Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әйелдерге күш көрсетуді ақтауға болмайтынын айтып, бұл әрекетке қатысты ойын Threads парақшасында жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өнер иесі жазбасында әйелді ұрып-соғуды ер азаматқа тән әрекет деп санайтындарға сын айтты.
«Әйелді сабап, соны мақтаныш көретіндер, қай беттеріңмен өздеріңді еркек деп жүрсіңдер?! Жұдырықтарың әйелге ғана жүретін болса, сендер еркек емес — малсыңдар болды», – деп жазды Димаш Құдайберген.
Ол әйелге күш көрсетуді адамдыққа жатпайтын әрекет деп бағалады.
«Әйелге әлімжетік жасап абырой жинаймын деу — адамдықтың ең төменгі шегі!» – деді әнші.
Димаштың бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Threads-тегі жарияланымға көптеген қолданушы қолдау білдіріп, пікір қалдырып жатыр.
Әншінің жазбасы соңғы кездері елімізде болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдерге қатысты күш көрсету мәселесіне қатысты болып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
