Бүгін республикалық, өңірлік және қалалық жалпыұлттық коалиция өкілдері – Руслан Рүстемов, Гүлшат Мұсаева, Садық Мұстафа, Бақтияр Сыздықов және Арайлым Байжігітова – «Ассоль» тұз зауытының еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында коалиция мүшесі Руслан Рүстемов жаңа Конституция жобасында қамтылған негізгі бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, құжатта заң үстемдігі, қоғамдық диалог, экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұраны сақтау және адам капиталын дамыту мәселелері көрініс тапқан. Сонымен қатар цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірге қол сұқпаушылық, ақпарат еркіндігі және цензураға тыйым салу нормалары нақтыланған. Адвокатураға қатысты жеке бап енгізіліп, білікті заң көмегіне кепілдіктер күшейтілгені айтылды.
Жиында еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесіне де назар аударылды. Жоба аясында еңбек ету құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру және қауіпсіз еңбек жағдайлары жөніндегі нормалар қарастырылғаны баяндалды.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Зауыт басшысы Нариман Әбжанов ұжым атынан кездесуді ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, алдағы республикалық референдумға қатысатынын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!