Қазақ халқының әдебиеті мен тілінің, мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып, өзі айтқандай, ұлтын керек қылып, елге қызмет жасаған ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы. “Қазақтың Ахаңы” деген атқа ие болған дара тұлғаны қалай дәріптесек те артық емес. Өйткені қай қырынан алып қарасақ та, ұлы реформатордың ғұмырлық із қалдырғанына куә боламыз. «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», – деп ой саларлықтай тұшымды сөз айта білген Ахмет Байтұрсынұлының ең алдымен, жас ұрпақтың ана тілінде сауатын ашуына мұрындық болып, «Әліппе» оқулығын құрастырғаны өз алдына бір төбе. Араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес жүйелеп, сауат ашудың тиімді құралын жасап шықты. Балалардың ұғынуына жеңіл оқыту жүйесін жаңаша дамытты. Шен іздеп, мансап қумай, қорлық пен мазаққа төзіп жүрген қалың ұйқыдағы қазағын “маса” болып ызыңдап оятуыды жөн көрді. Ұлт намысын жоқтап, арын сақтауға ұмтылған ұлы тұлға «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы болып, кезек күттірмес әлеуметтік істердің орындалуына бар жан-тәнімен кірісті. Елдің көзі hәм құлағы бола білген аталған газеттің әрбір жарық көрген беттерінде аса күрделі ауқымды мәселелерді қозғай білді. Әрбір қазақ баласын оқу-білімге, ілгері қадам басуға шақырды. Ана тілінің кең қанат жаюына барын сала жүріп, ғылыми тұрғыда зерттеу ісімен айналысты, әдістемелік құралдар жазды. «Әдебиет танытқыш», «Тіл-құрал» тағы басқа да еңбектері арқылы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикасын ғылыми тұрғыда негіздеді. Оның өзі жазған «Өмірбаянында»: «…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім; үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім…» – деп жазуы жоғарыда айтылған ойыма дәйек бола алады. Халыққа ізгілік жасауда туралықтан таймай, шындық жолында басын бәйгеге тіккен Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақ еншісінде.

Нұрай БАҚБЕРГЕН