Фото: ҚМА

KAZINFORM – Қаржы мониторингі агенттігінің  делегациясы Беларусь Мемлекеттік бақылау комитетінің қаржылық тергеу департаментінде болды.

Сапар барысында Беларусь қаржы милициясының қызметкерлері экономикалық қылмыстарда цифрлық төлем құралдарын пайдаланумен күресу тәжірибесімен бөлісті.

Талқыланған мәселелер қатарында криптовалютаның заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған виртуалды активтерді анықтау және бұғаттау бойынша проблемалар да болды.

Тараптар қазіргі жағдайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары аясында барлық елдер үшін экономикалық қауіпсіздік бірінші орында тұрғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Беларусь қаржылық тергеу органдары криптовалютаны пайдалануға қатысты қылмыстарды анықтауда Қазақстанның құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты.

Сапар барысында қазақстандық делегация Беларусь Тергеу комитетінің жетекшілігімен өткен «Цифрлық активтерді пайдаланатын қылмыстармен күрес» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Қазақстандық тараппен қатар Ресей Тергеу комитетінің және Ішкі істер министрлігінің, Росфинмониторингтің, Өзбекстанның Құқық қорғау органдары академиясының өкілдері – киберқылмыспен күрес саласындағы барлығы 100-ден астам сарапшы қатысты. 
Конференцияның басты мақсаты – цифрлық активтерді пайдалана отырып, қылмыспен күресудің проблемалық мәселелерін шешудің инновациялық әдістерін тәжірибелік қызметке енгізу.



Конференцияда цифрлық активтерді пайдалана отырып қылмыспен күресу теориясы мен тәжірибесіндегі проблемалық мәселелерді талдауға және олармен тиімдірек күресудің заңды шешімдерін анықтауға ерекше назар аударылды.

Жұмыс кездесуі нәтижесінде тараптар халықаралық тәжірибе криптовалютаның заңсыз айналымына және экономикалық қылмыстарды жасау үшін цифрлық төлем құралдарын пайдалануға қарсы күрес сапасын арттыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!