Ел жастары арасында «Zhas Project» жобасы бойынша шағын грантты тағайындауға байланысты өтініш қабылдау 9 қазаннан басталды. Жоба 18-35 жас аралығындағы жас қазақстан­дықтардың бастамаларын қолдауға бағыт­талған. 

«Zhas Project» жобасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырысы бойынша іске асуда. Бұған дейін де бірнеше жылдан бері көптеген жас кәсіптің табалдырығын аттап, осы жобаның игілігін көрген. Биыл аталған бағыт бойынша 14 үміткердің жобасы мақұлданады деп отыр жауаптылар.

«Жобаның мақсаты – NEET санатындағы жастарды жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту. Байқауда осал топтар мен шалғайдағы ауыл жастарына ерекше басымдық берілетін болады. Өтініштер 9 қазаннан бастап 22 қазанға дейін қабылданады. Байқауға іріктеу 23 қазан мен 31 қазан аралығында өтеді. 1 қарашада байқау жеңімпаздары хабарланады. Қызылорда облысында 14 үміткерге «Zhas Project» шағын гранты – бір адамға 1 миллион теңгеге дейін беріледі. Өтініш беруші конкурсқа қатысу үшін тек 1 әлеуметтік жоба ұсынады», – дейді  Қызылорда облысы бойынша «Zhas Project» жобасының тәлімгері Әкімбек Әлібек.

Жоба үш кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезең – қатысушылардан өтініштерді қабылдау және іріктеу, екінші кезең – кәсіпкерлік дағдыларға оқыту, тәлімгерлік қолдау, жобаларды іске асыру, ілгерілету және дамыту бойынша кеңес алу, үшінші кезең – «Zhas Project» кәсіпкерлік апталығын өткізу.

«Бұл – коммерциялық жоба емес, әлеуметтік жоба. Осыны есте ұстау керек. Мәселен, үйде отырған аналарды оқытамын, қайта даярлаймын, мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытамын, олардың мәселесін шешемін, оларға қажетті арба жасаймын, оны тегін таратамын деген сияқты жобалар. Олар ұтқаннан кейін жыл аяғына дейін екі ай тегін қызмет көрсетеді. Ары қарай коммерциялық негізде жұмысын жалғастыруға болады», – дейді Әкімбек Мұратбекұлы.

Әлбетте, әрбір кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігі болу керек. Қоғам осылай ғана дамиды. Бірі-бірін демеп, қолдағанда ғана бақ қонады. Иә, бағдарлама аясында жастарды кәсіпке тартатын түрлі жобалар көрініс тауып жатады. Әрине, екі қолға бір күрек іздеген әрбір жастың кәсіп бастауға мүмкіндігі де, құқы да бар.

«Бұл жоба жастарға көп мүмкіндіктер береді. Әсіресе, жұмыссыз жастарды, пробация тіркеуінде тұрған жастарды қоғамға бейімдеуде, осы қоғамның белсенді мүшесі болуына зор мүмкіндік. Ал қаражат ұлғайту бойынша ешнәрсе айта алмаймыз. Қазір де сол 2018 жылы бекітілген қаржы көлемі. Ал грант санына байланысты айтатын болсақ, 2018 жылы тек Қызылорда облысының өзіне 400 грант бөлінген еді. Ал қазір Қазақстан бойынша 480 жоба қарастырылған. Жоба саны қысқарғанмен, сапа артады деп сенемін. Жастардың қызығушылығы өте жоғары. Кейбірі талапқа сай болмауына байланысты ғана кейін қайтарылып жатыр. Қазірдің өзінде 200-дің үстінде өтінім түсті», – дейді Әкімбек Әлібек.

Байқауға қатысу үшін өтініш беруші барлық қажетті сауалнама деректерін және жобалық өтініш нысанын толтыра отырып, ақпараттық ресурста тіркелуі тиіс.Техникалық іріктеуден өткен барлық өтініштер комиссия мүшелерінің қарауына жіберіледі. Байқау комиссиясы сыртқы сарапшылардан тұрады және бағалау крите­рийлеріне сәйкес жобаларды таңдайды. Оның құрамында жастар саясаты,  қоғамдық даму басқар­масы, жастар ресурстық орталықтарының және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болуы тиіс.

Шынтуайтына келсек, елде «Елдің қамы үшін кірістім» деп, қоғамдық жұмыстың артына өзінің жеке мүддесін қиюластырып қоятын кәсіпкерлер жетіп артылады. Әсте ол толқынның ізін басқан жаңа толқынды дұрыс бағытқа баулуда бұл жобаның қосар үлесі қомақты сияқты.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!