Ұрпақ тәрбиесі қай заманда өзекті. Қазақ халқы сәби дүниеге келгеннен бастап, оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне дейін көп көңіл бөлген. Тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді тербелген тал бесікке салған. Анасы бөбегін әлдилеп, әженің ертегісін тыңдап, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта халқына қалаулы болады деп сенген. Бұл – халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағып, өнегелі азамат етіп тәрбиелеудегі жинақтаған мол тәжірибесі.

Қазақ халқы «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Өйткені ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Сондықтан да ата-ананың мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өзін-өзі ұстауы ұлдың да, қыздың да көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін негізгі нысанасы. Бұдан бөлек, ата-ана баланы кішкентай жасынан сөйлеуге, санауға, заттарды және олардың өзіндік ерекшеліктерін атауға үйретіп, тілі шыққан уақытта оған тақпақ, өлең, жұмбақ пен жаңылтпаштарды жаттатқан. Бұл баланы  дамытудың алғышарты болған.

Осыған қарап ертедегі қазақ баласының балалық шағы қаншама қиын кезеңдерге тап келсе де, өнерден, білімнен, жалпы адами қасиеттерден алыстамағанын байқаймыз. Ұрпақ тәрбиесі – ең маңызды фактор. Сондықтан қазақ өз баласын кішіпейіл, білімді, еңбекқор болуға тәрбиелеген. Өйткені ұлттың келешегі – тәрбиелі ұрпақ­тың қолында. Берілген өнеге ұр­пақтар сабақтастығына ұласып, еліміздің берік іргетасына айналары сөзсіз.

Мөлдір САРБАСОВА,

Б.Ермекбаев атындағы

№271 орта мектеп мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!