Сыр өңірінде біршама игі бастама қолға алынып, тіпті Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Ізінше аймақ орталығында «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылып, Қорқыт ата мен қобызды қатар ұлықтауға жол ашылғаны белгілі. Бұл барша түркі жұртының ортақ қуанышына айналды. Осыған орай апта басында ансамбльдің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, қобызшы Салтанат  Пұсырмановамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Салтанат Сухамберліқызы, алдымен өзіңіз жетекшілік ететін «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің құрылу тарихын айтып өтсеңіз?

– 2018 жылы «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» атауымен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енді. Соған орай Қорқыт ата мұраларын насихаттауға бағытталған 5 жылдық кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Жоспар аясында 2020 жылы Қызылорда облыстық филармониясы жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды. Ансамбль құрылғалы көптеген концерт ұйымдастырылды. Онлайн шаралар да қалыс қалмады. Тіпті Қорқыт ата кесенесіне барып, бабаның батасын алу мақсатында фильм-концерт түсіріліп, бейнебаян әзірленді. Бұл – Қорқыт бабаның күйлерін насихаттау мақсатында басталған игі жоба. Себебі, ұлттық мұра ұмытылмауы керек.

Бүгінде ансамбльдің құрамында 17 қобызшы, 1 жетігенші, 1 сүйемелдеуші бар. Құрамның білім-білігі де осал емес. Барлығы талантты, ізденімпаз мамандар. Ансамбльдің құрамында Қазақ ұлттық музыка академиясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлектері еңбек етеді.

– Ансамбльдің қоржынында қандай шығармалар бар?

– Ансамбльдің репертуарында 40-тан астам шығарма бар. Оның ішінде классикалық, дәстүрлі музыка да қамтылған. Алайда басым бөлігі Қорқыт атаның күйлеріне негізделуде. Бүгінгі таңда Қорқыт бабаның 7 күйін репертуарға енгіздік. Алдағы уақытта ансамбль шеберлігін жетілдіріп, шығарма санын арттыру жоспарда бар.

– Құрылғанына көп болмаса да халықаралық байқауларға қатысып келесіздер. Нәтиже қалай?

– Жетістік көп. Халықаралық байқауларда топ жарып, ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік туды. Мәселен, Украина елінде өткен «Яскраві таланти осені» байқауында бас жүлдені иеленсек, Лондонда өткен «2020 таланттары» атты фестивальда жеңіс тұғырынан көріндік. Қобыз құдіретін әлем жұртшылығына таныстыру, әсем үнін, өзіндік бояуын нақышына келтіре жеткізуге қобызшылар да барын салып келеді. Аталған жетістіктер ансамбль құрамының табандылығының нәтижесі екені сөзсіз.

– Қобызшылар ансамблін Сыр өңірі қалай қабылдады?

– Әрбір концертте тыңдарман ерекше ықылас қойып тыңдап, ұлттық өнерге деген қамқор көңілін білдіріп жатады. Мысалы,  «Сарын» атты 1 жылдық есепті концерт өтті. Кешке қызығушылық танытып, тамашалауға келген тұрғындардың санын көріп, ұлттық мұраға бей-жай қарамайтын халықтың көптігіне іштей разы болдық. Тыңдармандардың қошеметі мен ықыласы ерек. Тіпті, Сыр өңірінде осынша көп қобызшының бірігіп, ансамбль құрғанына таңданыс білдіргендер де болды. Шара соңында қарт кісілер батасын беріп, алғаусыз алғысын жаудырып жатты. Қорқыт мұрасын жарыққа шығарып, қобызды насихаттау жолындағы ансамбльдің еңбегін жоғары бағалап, тілеулес көңілін білдірді, ағайын. Себебі қазақ, қобыз – егіз ұғым екені ежелден мәлім. Сондықтан Сыр өңірінің киелі аспапқа деген пейілінің тазалығы, ниетінің биіктігі ықыласынан білініп тұрады. Өнер адамы үшін бұдан асқан қандай баға керек?

– Өзіңіз қобызды серік етіп жүрген сала маманысыз. Шығармашылық жаңалығыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Бүгінде Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде қобыз аспабының оқытушысымын. Ұстаздық жолға түскеніме 30 жылдан астам уақыт болды. Шәкірттерім Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі, Ақтөбе халық аспаптар оркестрі  және Астана филармониясының халық аспаптар оркестрі секілді беделді ұжымдарда қызмет атқаруда. Олардың қобызға деген ынтасы мен талабы зор. Үнемі ізденісте жүреді.

2007 жылдан бастап Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінде қобызшылар тобының концертмейстері болып жұмыс істедім. «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылғалы көркемдік жетекші қызметін атқарып келемін.

–  Ансамбльдің алдағы жоспарымен бөліссеңіз?

– Әлемді жайлаған індет салдарынан біршама бастама уақытша кейінге шегеріліп, кейбір концертті онлайн форматта ұйымдастыруға тура келген еді. Ел аман, жұрт тыныш болса, әлі талай мақсат-міндет бар. Концерттік бағдарламаларда академик Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди сынды қазақтың белгілі композиторларының шығармаларымен қатар, жас сазгерлердің де туындыларын насихаттау ойда бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Е.ЯКУДАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!