«Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция» деген тәмсілге теріс пікір айтып көріңіз. Бұл ойды құптамаса, әлдекім қарсылық таныт­пайтыны анық. Өйткені, өмір бейнесін қаз-қалпында суреттейтін, адам жанын сипат­тайтын өнердің осал емес екенін ел біледі. Руханиятпен тыныстау үшін театрдың тигізер ықпалы орасан. Жер басып жүргеннің жүрегінде селт етпейтін сезімі, көңілінде көркемдігі, танымды таныр түйсігі болмаса бәрі бекер. Ал, өнер мешітінің өнегесі қым-қуыт тірлікті ұмытып, оңашада ой бағуға мүмкіндік береді.
Облыстық Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театры ерекше қойылымымен әркез есте. Енді театр маусымының ашылуы өнерсүйер қауымды қуантатыны ақиқат. Әсте, мазмұны мәнге толған қойылым өз көрерменімен зеңгір көкке көтеріліп, ыстық ықылас пен құрметке бөленеді. Осы ретте, театр табалдырығын аттап, жиі баратын жастарға сауал жолдаған едік. Олар сана сүзгісінде сараланып, әсер еткен қойылым жайында толғанысын жасырмай жеткізді.

«Бір түп алма ағашы»

Ердәулет Сәрсенұлы:
Театрды нағыз эмоциялар шеруі ретінде қарай­мын. Сол үшін барынша іштегіні шығарып, сахнадағы өмірге ене кетемін. Ондағылар жыласа, ішім алай-дүлей болып, қуанса, мен де шат-шадыман күйге енемін. Өткен жылы драма жанрындағы спектакльге бардым. Алған әсерім де, түйген-білгенім де көп болды. Тақырыбы – «Бір түп алма аға­шы».
Идея­­сына үңілсеңіз, отбасындағы өмірде барынша сабырлы болуға, адамзатты «бауырым» деп сүюге шақырады. Нағыз ауыл отбасының өмірі. Балалық шақты еске түсіреді. Ананың мейірімі, бала-шағасына деген махаббаты да ерекше көрініс тапқан. Осы тағдырлар бір түп алма ағашының ғана астында өтіп жатты. Бақытпен қатар қайғы, опасыздық та қатар жүргенін көресің, түрлі ой түйесің, сана-сезімің дүр сілкінеді. Ананың бала-шағасынан көңілі қалған кезінде жүрегінің қатты да нәзік, жұмсақ та жұмыр екенін түсінеміз. Оның көз жасы көрермендердің де көз жасына айнала кетті. Айналамның барлығы шынайы бейнені сомдай алған әртістің өнеріне тәнті болды. Мен де. Қойылым алға қойған мақсатына жетті. Сондай бір ерекше эмоцияның күйін кешіп, өмірдің не екенін түсінгендей болдық. Бізге рухани білім жетіспей жатады. Оны театрдан ала-аласыз дер едім.

«Ромео мен Джульетта»

Әлия Тәжібай:
Театр – мәдени орта қалыптастыратын, жастардың бойына тәрбие мен тәлім ұялататын мекен. Кинотеатрға бару бір бөлек, театрда қойылым тамашалау бір бөлек. Бос уақытымда қойылымдардан қалмауға тырысамын. Өзіме ұнаған, қатты әсер еткен қойылымның бірі Ромео мен Джульетта. Қойылым барысында бір-біріне ессіз ғашық екі жастың сезімі көрерменге ерекше жеткізілді. Эмоцияға ерік беріп, жылаған сәтім де болды. Келесі айда «Сезім сапары» спектакль-туры Сыр еліне келеді деген жаңалық мені қуантты. Бұл жолы «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымына баруға ниеттімін.

«Ауылдан келген ару»

Жамбыл Бақытәлі:
Ақын Дулат Исабековтың шығарма желісі бойынша көрермен назарына ұсынылған. Қарапайым қарағанда бүгінгі заманның бір келбеті. Қоғамның бір көрінісі. Сондай-ақ, әйел затының алдынан шыққан ауыр сынағы. Десе де, қойылымның астарында мұнан да терең мән астасып жатыр. Өмір сүріп жатқан қоғамдағы ауыл мен қаланың арасы әлдеқашан алыстағанын айтқысы келгендей. Сол арақашықтықтың қаншама тағдырларды өзгертіп жіберетінін көз жасыңа ерік бере отырып түсінесің. Қойылымда өнер ортасындағы кейбір тұлғалардың да жеңілтектігін және суық жүрісін әшкерелеген. Бастан аяқ ауылдан келген арудың іс-әрекетіне іштей пікір айтумен боласың, бірақ оны не сөгетініңді, не жақтайтыныңды өзің де білмей дал боласың.
Адамды арман мен махаббат жетелейді ғой. Сол жетекте жүріп, дұрыс талғам жасай білу керектігін және оның адам болашағымен тікелей байланыста екенін білеміз. Ағаның құрсауында кеткен бейшара қыздың трагедиясын көз алдымызда паш етті. Көңіл еріксіз аласұрады. Бұл – көрерменге керек сезім. Сонымен қатар, осы қойылымда ақындардың халық түсіне бермейтін жан дүниесін ашқан. Ақынның қаншалықты әділетті сүйетіні, нәзік екені, мейірімді аңсайтыны, өзінің ғана емес, өзгенің де тағдыры үшін шынайы күйіне алатыны осы сахнада көрініс табады.
Жалпы қойылым қоғамның көлеңке тұсын аша отырып, тәрбиелік мәнге ие, үздік туындыға айналғаны сөзсіз. Ондағы әртістердің еркіндігі, шынайылығы тағы бөлек әңгіме.

Жаңа маусым шымылдығы «Көрұғлымен» түрілмек

Театр әртісі Санат Жүзбай:
Театрдың қызу жұмысы басталды. Алдағы уакытта да көрерменнің көзайымына айналып, өнерімізді ортаға саламыз. Жаңа маусымды 15-қыркүйекте «Көрұғлы» қойылымымен ашуға ниеттеміз. Режиссері – драматург, ақын Оңталап Нұрмаханов. Сонымен қатар, жақында жағымды жаңалықты бөлісеміз. Яғни, театр әртісі Қанат Архабаев жастарға арналған комедия қоюды жоспарлауда. Өзім де тың идея мен жаңашылдық негізінде, мелодрама жанрында қойылым қоймақпын. Қысқасы, театр сахнасын түрлендіру мақсатында тер төгіп, ізденуден жалықпаймыз.
Негізі әртіс білімнен безінбей, өзін жетілдіргенде ғана жетістікке жетеді. Сонда ғана жалаң жаттандылықтан арылып, кәсіби тұрғыда дамиды. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жазғы театр мектебі» зор мүмкіндіктің алаңы. Яғни, Ресейде 95 әртістің басын қосатын оқуда елімізден үш әртіс кастингтен өттік. Оның бірі Түркістан, екіншісі Қостанай облысының театр әртісі. Осылайша театр басшылығы қолдап, сеніммен оқуға жіберді. Жаңа ортамен таныс болып, шалқар шабыт алғаныма қуаныштымын. Бір айдың ішінде режиссерлік, әртістік шеберлік, сахна қозғалысы және сахна тілі сынды оқу сабақтары өткізілді. Практикалық тұрғыда тәжірибе жинақтап, соның нәтижесінде Сыр еліне жаңа қойылым ұсынбақпын. Театр қабырғасында жемісті еңбек етіп, көрерменнің ықыласына бөлену мен үшін мәртебе!

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!