Уақыт – адамға берілген ең қымбат мүмкіндіктердің бірі. Оны қалай өткізу – әркімнің өз таңдауы. Алайда уақыттың қайта оралмайтынын естен шығармаған жөн. Осы орайда біз жастармен тілдесіп, шағын сауалнама жүргізуді жөн көрдік.
Кешкі Қызылорда. Сырдария жағасынан ескен жеңіл самал қаланы баяу тербеткендей. Күн тыныштала бастағанымен, жастар өмірі дәл осы сәтте жандана түседі. Бос уақыт олар үшін тек демалыс емес – өзін дамыту, орта қалыптастыру, тіпті болашаққа бағыт іздеу кезеңі. Дәл осы уақытта 22 жастағы қызылордалық Мағжанмен тілдестік. Ол бос уақытын тиімді пайдалануға тырысатынын айтты.
– Жұмыстан немесе сабақтан кейін түрлі іс-шараға қатысқанды ұнатамын. Дебат, жайдарман, университеттегі жобалар дамуға жол ашады. «Адам қоғамға тәуелді» деген сөз бекер айтылмаған. Адам әрдайым ортамен байланыста болуы керек.
Бос уақытымды осы қажеттілікті өтеуге жұмсаймын. Сонымен қатар кітап оқуға да уақыт бөлемін. Ал XXI ғасырда гаджеттерсіз де болмайды: YouTube, подкасттар, фильмдер – күнделікті өмірдің бір бөлігі, – дейді ол.
18 жасқа енді қадам басқан Аружан үшін бос уақыт – мүмкіндіктер кеңістігі. Ол еріктілер қозғалысына қатысып, қаладағы тазалық акциялары мен әлеуметтік жобалардан тыс қалмайды.
Ал 19 жастағы Нұртуған үшін ең құнды уақыт – жақындарымен бірге өткізген сәттер.
– Мен үшін ең маңыздысы – жақындарыммен бірге уақыт өткізу. Кейде бірге кітап оқимыз, кейде болашақ жоспарларымызды талқылаймыз. Мұндай сәттер қарым-қатынасты нығайтады, – дейді ол.
Дегенмен, барлық жас бос уақытын тиімді пайдаланып жүр деу де біржақты пікір. Кейбірі үшін бұл уақыт әлеуметтік желімен ғана шектеліп қалады. Сағаттап телефонға үңілу, мақсатсыз уақыт өткізу – бүгінгі қоғамның да айқын көріністерінің бірі.
Соған қарамастан, Қызылорда жастарының арасында уақыттың қадірін түсініп, оны дамуға бағыттап жүргендер аз емес. Бірі білім мен ізденіске бет бұрса, енді бірі қоғамға пайда келтіруге тырысады, ал кейбір адам арасындағы қарым-қатынасты жоғары қояды.
Қорытындылай айтқанда, бос уақыт – әр адамның қолындағы мүмкіндік. Оны тиімді пайдалану – жеке таңдау. Бірақ бір нәрсе анық: уақыттың қадірін білген адам ғана өз болашағын саналы түрде қалыптастыра алады. Бастысы – бос уақыттың бағасын білу.
Ақбота Қолғанат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
