Бұрын бірнеше шақырымды артқа тастап, жүкті жинап жылқыға мініп, керуен болып көшу керек болатын. Жол жүру үшін жолай кездесетін қиындықты да еңсеру керек. Ал қазір технология қарышты дамыған заманда көліктің түр-түрі нарыққа шығуда. Әлбетте теміртұлпар тізгіндеген жүргізушінің де тәртібі мен ескеру керек ережесі бар. Тек арып-ашып жететін жолды қысқартып, адамға жайлылық беретіні жасырын емес.

Көлік дегенде көбісі бензинге қатысты базынасын айтуы мүмкін. Өйткені бағаның күрт өсуі кім-кімге де оңай тимейді. Шығынын айтып шағымданатындар көп. Ал қолынан іс келетін өнертапқыштар тоқпен жүретін көлік жасап, көңілге қуаныш ұялатты.
Иә, шетелден өнім шықса шуласып, жаһанның жаңалығына ауыз ашып таңқаламыз. «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» демекші, елімізде де жаңаға құмар жастар көлік құрастыруда кенде емес. Оған кейіпкеріміз Нұрсұлтан Сейсембаев дәлел. Шымкент тұрғыны қарапайым көлікті токпен жүретін электромобильге айналдырды. Өнертапқыштың коллекциясында 7-ші көлік құрастырылған. Жанармай емес, ток көзін тұтынатын автокөлікті күніне бір мезгіл, шамамен 6-7 сағат қуаттайды.
Шеберлігімен «Илон Маск» атанған Нұрсұлтан шетелдердерде танымал болған электромобильді командасындағы 40-қа жуық адаммен жасап шығарды.
– Біз бұл көлікке 2 күнде конвертация жасағанбыз. Себебі бұл көлік күнделікті жүруге арналмаған. Біз бұны өзімізге тексеруге арнап жасадық. Ал клиенттерге өте мұқият қараймыз. Себебі оларға ыңғайлы болуы маңызды. Сол себепті басқа көліктерге көбірек уақыт кетеді. Басқа жүйесін, қауіпсіздігін тексереміз. Ал конвертацияны екі күнде жасай аламыз. Бірақ тестілеу көп уақыт алады», – дейді ол.
Электромобильді қыздырғанда және жүрген кезде мүлдем дыбысы шықпайды. Және басқа автокөліктерден ерекшелігі жылдамдығы да жоғары. Сондай-ақ, бұл көлікті күніне 6-7 сағат көлемінде үйдегі ток көзінде қуаттай алады.
– Басқа көліктерден айырмашылығы бар. Біріншіден, өзінің ескі моторын алып тастап, электромотор қойғанбыз. Ал бұл батарейкалары, сол моторға қуат береді. Мұның өзінің қуаты 200-300 шақырымға жетеді. Үйде бір түнде қуаттай аласыз, ал жылдам қуаттағышпен жарты немесе бір сағатта қуаттауға болады, – деді өнертапқыш.
Расында да тоқпен жүретін көліктің артықшылығы едәуір жоғары. Мәселен, бензинге қарағанда бағасының арзан екенін ескерсек, таюиғатқа да титімдей зиян келтірмейді. Яғни қоршаған ортадағы ауа қалпының ластануының алдын алады. Жүргізушілердің жүйкесін жұқартатын салық төлемінде де жеңілдік көрсетіледі. Содан болар көптің сұранысына сәйкес шетел де шетінен электромобиль өндіруге әуес.
Сонымен Нұрсұлтан 1 жыл уақыт ішінде 7 көлік жасап шығарған. Ал мұнда көліктің бір ғана емес, экономнан бастап, люкс-комфорт түрлеріне дейін бар. Дегенмен, мұндай көлікке қажетті құрал-сайманның 95 пайызы Қазақстаннан табылмайтын көрінеді.
Қарапайым автокөлікті электромобильге айналдыру үшін қажет уақыт көлемі әртүрлі. Ол ең алдымен құрал-саймандарының табылуына байланысты. Мәселен Форд автокөлігі 1 жылға жуық уақытта дайындалып шықса, ал кейбір көлік тұрпатына қарай тек 2 күннің ішінде құрастырылып шыққан.
Мамандығы бойынша инженер-механик жігіт Англияда 6 жыл білім алып келген. Өнертапқыш алғашында аздап қорқыныш пен қобалжу болғанмен тәуекелге бел буғанын тілге тиек етті. Әлбетте кез келген істі бастамас бұрын көңіл алаң, қол қорқау болады. Сондықтан шыншыл шешім қабылдап, кедергіге кідіріп қалмау өз нәтижесін береді. Кейіпкеріміз де мақсатына тәуекелмен жеткен азамат.
– Біз үнемі осы автоиндустрия саласындағы жаңалықтары іздейміз, қараймыз. Біз бір-екі жыл бұрын көрген едік. Әрине, ойлайсың, санайсың. Бірақ, біздің идеямыз, мақсатымыз мықты болады. Қазақта «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой, сол себепті көп ойланған жоқпыз, идея бар оны істеуге болады дедік те бастап кеттік.
Электромобильді бір рет қуаттағанда шамамен 200-300 шақырым жүруге болады. Ал көлікке орнатылатын мотор бағасы да әртүрлі көрінеді. Яғни моторды ауыстыру бағасының ең арзаны 4,5 млн теңгеден басталады. Дегенмен, өнертапқыштар мұны құрал-сайманның елде жоқтығымен байланыстырады.
Нұрсұлтанның сөзінше, бұл көлік түрін шығару алдағы 5-10 жылда жақсы дамиды. Себебі, әлемдегі белді автокөлік брендтері толықтай электромоторға ауысып жатыр. Сондықтан қазақстандық азаматтар да артық шығындалмай, токпен жүретін көлікті тиімді пайдаланса дейді. Сондай-ақ, мемлекеттен қолдау болса өндірісті өрге домалатуға болады.


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!