Фото: ашық дереккөзден

Қазақ қоғамында ежелден қыз баласына, жалпы әйел атаулыға деген құрмет ерекше болған. Әйел адамға қашанда үйдің әні мен сәнін кіргізіп отырған береке жылуы, ерінің ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған. Қазақ қашанда қыз баланы жоғары санап, қонақ деп төрге шығарып, «Қызға қырық үйден тыю» деп құрметтеген. Дәстүр ғана емес дінімізде де әйел адамына деген құрмет бөлек.

Табиғат аса жауапты міндет жүктеген арулар тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп дүниеге сәби әкеледі. Барша адамзат осы үшін де әйел затына бас июі керек деп ойлаймын. Әйел бақытты болса, әлем бақытты. «Айға сіңілі, қарындассың қасиетті жерге сен» деп Төлеген ақын жырлағандай, әйел-ананы бар жақсыға, бар кереметке теңеген. Ер адамды әйелден бір саты жоғары тұрады деп құрметтегенмен, әрбір мықты еркектің артында бір әйел тұрады деп бағалаған. Яғни ердің басын төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де әйел екенін білген. Осылайша ер мен әйел арасында өзара сыйластық, құрмет болған. Ал бүгін ше? Әйел затына деген сол құрмет қаншалықты сақталып келе жатыр?

Өкінішке қарай, бүгінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық адам құқықтарын бұзудың ең көп таралған түрі болып отыр. Тұрмыста кездесетін зорлық-зомбылықтың көбі жасырын қалып жатқаны шындық. Ондай жағдайға тап болған қыз-келіншектердің көп бөлігі «ұят болады» деп қымсынып, зорлық өмірге төзумен келеді. Алайда әйел бақытты емес жерде отбасы да бақытты болмайды. Әсіресе сол отбасында өсіп келе жатқан жас шыбықтай кішкентай балалардың жүрегіне жара салып, содан психикалық ауытқулар туындап жатады.

«Әйелдің қырық жаны бар» деген түсінікпен сол қорлыққа төземін деп денсаулығына үлкен нұқсан келтіріп, тіпті соңында сол зұлымдық жан тапсыруға дейін аяқталып жатқан жағдайлар жоқ емес. Қоғамды дүрліктірген осындай жағдайлардың бірі бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жары Салтанат Нүкенованың өлімі. ІІМ деректеріне сәйкес 2023 жылы кісі қолынан қаза тапқан әйелдер саны 400-ден асқан. Бұл көрсеткіш әлбетте қорқынышты. Тек әйелдер ғана емес, жас қыздарға да көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықтар көп. Осыдан қыз баласы өзін қоғамда қауіпсіз сезіне алмайды.

«Тәрбие отбасынан басталады» демекші, осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін алдымен балаға кішкентайынан қыз баласын сыйлауды үйрету керек. Әйел затына ана, әпке, қарындас ретінде қарап, құрметтеуді дәріптеген жөн. Қазіргі балалар тәрбиенің басым бөлігін теледидар мен телефоннан алып жатқаны өтірік емес. Сондықтан балаңыздың не көріп жүргенін үнемі тексеріске алып отыру керек. Сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындарында да қыз балаға деген құрмет туралы жиі айтылуы қажет деп есептеймін.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын шеккен әйелдердің басым бөлігі өз арызын қайтып алады немесе кешірім береді екен. Мұның бәрі әрине нәзік жандардың қалайда отбасын сақтап қалу жөніндегі әрекеті. Десе де, содан кейін қитұрқы әрекетін қайталайтын еркектер де жоқ емес.

Сөз соңында нәзік жандарға өз құқықтарыңызды қорғаңыздар дегім келеді. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Осындай қорлық пен зорлыққа отбасым үшін деп көніп жүріп, ертең ата-анасыз жетім балалар көбеймесіне кім кепіл? Олай болмағанның өзінде анасының зорлық көріп өскенін көрген қыз да жалтақ, әкесінің қол көтергенін көрген ұл да ез болып шығуы мүмкін ғой. Есі дұрыс еркек егер сол «еркек» деген атына лайық болса, ешқашан әйел затына қол көтермейді деп ойлаймын.

Құрметті аналар, әпке-сіңілілер өздеріңізді аялаңыздар, сыйлаңыздар! Өздеріңізге бағытталған титтей де дөрекілікке бей-жай қарамаңыздар. Заң бәріне бірдей әділетті. Өз құқықтарыңызды қорғаймын десеңіздер заң әрқашан сіздерді қолдайды.

Інжу Ақылбекқызы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!