Алматы облысында таудың етегі опырылып, екі үйді басып қалды. Тау жынысы үйді басып қалған кезде бөлмеде жасөпірім ұйықтап жатқан. Оқыс оқиға Талғар ауданы Бесағаш ауылында бүгін таңертең орын алған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Табиғи апат 27 ақпан күні таңғы сағат 9-да болған.
«Үйде тек үлкен ұлым болған. Таудан су кеткен. Құлаған таудың үйіндісі қабырғаны жарып өткен. Ауылда қазір жарық, су, газ өшті. Екінші үйді су алып жатыр. Құбыр жарылған сияқты. Құтқарушы мамандар келді. Бірақ арнайы техникалары жоқ. Олар тек суретке түсіріп жүр. Тау тағы құлайды деп отыр мамандар», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Назерке Сейілханова.
Тұрғындардың сөзінше, таудың етегіне тұрғын үй әкімдік салуға рұқсат берген. Опырылып түскен тау жынысы әліде тұрғындарға қауіпті.
«Үй заңдастырылған. Бесағаш ауылы, Баянауыл көшесі, 12 үй. Үйді 2021 жылы салғанбыз. Жергілікті әкімдік үйді салуға рұқсат берген. Үйімді қалпына келтіруге қатысты көмек сұраймын. Отбасымызда 4 адам: екі балам, анам өзім және тустарым да бірге тұрады. Өзім үшінші топ мүгедегімін, анам зейнеткер»,- деді Назерке Сейілханова.
Алматы облысы төтеше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның орын алғанын растады. Толық мәліметті кейінірек хабарлайтындарын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!