Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған биылғы «Балалар жылын» Сырдария ауданын­дағы «Балапан» шағын орталығы жақсы жетіс­тікпен бастады. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мек­теп-лицейі жанындағы орталықтың тәрбие­ле­нушісі Бағжан Ибрагим республикалық байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орын иегері атанды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі ақжолтай хабар білім беру саласының жарқын же­тістігі десек болады.

Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткізілген республикалық байқаудың тақырыбы – «Қыстың ғажап бейнесі». Байқау ережесіне сәйкес, балалар қыс мезгіліне қатысты сурет салып, туындыларын арнайы хэштег арқылы әлеуметтік желіге жариялаған. «Zhas-daryn.kz» интернет ресурсы, республикалық «Өрлеу» педагогикалық шеберлікті дамыту орталығының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы және «Media Bilim» журналы бірлесе ұйымдастырған байқауға сырдариялық балақай да қатысып, бағын сынаған. Жетекшісі, орталық тәрбиешісі Динара Қошқұлованың айтуынша, ұйымдастырушылар талапкер Б.Ибрагимнің салған суретін жоғары бағалаған.
– Болашағынан көп үміт күттіретін кішкентай Бағжанның балабақшаға келіп жүргеніне бірнеше ай болды. Ол білімге құштар. Тақпақтарды тез жаттап алады және сурет салуға бейім. Республикалық байқауға қыс мезгілінің сәні болып табылатын аққаланың суретін салып, ереже талабына сай ұсындық. Суретті әлеуметтік желіге ұйымдастырушы тарап жүктеді. Бағжанның суретіне көпшілік жоғары баға беріп, оң пікір білдіріп, ерекше қолдау танытты. Осылайша, республикалық байқаудың қорытындысымен жүлделі І орын бұйырды, – дейді тәрбиеші Динара Қошқұлова.
Айта кетейік, кішкентай Бағжан – 4 жаста. Ол көпбалалы отбасынан. Бүлдіршіннің ата-әжесі немерелерін байқауға дайындаған тәрбиешілерге алғыс айтады.
– Немереміздің алғашқы жетістігіне ерекше қуандық. Бар бақытымыз, байлығымыз – ұрпақтарымыз. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Лайым, азат елдің озат ойлы жастары көп болсын! Ұрпақтарымыз білімді, өнерлі болып өсе берсін, – дейді әжесі, «Алтын алқалы ана» Жанат Сүлейменова.
Болашақтың кілті – талапты да талантты балаларда, озат ойлы оқушылар мен жалынды жастарда. Республикалық байқаудың жеңімпазы атанған талабы таудай талантты Бағжан алдағы уақытта жақындарының сенімі мен үмітін ақтайды деп сенеміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!