Әдетте мектепте әсіресе қыздар құрбыларын жиі ауыстырып жатады. Біраз күн бір сыныптағы бір қызбен әп-әдемі болып тату-тәтті жүреді де, кейін сол қыздың басқа бір қызбен шүйіркелесіп бара жатқанын көресің. Келесі жолы үшінші бір қызбен қолтықтасып, алдындағы құрбыларымен тіпті амандаспай қалатын да жағдайлар болады. Кейде өзіңмен жан құрбы болып жүрген қыздардың кейбірі бір күні сол қыздың қасынан шықпай қалғанын көріп әжептәуір таң қалып қаласың.

Көбінде балабақшадағы балалар бір біріне тәтті-пәтті немесе ойыншық ала келіп, дос болып жатады ғой. Уақытша. Шамалы ренжісіп қалса, бірден теріс бұрыла салады да, басқа қыздарға дереу көңілі ауып кетеді. Мектептегі құрбыларын жиі ауыстыратын қыздарды көріп, сол есіме түседі.

Жалпы достарын жиі ауыстыратын адамдар қандай адамдар? Оларға сенуге бола ма? Сырыңды сақтай ала ма?

Бүгінгі әлеуметтанушы ғалымдар альфа ұрпақ деп атайтын буынның дені құбылмалы болатынын болжап отыр. Олардың бірден бір әлсіз тұсы – достарын жиі әрі оп-оңай ауыстыра алуында. Мұндай адамдармен қарым қатынаста сыр сақтау туралы айту артық болады. Демек уақыт өте келе достық ұғымы да белгілі бір шарттарға негізделуі мүмкін.

Сіз досыңыздың сатқындығынан аман қалуыңыз мүмкін, сіз оған оның досы болмағаныңызды түсінуіңіз керек. Демек бір адамды досым деместен бұрын ол сені досым деп санай ма және ол саған дейін қанша адаммен «дос» болды, соны ұғынып алу өте маңызды.

«Досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас» деген қазақ халқы қандай әулие халық десеңізші!

Сымбат ИМАНБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!