Соңғы жылдары адамды бейжай қалдырмайтын, ерекше эмоция сыйлайтын сыйлық жасау мүмкіндігі көбейді. Алтыдағы баладан алпыстағы қартқа дейін жаңа эмоция арқылы жаны рахаттанып, өмір сүруге құлшына түседі, өзіндегі шаттықты өзгелерге де таратпай тұра алмайды. Сондықтан бір ғана сыйлық бүкіл ғұмырға жететін ерекше сезім сыйлауы ғажап емес.

Қызылордалық Әйгерім Бахытжанның арнайы мүсіншелер жасау кәсібі мыңдаған адамды қуантып келеді. Көпті қызықтырған кәсіптің құпиясы неде? Қаншалықты сұраныс бар? Осы жайында Әйгерім Бахытжан­қызымен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Кә­сі­біңіз қаламызда жалғыз-ақ. Идея қайдан келді?

– Өзім Қызылорда қаласының тұрғынымын, осында туып-өстім. 2015 жылы Астана медицина университетіне оқуға түсіп, қазіргі таңда 7-курста білім алудамын. Интерн-врач боп қызмет еткім келеді. Бұйырса, резидент боламын. Бұл кәсіпті бастау жайлы карантиннің алдында, осыдан 2 жыл бұрын 2020 жылы наурыз айынан бастап ойға алып, көп ұзамай іске кірістік. Сол уақытта барлық салада дерлік деградация жүрді. Аурухана да жабылды, біразы онлайн режимге ауысып, кәсіптік нысандардың көбі құлдырап жатты, кейбірі жаңа жүйеге көшті. Осындай сындарлы, қиын сәтте жолдасым екеуміз туған жерге оралуға бел будық. Бірақ барған соң немен айналысамыз? Қандай кәсіп бастауға болады? Әртүрлі идеялар келіп, ойланып жүрдік. Осыған қызықтым. Шетелде осы саламен айналысатын кәсіпкерлерді көріп, Астана қаласынан оқытатын курстарды іздедім. Осылайша бір курсты тауып, оқып үйреніп алдым. Нәтижесінде енді ғана дамып, ірі қалаларда таралған кәсіп түрін Қызылордаға әкелдім. Көбінесе Солтүстік Қазақстанның тұрғындары, ата-аналар тапсырыс беріп, қызығушылық танытады.

Бұл кәсіпті қолөнер түрі десе де артық емес. Себебі қолмен, зейінді бір нәрсеге шоғырландыру арқылы жасалады. Тәуекел деп осы саланы бастағанда көбісі түсінбейтін, тіпті, үрке қарайтын. Көпшіліктің көзінен мұның не қажеті бар деген секілді сұрақ көрінетін.

– Алғашқы тапсырысыңызға тоқталып өтсеңіз…

– Ең алғашқы тапсырысты досымның жаңа туған нәрестесіне арнайылап жасадық. Үйіндегі кісілер мынау не деп таңданып, басқаша көзқарас танытыпты. Одан кейін 5 күннен соң дайын нәтижесін, картинканы әкеліп табыстаған кезде олар таңданысын жасыра алмады. «Бұлай жасауға да бола ма? Қалай жасайды? Ерекше екен» деп қызығып, рақметін жаудырғаны есімде. Сол кезден бастап инстаграм әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашып, нәтижені, әр тапсырысты салып отырдым. Осылайша бір адамнан бір адам естіп, әлеуметтік желі арқылы танып, разы болған тұтынушылар тегін жарнама жасай бастады.

– Мүсіншелер қалай жасалады?

– Туындылар арнайы ұнтақтар арқылы жасалады. Өзіндік құрамына сай ұнтақтарды араластыру арқылы қажетті массаны, өнімді аламыз. Цемент тектес арнайы ұнтақты араластырып қалыпқа құйған соң, өзінің формасына еніп, қатып, ерекше мүсіншеге айналады. Бізде ата-аналар баласы дүниеге келгенде, үш күн өткенде, бір ай, алты ай, бір жас мерзімінде де естелік үшін жасатады. Тіпті, отбасындағы үш-төрт балаға жасайтындар да бар. Мұның бәрі де естелік. Қағаз секілді жыртылып, сарғайып кетпейді, су өтпейді. Қайда, қанша уақыт сақтасаңыз да сол қалпында тұрады. Мәселен, баланың картинасына қашан өмірге келгені, сағаты, салмағы, бойы жазылып, әдемі ескерткіш ретінде көңілге жылылық сыйлайды.

Баланың, үлкен адамның, тіпті, шетелдерде иттің, мысықтың аяқтарының мүсінін жасап жатады. Мұнда аяқтың, қолдың әр клеткасы, ізі анық әрі толық түсетіндіктен, мұны бір жағынан ДНК анықтамасы десек те болады. Смартфондарда «саусақтың ізі» арқылы тіркелу, сол арқылы телефонды ашу жүйесі енгізілген ғой. Сол секілді мұнда да адам қолының өзіне ғана тән сызықтары, қайталанбайтын әр қыртысы, қолдың көлемі өз қалпында, жүз пайыз анық көрінеді.

– Ерекше тапсырыстар болды ма?

– Ата-ананың талабына, талғамына сай жасай беремін. Мысалы, маған бір ата-ана теңіз, біреуі батыр, біреуі жұлдыз, бірі ғарышкер бейнесіндегі мүсіншелерге тапсырыс берген еді. Барлығы да талғамға байланысты.

Ерекше есімде қалған бір тапсырыс бар. Медицина саласында жүрген мықты хирург, офтальмологқа ағайға арналған сыйлыққа тапсырыс берді. Әріптестері қанша көзді емдеп, қанша адамның өмірін аман алып қалған, тағдырына әсер еткен дәрігердің қолын мүсіншеге айналдырып, ескерткіш әрі бағалы сыйлық ретінде ұсынды.

Бұл салада сұраныс жоғары десем артық емес. Көбіне аудан, ауылдан сұрап жатады. Өкінішке қарай, қаланың ішінен тапсырыс қабылдап, жеткізетіндіктен сырт жақтарға шығуға мүмкіндік аз. Соған қарамастан ата-аналар Қазалыдан, Шиеліден келіп, естелік ретінде сақтап қалу үшін баланың қолы, аяғының мүсіншелерін алып жатады. Бағасы маңызды емес. Бұл атадан балаға мұра сияқты, жүрекке жылу сыйлап, жылдан жылға сақтала беретіндіктен, құнсыз, өлшеусіз сыйлық.

– Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен

Дина БӨКЕБАЙ