Коллаж: Kazinform
Алматыда түнгі уақытта самокат айдаған ер адам одан құлап қаза тапты, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта самокатпен жүрген 44 жастағы ер адам жол жиегіндегі жиектасқа соғылып, құлап түскен. Оқиға Варламов көшесінде, Төле би даңғылына жақын маңда болған.
– Алдын ала мәлімет бойынша ер адам электр самокатты басқара алмай қалып, жиектасқа соғылған. Соның салдарынан ол ауыр жарақат алды. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері дереу жетіп, ер адамға медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер бірнеше минут бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған жарақаттарына ер адам көз жұмды, – деп хабарлады департаменттен.
Полиция марқұм самокатпен жүрген кезде жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбағанын атап өтті. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тәртіп сақшылары самокат жүргізушілері үшін қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын еске салады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!