KAZINFORM – Алтын кенішіндегі апаттық жағдайдан кейін тоқтап қалған шахтаның жұмысы әлі күнге доғарылып тұр. Ал кәсіпорын бойынша 260-қа жуық қызметкер мәжбүрлі демалыста.

Бұған дейін Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары «Майқайың-алтын» АҚ-ның кеніш шахталарына түсіп, олардың кеншілер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп жатқаны туралы хабарлаған едік. 

Мамандар оң шешім шығарса, сәуір айында кеніш қайтадан жұмысын жалғастыруы керек еді. Алайда институт ғалымдары әзірше кеніштің жағдайын бағалау бойынша қорытындыларын тағы бір созатынға ұқсайды.

Бұл екі арада алтын кәсіпорнында еңбек ететін мыңға жуық қызметкерлердің арасында «шахта толығымен тоқтайды екен», «Майқайың-алтын» банкрот болады екен» деген алып-қашпа әңгіме желдей есіп тұр.

Майқайыңдық тұрғындардың бұл айтып жүргендерінің шындыққа қаншалықты жанасатынына көз жеткізбек оймен кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботиннен қалыптасқан ахуалды сұрап білдік.

«Майқайың-алтын» АҚ-ның басшысы ретінде бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтын қауесет екеніне сендіре аламын. Біздің акционерлеріміз шахта жұмысының жалғасуына, адамдарымыздың өз жұмыс орындарына оралып, комбинаттың толыққанды циклге көшуіне мүдделі. Бұл мәселеде олардың тарапынан дұрыс әрі әділетті көзқарас бар. Кәсіпорын тоқтамайды, оны әрі қарай дамыту үшін акционерлеріміз қосымша қаржы құюға бейіл танытып отыр. Қазіргі уақытта «Майқайың-алтын» АҚ-ның кенішіндегі апатты тергеп-тексеру шаралары әлі де жалғасып жатыр. Бұл іс-шаралар шамамен 31 наурызда аяқталып қалады деген үміт болған еді. Бірақ құзырлы және құқық қорғау органдары әлі де біраз уақыт жұмыс істейтінге ұқсайды. Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары шахталарымызға түсіп, олардың қызметкерлеріміз үшін қаншалықты қауіпсіз екенін бағалау үстінде. Негізі бұл зерттеудің түйіні де 31 наурызда қойылып, оң шешім шықса шахтадағы өндіріс жұмыстары іске қосылады деп үміттенгенбіз. Бірақ институт өкілдері бізге асықпауды ескертті. Барлығын жіті зерттеп шықпақшы. Әрине, біз үшін қызметкерлеріміздің қауіпсіздігінен маңызды мәселе жоқ. Сондықтан зерттеуді деріне жеткізуге келістік. Мамандар барлық жайтты назарға алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін есептеулерін жүргізуде», – деп жауап берді өндіріс орнының басшысы.

Белгілі болғандай, қазір кен байыту комбинаты мен өзге құрылымдық бөлімшелерде жалпы саны 580 адам жұмыс істеп жатыр. Ал жұмысы шахтамен байланысты 260 қызметкер мәжбүрлі еңбек демалысында. Оларға айлық еңбекақысының 50 пайызы мөлшерінде жалақы төленіп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!