Үстіміз қышып жүр, ішіміз ауырып жүр деген балаларымызға не деп жауап қатарымызды білмейміз. Егер Алланың сынағы болса бұл өзге ықшам аудандарға көрінбейтін не деген сынақ?! ХХІ ғасырда отырып, біз неге құм-тат ішуге міндеттіміз?! Құрғақ уәдешілдерден шаршадық. Біз – өз қаламыздың патриотымыз. Бірақ біздің патриоттығымыздан қақ-құм ішіп, бала-шаға қырылу керек пе? – дейді аталған мөлтек ауданның тұрғыны.
Бұл аумақта Бақтияр Оспанов тәрізді жүздеген тұрғын осы күйді кешіп отыр. Мәселенің жай-күйін зерттеу мақсатында біз «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне ат басын бұрдық. Мекеменің бас инженері Наурыз Баярыстановпен тілдесіп, шешімін сұрадық.
– Дарияның жағасында «Арай» ұңғымалар топтасқан су құбыры бар. “Арай-2”, “Арай-3” көпқабатты үйлері, “Арайдың” жер үйлері, сол жағалау, Демесінов көшесі – осы аумақтың барлығын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Тұтынушылардың шағымы осы аумақтағы судың сарғайып, бұзылып кетуінен түсуде. Осы жылдың 9-11 қаңтары аралығында біз бұл құбырды, резервуарды тазаладық. Сол уақытта бұл мәселе шешілгендей болды. Су тазарды. Бұл жерде айта кететін жағдай 2,8-3 атмосфераға дейін көтереміз. Бұл 28-30 метр биіктікке көтеріледі деген сөз. 1 метр жерге 2,8 килограмм су беріп тұрмыз. Қысым түсіп кеткен сәтте біз оны көтеруге жұмыс істейміз. Осы аралықта қыста түскен шағым қайта бас көтере бастады. 18-21 наурыз аралығында тағы да шағым түсті. Енді біз 30 мамырдан 31 мамырға қараған түні тағы да толық суды тоқтатып қойып, «Арай» ұңғымалар топтамасына тазалық жұмыстарын жүргіздік. Басы-қасында өзім болдым. Ал суды қосып, қысымды көтергенде бұрынғы мәселеміз тағы да алдымыздан шықты. Осы лас судың қай жағынан келетінін таба алмай жүрміз. Су қоймасы таза, құбыр таза, ал тұрғындардың үйінен ағатын кезде ластанып кетеді. Енді біз 420 сантиметрлік су жолын тазаладық. Осы жолды тазалағаннан кейін лас судың қарқыны бәсеңдеген тәрізді. Жан-жақтан тексеріп жатырмыз. Сол жағалаудан да, «Арай» мөлтек ауданына да су ағызып тексердік. Барлығы таза, – дейді Наурыз Елубайұлы.
Әйтсе де, тазалық жұмыстарынан соң тұрғындар судың тазармағанын айтып отыр. Тіпті, ыдыс жуғыш, қол жуғыштарда су ағызғаннан кейін көзге анық көрінетін сары дақтың қалатынын айқын көрсеткен. Бұл ретте мамандардан мәселенің жай-жапсарын тағы да сұрадық.
– Су мәселесінде нақты мына жерден кінәрат болып тұр деп тап басып айту қиын. Мысалы, негізгі құбырды тазалап болған соң, өжірелерге кіруге су жүйесі мамандарына кіруге рұқсат берілмейді. «Пәтер иелері кооперативіне» бізден ескертіледі. «Өжіренің ішіне кіріп, кішкене суды ағызып жіберсе, қалған лас су кетер еді» деп айтамыз. Ал оларға суды беріп тұрған бір-ақ мекеме, ол – су жүйесі. «Демек, су жүйесі мекемесінен болып тұр» деп қысқа қайырады. Біз орталық су жолын тазалаймыз, өжіреге дейін тазалап апарамыз. Ал ластанған су үйлерден ағады. Ортада өжіре тұр. Міне, өжіреде қалып қойған су деп санаймын. Әйтпесе, біз барлық мүмкін деген жерлерді тазаладық, – дейді бас инженер.
Десе де, мәселенің қай кезде, қалай шешілері беймәлім. Ал тұрғындар әлі күнге сарғайған су ішіп отыр. «Қазір лай су ағып тұр ма?» деп телефон шалатын мамандарға жауап: бұл су кейде екі күн, кейде жарты күн ағады. Сосын сарғыш тартып тұрады. «Тазалау жұмыстары жүріп жатыр» деген, «Назарға алынды» деген сияқты жаттанды сөзге әбден құлақ үйренді. Дәл қонақ келіп жатқанда ағады. Үй алғанымызға қуандық. Осы судан қорқып ықшам ауданның көбі алды мың долларлық фильтр қойған. Ол фильтрлердің де істен шыққаны қашан… Біреулердің салғырттығы үшін неге халықтың қалтасы қағылуы керек? Айлығы шайлығынан артылмай жүрген жұрт неліктен сырттан су сатып әкеп ішу керек?! Оразада ауызашарға адам шақыруға қорқып қалдық. Мынадай сумен ауыз аштырып сауап аламыз ба, әлде біреуді ауыртып тынамыз ба?! Үш-төрт жылдан бергі жырымыз осы. Содан бергі ай-күні жазылған бейнежазбаларын жинап қойдық. «Платон – менің досым, бірақ шындық одан қымбатырақ» дегендей, шын­дық­тың бе­тіне тура қа­ра­йық!» деп жазды ашынғанда ащы даусы шыққан ағайын.
Иә, адам баласы тамақсыз 30 күн шыдауы мүмкін. Ал сусыз бір аптадан артық өмір сүре алмайды. Сондықтан тіршілік нәрі аталған сапалы әрі таза суға қолымыз жетсе деген халықтың мәселесі оң шешілсе екен дейміз. Су жүйесі мамандары да қол қусырып отырған жоқ. Төрелігін айтудан аулақпыз. Әйтсе де, елге қызмет – ерге міндет екенін бұл жағдай тағы бір қаперге салды. Сапалы тұрмыс кешуге әрбір қазақстандық қақылы.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!