Өмір баспалдағының екінші бір кезеңіне аяқ басқанда үлкен қуаныш көрдік. Біз үшін студенттік өмір – қызығы таусылмас дәурен секілді еді. Ата-ананың берген қаржысын қалтаға салып, алғашқы бір айды тоқшылық пен кеңшілікте өткізген «балмұздақтардың» алдынан тест сынақтары күтіп тұрғанын мүлде сезінбесек керек. Кітап парақтап, дәптерді шимайлаған студент көрсек төбе шашымыз тік тұратын. Біздің бойымызды қорқыныш түбегейлі жаулай алмады. Себебі, ата-анадан жырақтап өзге елге, не болмаса өзге қалаға асықпадық.

Жаңа орта, жаңа ғимарат, жаңа ұстаздар мен бұрын мүлде естімеген мамандыққа сай термин сөздер. Өмір өзгеріп кеткендей. «Аудитория, эдвайзер, рубежка, силлабус» сынды сөздер айтылып жатыр. Білмесе де білгендей кейіп танытқан топтастардың жүзінен қуаныш сезіледі. Кезекпен өзін таныстырып, білім алуға сақадай-сай екенін тілге тиек еткендері де болды. Араға ұзақ уақыт салмай-ақ бұл өмірге де үйренісе бастадық. Еркіндік, ұмтылыс, қайсарлық қазықтай қағылып, арқаға ауыр жүк байланды. Студенттерді бөліп жару мүмкін емес. Жарқын естелікке тоймайтын білім алушыларды өз қызығу­шылық­тарымен ғана ерекшеленетінін ойламасақ керек. Бірін сабақ қызықтырса, енді бірін шара қызықтыратын. Өз идеяларын жүзеге асыруға ұмтылған студент жолына тұсау болмайтын оқытушылардың асқан білімділігі зор қошеметке ие.
Індет дендеп, қашықтықтан білім алу жүйесіне көшкен күндері бас киімін аспанға ұшырған студенттерді көп ұзамай сағыныш сазы кернегені де рас. Ыстық ұяға айналған білім ошағының ұмытылмас сәттері мен студенттік өмірдің бал күндері көңілді толғандырмай қоймады. Мендегі білімге деген махаббатты оятқан оқу орнындағы оқытушылар. Сырдың сырлы әр студентіне өз баласынан кем қарамайтын ұстаз мәртебесі жоғары екені ауыз толтырып айтарлықтай. Студент өмірінің өзіндік орынға ие болуы кез келген тұлғаның өз қолында. Таңсық өмірден көкірек көз ашылып, жаңаша өмірдің қалыптасуы қоршаған ортаға байланысты. Ал, студент өмірінің әр кірпіші біз жүрген ортамен қаланатынын жадымыздан шығармайық.

Айгерім Әлішер

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!