Кейде адамның жан дүниесін, санасын, мінезін, жалпы тұлғалық болмысын тілмен байланыстырып жатамыз. Оны ғалымдар әлденеше рет дәлелдеп те үлгерді. Ана тілінде қандай да бір сөзді айтқанда сәбилердің өзі уілдеп, туған тілін түсінетіні жайлы мысалды сіз де оқыған боларсыз. Ал тіл жайлы мына оқиғаның жөні тіпті бөлек.  

«Атам қазақ бала алғаш былдырлап сөйлей бастағанда «тілі шығып келеді» дейді. «Тіл үйреніп» демейді. Нәресте құрсақта жатып атасы, анасы сөйлеген тілдің денін (көп бөлімін) бойына сіңіріп алады екен. Мұнда өте нәзік генетикалық жад мәселесі де бар. Екі-үш жасқа келіп, заттарды толықтай көріп, тілі икемге, сөйлеуге келген кезде әлгі бойындағы атаулар сөз болып бұрқырап шыға бастайды. Тіпті кей сөздердің атауын бірінші рет естісе де оның беретін ұғым, мәнін бұрыннан білетін секілді сезіліп, ары қарай өте жылдам ұғып алатыны анықталған. Міне, сол себепті де, «тілі шығып келе жатыр» деп айтамыз. Ар жағында бар нәрсе бері шығып жатыр ғой». Әлеуметтік желідегі парақшасында жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы осылай жазыпты. Қызығы сол, жазушының  айтуынша тілі енді шығып келе жатқан балаға өзге тілді үйретсең, баланың ой-санасында үлкен өзгеріс басталады. Тіл үшін күрес. Ана тілі немесе жат тіл арасындағы түсініксіз бірақ аса күрделі күрес. Осыдан соң баланың тілі де, ойы да дүдәмал күйге түседі. Жанындағы ата-анасы, одан қалды ортасы санасына еріксіз тықпалаған тіл көп ұзамай  балаға да үстемдік құрады. Тілмен бірге қиялы, қазақы болмысы, мінезі де өзгере бастайды да, бірте-бірте өз ұлтына кеудесоқтықпен қарайтын түсінік пайда болады. Сонда баланы туған тілінен айырсаң, тұтас санасын да билеп алу қиын емес екен, тегінде?!

«Біз ана тілін білмейтін кей қазақтың баласын «тілі орысша шыққан» деп жатамыз. Қате сөз. Кез келген адамның тілі әуелі ана тілінде ғана шыға бастайды. Қалғанын үйренеді. Біздің айтып жүргендеріміз тілі шықпай қалған қазақтар. «Тілі шықпай қалып, сосын орысша үйреніп алған қазақтар» деп ұғынғанымыз дұрыс. Қазіргі биліктегілердің көбі сондай, тілі шықпай қалған қазақтар. Тілі шықпай қалған адамды үйренген тіл билейді. Олардың ұлтқа қызмет етуі неғайбыл. Сондықтан да тіл – тәуелсіздіктің басты шарты» деген жазушының ойы орынды. Бұрын да, бүгінде тіл мәселесі жиі айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ тіл үшін күресті билік басынан емес, бесіктегі бөбектен бастаған дұрыс секілді. Ойы мен ақылына құрық түспеген бүлдіршіннің тілі ата-ана мен қоғамның пікірінен тәуелсіз болса қандай ғажап?! Сонда ғана тілі үшін күрескен бала бұла күшін ана тілінде жазылған көркем дүниені оқуға, өзі де ер жеткенде ұлты үшін биікке ұмтылуға жұмсар еді. Айналып келгенде, ұлттық кодтың бір ұштығы, тарихтың тамыры  тілмен байланысты болған соң  тіл тәуелсіз болмай, сананың да азат болуы қиын. Сондықтан тіл үшін күрес мемлекет үшін маңызын жоғалтпай, жылдар бойы жалғасып келеді.

      Жоғарыда айтылған тіл жайлы тұжырымды ғалым Тұрсын Жұртбайдың еңбегінен де көруге болады. «Адам баласы туылғанда жетінші бабасының миымен дүниеге келеді екен. Яғни, қазақы түйсікпен, дәл ұғымы қазақ миымен осы әлемнің есігін ашады. Қызылшақа нәресте туған сәтте миы балқып тұрған қорғасын іспетті ып-ыстық болатын көрінеді. Сол балқып тұрған ми дүниеге келгенде оны қоршаған орта, ата-анасы және қоғам ата-бабасына жат болған тілде сөйлесе, оны ұқпай шырқырап жылайды. Сөйтіп, басқа амалы қалмаған соң, жаратылысынан жат ортаға бейімделуге әрекет етеді. Нәтижесінде, балқып тұрған ми толық дерлік қайта жасалып, «қисайған» күйде қатаяды. Осындай ауыр үдерістен өтіп «қисық» қатайған ми өзінің ұлттық кодынан безіп кетіп, оған қайта оралуы тым қиын болады. Менің бұл айтқандарым – ғылыми тұрғыда дәлелденген нақты дәйектер. Оны осы саланы зерттеумен шұғылданатын ғалымдар айтып жүр. Сондықтан қазір орыс тілді қазақ отбасыларында дүниеге келген әр сәби адам төзгісіз осы күйді бастан кешіріп жатыр ма деп қорқамын» дейді ғалым.

Анығында, ұлтты сақтап қалудың, тарихты жадыдан жоғалтпаудың басты амалы дүниеге келген әрбір қазақ баласының тілі «ана тілінде шығуымен» байланысты.  Өйткені туған тілін түсінген ұрпақ қана тәуелсіздік пен елдің ертеңі үшін қызмет етеді.

Е.Ертайқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!