Қай заманда да адам жанының терең қатпары мен тұлға психология­сының құпия иірімдері ғылым мен өнер салаларына арқау болған тақырыптардың бірі. Адам психологиясы мен патологиясы жайлы түрлі зерттеу еңбектері мен шығармалар бар. Өмірге келу, қалыптасу, сүрген өміріңнен мән табу оңай емес. Кейде адам сүріп жүрген өмірі мен кешіп жатқан сезімінен мән таба алмай, өзінің шынайы болмысын қабылдай алмайды. Жалған, алдамшы түсінік соныңа кетеді.

«Бовари ханым» синдромы 1857 жылы жарық көрген Гюстав Флобердің «Бовари ханым» романының негізінде ғылымға енген адам мінез-құлқында болатын патология. Бұл синдромды ең алғаш 1892 жылы ғылымға енгізген – Жюль де Готье. Романға негізделген ғылыми эссесінде кейіпкері Эмма Боваридің психологиясына жан-жақты талдау жасайды. Бұл роман өз замынында, атап айтқанда, әйелдер арасында танымалдылыққа ие болады. Аз уақыт ішінде әлемге әйгілі классикалық шығармалардың біріне айналады. Дәл осы шығарманың негізінде «боваризм» түсінігі бірте-бірте ХХ ғасыр адамдарының психологиясына еніп, жеке адамның ерекше күйін анықтайды. Адам өз өмірін қабылдағысы келмеген сәтте, психологиясы ауытқушылыққа ұшырап, театр актёрі секілді өзге адам өмірін сүре бастайды. Романның басты кейіпкері Эмма дәл осы іспетті өзі ойдан құраған әлемде өмір сүреді. Ылғи байлық пен саяхат туралы армандап, қандай да бір ойдан шығарылған идеалды махаббатқа ұмтылады. Оның қалауын романтикалық романдардағы тартымды, әдемі суреттер одан әрі үстейді. Көбіне романтизм бағытындағы шығармаларда әдемі ханымдар мен рыцарьлар қорықпай әрекет етеді және барлығы дерлік бақытты ғұмырмен аяқталады.
Әдетте отбасын құрар алдында ғашықтардың басты қалауы – бір-біріне қолдау көрсете отырып, бақытқа жету. Бірақ отбасылық өмірде туындайтын әртүрлі қайшылықтар мен кедергілерге байланысты ерлі-зайыптылар бір-бірімен ажырасып жатады. Эмма отбасын құрмас бұрын Шарл Бовариге қызығушылық танытқанымен, отбасылық өмір оның толықтай көңілінен шықпайды. Ол күйеуінің өзіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығын бағаламай, бейтаныс адам санайды. Ылғи сән-салтанатты қалайды, жырақта орналасқан экзотикалық елдерге, «ай сәулесінің астында теңізге түсуге болатын жағажайларға» қашып кеткісі келеді. Осының әсерінен қарызға батып, күйеуінің көзіне шөп салады. Дәл осы себеппен ең соңында өз қиялында құрастырып алған әдемі өмір құрбанына айналады.
«Бовари ханым» синдромының ерекшеліктері:

  1. Романстарға шектен тыс құштарлық. Бұл синдромға ұшыраған адамдар үшін жалғыз қалу өте қорқынышты дүние. Өмірін өз қалауындағыдай идеал адамды күтумен өткізіп алуы әбден мүмкін. Күнделікті туындаған мәселелермен бетпе-бет келудің орнына, ылғи «өзіне лайықты адам» келіп, өмірін өзгертіп, мәселелерден құтқарады деген оймен өмір сүреді. Олардың жалғыз мақсаты – кітаптарда, сериалдарда немесе романтикалық фильмдерде сипатталғандай адамды табу. Сонымен қатар кез-келген жаңа таныстықты әсірелеп жібереді.
  2. «Боваризмге» ұшыраған адамдар шынайы өмірде бір адаммен қарым-қатынас құраған бастағанда өмірлік серігінің кемшіліктеріне аса назар аударады. Оның әр іс-қимылынан кемшілік байқаған сәтте оны жек көре бастайды және өзіне лайықсыз санайды, қызығушылығы жоғалады. Ғашық болу­дың алғашқы қадамы романти­калық махаббаттан басқа, шынайы махаббат не екенін түсін­бей­ді. Олардың қарым-қатынас туралы көзқарасы ешқашан тыныштықты, монотондылықты бастан өткермеген оқиғаларға немесе кейіпкерлерге негізделген.
  3. Шынайы қарым-қатынас құру мүмкін емес
    Кітаптағы немесе фильмдегі идеал махаббат аңсап, шынайы өмірден тым алыстап кетеді. Бір адамнан тез жалығады.

Шаһизада ИСА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
4 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!