Ұлттық арнада мыңдаған көрермен­нің сенбі сайын күтетін сүйікті бағдар­ламасына айналған «Қазақстан дауысы» байқауының финалдық кезеңі өтті.Атал­ған жобаға 6 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірсе, соның ішінен 200-ге жуығы шақырту алған. Байқау бары­сында өнерін ортаға салған­дардың қата­рында Украина, Қырғызстан, Грузия, Қы­тай елдерінен келіп бақ сынаған­дар да жетерлік.

Түрлі деңгейде бой көрсеткен қатысушылардың өнерін төрт тәлімгер – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері Сәкен Майғазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева, халықаралық конкурстар­дың лауреаты Батырхан Мәлік сараптап, өз коман­дасына жинады. Ал қатысушылар тәлімгерді өзі таңдады. Сонымен бірге төрт тәлімгер өз тобындағы бақ сынаушыларды әр кезең бойынша бағалап, іріктеуден өткізуі тиіс.

Шарт бойынша соңғы кезеңде жеңімпазды қарапайым халық, көрермен қауым СМС дауыс беру арқылы анықтайды. Нәтижесінде қызылордалық он сегіз жасар әнші Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» атанып, 5 миллион теңге ақшалай жүлдеге ие болды. Айта кету керек, жобада Құралайға қазақ эстрадасының белгілі әншісі Сәкен Майғазиев тәлімгерлік жасады.

Жерлестер  – жеңіс төрінде

«Жаңа ғана Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» жобасының 2021 жылғы жеңімпазы атанды. Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Жеңіс Ысқақовадай күміс көмей, алтын дауыс әнші апаларының ізін жалғастырып келе жатқан Құралай қызымызды Сыр жұртшылығы атынан қуана құттықтаймыз!», – деп жазды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өз парақшасында.

«Өнерге деген махаббатым 5 жасымнан басталды. Алғашқы күні«Қорқыт қобыз» әнін өзгеше бағытта орындап, келесі кезеңге өттім. Таңдауыма тоқталсақ, Сыр елінде туып, өскеннен кейін дәл осы әнді байқауда орындағым келді. Көпшіліктің көңілінен шығып жатқанына қуаныштымын. Қолдау мен халықтың жылы пікірлерінің арқасында осы додадан жеңіп шығатыныма сенімдімін», – деп жазған еді жас әнші Құралай Мейрамбекқызы. «Сыр елінің сандуғашы» атанып үлгерген арудың жеңісі өнеріне берілген шынайы баға деп білеміз.

Финалған дейін жетіп, үздік үштікті қорытындылаған тағы бір қызылордалық жас талант – Ернар Амандық. Арал ауданы Қызылжар елді мекенінің тумасының ән өнеріне келуіне себепкер болған әкесі – аудан, облыс көлемінде есімі елге танымал Амандық Жүгінісов. «Орта Азия аруының» жеңімпазы Гүлмира Баймұратова, «Азия дауысында» талайды таңдандырған Гүлнұр Оразымбетова, өнердің оғланы Шынберген Сүлейменов сынды таланттарды ұшырған киелі топырақтан шыққан жас дарын ауылындағы Қызылжар орта мектебін тәмамдап, 2016-2019 жылдары Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің «Дәстүрлі ән» кафедрасында кәсіби білім алған. Әке аманатын, өнердің биік талғам мен кәсіби сауаттылыққа құрылатынын жете түсінген Ернар білімін алуын мұнымен тоқтатпай, 2019 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына оқуға түсті. Қазіргі таңда ол – Берік Айтжанов шеберханасының «музыкалық драма әртісі» мамандығы бойынша 3 курс студенті.

Жерлестер  – жеңіс төрінде

Тілшілерге берген сұқбатында Ернардың өзі де: «Дәстүрлі ән бағытын таңдауыма әкемнің әсері болды», – дейді. «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп Бекұзақ Тәңірбергенов айтқандай, өнерді, ән-жырды жан-жүрегімен сезінетін аралдықтардың, қызылордалықтардың елеусіз жатқан ел ішінен шығып, талайды мойындатып жүрген талантты ұл-қыздарға шын тілекші екені, сын сағатында қолдаудан қашпайтыны анық. Топ жарып, талай жүректі әнмен тербеп үлгерген қос әншіге өлмейтін өнер, шығармашылық табыс тілейміз!

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!