Арал теңізінің кепкен табанында шөлді және шөлейтті аумаққа тән топырақ  және  өсімдіктер қауымдастығының түзілу процесі қарқынды жүруде. Топырақ түзуші фактордың механикалық және химиялық құрамдарының әркелкілігіне байланысты топырақ жамылғылары түрлі типте қалыптасуда. Солардың бірі ‒ көшпелі құм төбелер (подвижные барханые пески).

         Көптеген ландшафт  типінің арасынан ұзақ жылдардан бері шөлдегі көшпелі құм төбелер ғалымдар назарын аударып келеді. Олар ‒ құм түйіршіктерінің жел бағытына кесе-көлденең тізбектеліп орналасатын, биіктігі 3-5 метр, ұзындығы кейде 200 метрге дейін жететін шөгінді жыныстардың жиынтығы. Жылдамдығы 4-5 м/с жоғары жел кезінде тізбектелген құм жоталардың беткейімен құм түйіршіктері жылжып, төбенің жалынан асып түсіп, ықтасын беткейіне келіп тоқтайды. Осылайша, жел бағытына сәйкес құм төбелер тізбектеліп орын ауыстырады.

         Көшпелі құм төбелерінің өсімдіктермен тұрақтануына ерекше мән беріледі. Өсімдіктердің көлемі флористикалық құрамы олардың рельефтік формасы мен даму кезеңдерінің деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Жауын-шашын  ‒ шөл-шөлейтті аймақтарға тән өсімдіктер жамылғысында негізгі элементтердің бірі және оның дамуына жағдай жасаушы фактор.

         Өсімдіктер жамылғысының жоқтығы құм түйіршіктерінің жылжуы, үрленуі немесе өскіндер мен жас өркендерді басып қалу әсерінен орын алады. Өз кезегінде бұл кұм түйіршіктерінің белсенді жылжуына тікелей әсер етеді. Дегенмен желдің күшімен құм түйіршіктерінің жылжуы үнемі бола бермейді. Себебі құм түйіршіктерін қозғалысқа келтіретін жылдамдығы 4-5 м/с жоғары болатын жел бақылау кезеңінің үштен біріне ғана сәйкес келеді.

         Құм төбелер биіктеген сайын терең шұқырларда өсімдіктердің қоныстануы мен дамуына жақсы жағдай туғызады. Себебі, төбе аралық ойпаттарда желдің күші мен құм түйіршіктерінің жылжуы аз, ал ылғалдылық деңгейі біршама жоғары. Бұл ‒ псаммофитті өсімдіктердің қоныстануына ықпал жасайды.

         Алғашқы боп онда тез дамитын қасиеттерімен ерекшеленетін шөптесін өсімдіктер пайда болады. Олардың арасында жағдайдың жиі алмасуына қарамастан тұрақты дамуға бейімделген көпжылдық селеу  (Aristida karelini) бар. Кейін бұған гелиотроп (Heliotropium arguizoides)келіп қосылады. Уақыт өте келе бұл өсімдіктер төзімді және ұзақ өмір сүретін бұталар мен ағаш тәрізді өсімдіктердің дамуына қолайлы жағдай жасайды. Олардың арасында шөл акациясы мен эромоспартон белсенді рөл атқарады. Құм төбелердегі ең алғаш пайда болған псаммофитті өсімдіктер өз айналасындағы құм түйіршіктерінің жылжуын бірден тоқтата алмайды. Алайда жылдан-жылға олар көбейіп, түр құрамы да артады. Ірі бұталар мен қара сексеуілдер өседі (Calligonum, Haloxylon aphyllum). Олар жылжымалы құм төбелерді одан әрі бекітіп, топырағын құнарландырып, онда нашар бейімделген эфедра сияқты басқа да өсімдіктердің өсуін қамтамасыз етеді. Биіктігі 5 метр болатын көшпелі құм төбелерде өсімдік саны мен түрлерінің көбеюі оны тұрақтандырады. Тізбектегі құм түйіршіктері өсімдік өскен ойпаттарға жайылады, осылайша, ірі құм төбешігі биіктігі 3 метр болатын орташа құм төбешігіне айналады.

         Қорыта келгенде,  Арал теңізінің кепкен табанындағы көшпелі құмдардың уақыт өте келе өсімдік жамылғысының қалыптасуымен толық тұрақтанатынын түсінуге болады.

Т. Әбдікеров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!