Технология сәт санап дамып, қолдағы телефонға да кино түсіру мүмкіндігі бар кезеңде адамзатты кез келген туындымен таңдандыру мүмкін емес. Осындайда Альфред Хичкоктың «Ұлы фильм түсіру үшін үш-ақ нәрсе қажет: сценарий, сценарий және сценарий» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Айта кету керек, осы жылы пандемия кезіндегі сатылымның қысқарғанына, түрлі дағдарысқа қарамастан кино саласындағы мамандар үздіксіз ізденіс үстінде екенін танытуда. Соның ішінде «Король Ричард» фильмі трейлерінің Warner Bros ресми арнасында 12 миллионнан астам қаралым жинауы жыл жаңалығы іспетті. АҚШ-та түсірілген туындының премьерасы 18 қараша күні өткен. Фильмнің танымал болуына не себеп? Жаңа кино қандай идеяны алға тартады?

Жақсы сценарий – жарты кино

Драма, нақты оқиғаға құрылған өмірбаяндық фильм жанрындағы туындының режиссері – Рейналдо Маркус Грин. Ал сценарийін Зак Бэйлин жазған. Екеуі де – американдық кино саласындағы жас маман. Актерлық құрамда Уилл Смит, Соня Синди, Деми Синглтон, Джон Бернтал, Лив Шрайбер, Онжаню Эллис, Дилан Макдермотт сынды есімдерді кездестіруге болады.

Ресми түрде сценарий авторы Бэйлин боп саналғанымен, басты кейіпкер Ричард Уильямстың еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Себебі ол өзі мен қыздарының өміріндегі ең тартысты, естен кетпейтін елеулі шақтарды 2014 жылы «Ақ пен қара: менің көзіммен» атты мемуарлық кітап ретінде жарыққа шығарған. Жарияланған аз уақыттың ішінде үздік өмірбаяндық кітап ретінде мойындалып, үзінділері қанатты сөз түрінде тарап кетті.

Киноның сюжетіне оралсақ, туынды әпкелі-сіңлі екі қыз, әлемге әйгілі кәсіби теннисші Венус пен Серена Уильямстың әкесі Ричардтың өмірін баяндайды. Ричард әйелі Брэндимен, бес қызымен бірге Комптонда тұрады. Болашақта қыздарынан чемпион шығаруды мақсат еткен ол аталған бестікке күн сайын теннис ойнап, жаттығу жасауын міндеттейді. Спорттық үйірмелерге ақшасы жетпегендіктен, қаладағы мекемелерге соғып, қыздарын тегін жаттықтыруын сұрайды. Өйткені олардан чемпион шығатынына сенімі мол. Тіпті, кей сәтте қыздарының балалық ішкі қалауларын ысырып, «чемпион болу» жолында тәртіп пен үздіксіз дамуды алғашқы орынға қояды.

Спортқұмар ағайынның назарын аудармай қоймайтын туындыда әуесқой тенниспен айналысып, алайда өзінен озық, әлем чемпиондарын баптай білген әкенің жігерін байқаймыз. Қыздары дүниеге келмей тұрып мақсат қоюы, соған жету үшін жоспарлы түрде жұмыс істеуі талапшыл әкені жетістікке жеткізбей қоймады: бес қызының ішінде соңғы екеуі Венус пен Серена теннистен «әлем чемпионы» атанып, кәсіби спортшы ретінде біраз шақырту алды.

Даңқтың дақпырты

Құны 100 млн долларды құрайтын фильм жарияланған сәттен көпшіліктің талғамынан шығып үлгерген.

Rotten Tomatoes сайтының мәліметінше, фильмді көргендердің 91 проценті үздік деп бағаласа, орташа рейтингі 10-нан 7,2 баллды құрайды. Мұндай жоғары рейтинг басты рольдегі Уилл Смиттің арқасында болуы мүмкін деп болжағанымызбен, әлемдік кино сарапшылары туындыға түрлі қырынан қарап, сыни көзқарастарын жасырып қалмады.

«Сюжеті жағынан үздік ойластырылған фильм, бірақ сценарист пен режиссер Ричард Уильямстың барлық әрекетін дұрысқа балап, адам ретіндегі жағымсыз тұстарын, кей қасиеттерін жоққа шығарғысы келеді. Осындай қатал және тәртіпті бірінші орынға қоятын адаммен қалай өмір сүруге болады? Талапшыл әке бір қызды екіншісіне қарағанда көбірек қолдады ма? Мұның бәрі құпия болып қала бермек», – дейді сыншы Питер Брэдшоу. Бір айдың ішінде бүкіл кино әлемін шулатқан «шедевр» жайлы пікірлер мұнымен толастамайды.

– Бұл өте әсерлі отбасылық кино. Әрине, туындыда санаға жарылыс жасайтын ештеңе жоқ. Бірақ бастысы мұндағы әр кейіпкердің риясыз бейнесі шынайы өмірді, айналамызда боп жатқан шиеленістерді суреттейді. Осылайша кейіпкерлерге еріксіз бірге еріп кетеміз, – деген пікірін білдіреді Empire Magazine журналының өкілі, киносыншы Алекс Годфри. Сонымен қатар сыншы фильмдегі қос чемпионның әкесі болған Смиттің жаңа бейнесі оның мансабындағы ең үздік роль деп бағалайды.

Орындалмаған арман

Фильм тынымсыз еңбек пен мақсатқа жету жолындағы мұқалмаған жігерді, шынайы өмірді, кедейлігіне мойынсұнбаған чемпиондарды, өз бағы жанбаған бапкерді қатар көз алдымызға әкеледі. Жастық шағында теннистен «чемпион» болуды армандап, құны биік мақсатына қол жеткізе алмаған әке – бүгінгі тынымсыз бапкер, қыздарының болашағын өзі шешкен қатал ұстаз.

Психологтар басты кейіпкер Ричардтың әр отбасыда кездесетінін айтады. Көп жағдайда ата-ана жастық шағында мақсаттарына қаржылық қиындықтардың себебінен қол жеткізе алмайды да, болашақта өз арман, қалауын баласына «тықпалайды». Осылайша өз эгосын қанағаттандырады. «Мен көрмегенді балам көрсін» деген қазақы түсініктің астарында да осы бір ішкі қалау жатыр.

Алайда әр бала – жеке тұлға. Өз өмірі үшін таңдауды өзі жасауы тиіс. Қос кейіпкердің теннис үйірмесіне қатыспай-ақ әлем чемпионы атануы әкесінің орындалмаған арманын жүзеге асырумен тең. Он бірінші сыныпты бітірген түлектердің мамандық таңдауда тауы шағылып, өзі басқаны қалағанмен, ата-анасының айтуы бойынша өзге салаға кетуі де қарапайым мысал. Яғни, фильм бір қарағанда талапшыл әке мен мақсатқа жету жолындағы тынымсыз күресті сипаттағанымен, астарында мүлде басқа мәселе бар. «Өзіңді тану – әлемді тану» дейді данагөйлер. Демек әр баланың өзін тануына мүмкіндік беру ата-ананың қолында деп топшыладық фильмді тамашалай келе.

Дина БӨКЕБАЙ