Есіл уақытын етік тігуге жұмсап, машақатына мазасызданбау нағыз шебердің ісі. Кетеуі кеткен аяқ киімді келісті етіп, жыртығын жамап, түскен табанын тастай бекітіп береді. Көз майын тауысатын көне кәсіпке шыдам мен төзім керек-ақ. 85 жастағы Қорабай Телеуов есімді қария қолынан біз бен балғасын әлі тастамады. Ол – Арал ауданы, Қызылжар ауылындағы жалғыз етікші.

– Әскерде жүргеннен етік тіге бастадым. Кейін Қазалы ауданына қарасты балық зауытында 2 жыл жұмыс істедім. Негізі адам еріккеннен етік тікпейтіні рас. Тебеннен теңге табудан бұрын, етік тігуге талпынысым мен қызығушылығым зор болды. Өйткені мұның өзі өнер. Осылайша Арал ауданына қайтып, тігін фабрикасына орналастым. Зейнетке шыққанша қызметтен табан аудармай, енді міне зейнеттен кейін де кәсіптен қол үзбедім, – дейді Қорабай ақсақал.

Иә, етік тігу білгенге маржан, білмеске арзан көрінеді. Бәтеңке бауына, ұлтараққа да ұқыппен қарайтын етікшінің көмегіне жүгінетіндер аз емес. Өйткені жарамсыздың өзін қайта тігіп беруге қауқары жетеді. Дүңгіршекте құрал-сайманын түгендеп отыратын етікшілердің еңбегі зор-ақ. Соған қарамастан жауырыны еңкіш тартып, қолынан қайрат кететіні бірен-саран. Тапсырыс болса таңнан кешке дейін жұмыс істеуге бар. Бір қызығы, режим қалыптасқан қызмет болмаса да олар кәсібіне адал.

Егде жасқа келсе де еңбектен алыс кетпеген Қорабай қарияның шәкірттері бар. Оның шеберханасы – үйі. Шаңырағыңа келгеннің бәріне етік тігудің қыр-сырын тәптіштеп түсіндіреді екен. Жастардың атаны қаумалап, кеңесіне құлақ түретіні содан.

– Осы ауылдың қызы болғандықтан, бала күнімізден атаның етік тігетінінен хабардар болдық. Бүгінде ақ босағадан аттап, келін атанғаныма 17 жыл болыпты. Үйімізге етік тіктіру үшін ат басын бұратындар аз емес. Атамның жұмысына шағым айтып, ешкім етігін қайтарып әкелген жоқ. Бәлкім, атаның ыждағаттылықпен қарайтыны болар, көбі алғысын жаудырады. Қазір жолдасым Жаңаберген әкесінің ізін жалғап, кәсібін дөңгелетіп отыр. Атам сеніммен тапсырды. Бір емес үш тігін машинасымен, кейде өз қолымен етік тігеді. Алдағы уақытта жеке шеберхана ашып, атамыздың аманатын абыроймен арқаламақпыз, – дейді келіні Бақытжамал.

Қол қусырып қарап отырмайтын қария қыстыгүні киетін етікке тапсырыс қабылдайды. Материалды арнайы Астанадан алдыртады екен. Тіпті кейде шаңырақтағы ұлы мен келіні өздері барып, сапалы материалды қарияға әкеп береді. Тұрғындарды қалаға жүгіртпей-ақ, ауыл-аймақтың сұранысын қамтамасыз ету оңай емес. Ал Қорабай атаның іске ептілігі отбасылық кәсіпке айналғаны қуантады. Әлбетте бұл – етікші ескірген мамандық деген қасаң көзқарасты жоюға дәлел.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!