«Алматы-Петропавл» бағытындағы жолаушылар пойызында келеңсіз жағдай. Ер адам купе ішінде есігін ішінен жауып, жанындағы бейтаныс қызды зорламақ болған, деп хабарлайды Экспресс К. 

Абырой болғанда жас қызды көрші купедегі әскери қызметкер құтқарып қалған. Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға кешкі сағат 18:00 шамасында болған. Петропавлға бағыт алған жолаушылар пойызында кезекті іс-сапардан қайтқан 6637 әскери бөлімінің әскери қызметкері, майор Еркін Жантурин бейтаныс қыздың көмекке шақырған дауысын естиді.

Бірден дыбыс шыққан купеге барғанында, есіктің іштен жабылғанын байқаған. Ал ішінде бойжеткеннің «құтқарыңдар» деген айғайы шығуда. Офицер есікті күшпен ашуға тырысады. Осылайша ішке кіргенде үрейленген қыздың бұрышта отырғанын байқайды. Ал жанында белгісіз ер кісі тұрыпты.

Мейрамхана вагонынан кешкі ас ішкеннен кейін купеге келіп, тынығайын деп жатқаным сол еді, жас қыздың көмек сұрап, айқайлаған даусын естідім. Купеге кірген кезде ер кісінің қызды қорлауға тырысып жатқанын байқадым және оны дереу ұстадым,

— дейді Еркін Жантурин.

Офицер, сондай-ақ, жас қыздың бір купеде келе жатқан ер адам оған таныс емес екенін түсіндіргенін де айтты. Осылайша «Сарышаған» станциясында полицейлер 36 жастағы ер адамды алып кеткен. Қазіргі уақытта бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!