Фото: mosregtoday.ru

Қазір харрасмент мәселесі көптеген мемлекетті алаңдатып отыр. Әсіресе Шығыс Азия мемлекттерінде, Еуропаның кей бөлігінде харрасменттен зардап шеккен әйелдер көп. Кейбір оқиғалардың соңы қайғылы аяқталып жатады. «Ұят болады» деген түсінікпен құзырлы органдарға жүгінуден бас тартады. Кейде харрасмент құрбандарына шантаж жасап, белгілі бір әдістермен қорқытуы да мүмкін. Кейінгі уақытта бұл мәселе әйелдер ғана емес, балалар мен ер адамдар арасында да белең алған.

Харрасмент жайында сөз қозғамас бұрын оның не екенінен хабардар етейік. Харрасмент – адамның немесе топтың қарсы адамға, топқа жыныстық, эмоциялық тұрғыда қысым көрсетуі. Кейбірі харрасментті физикалық түрде жасаса, енді бірі жынысына қатысты кекетіп, әжуалауы мүмкін. Оның қайссын алсақ та харрасмент болып есептеледі. Кейінгі жаңалықтарға сүйенсек, елімізде халықтың жартысы харрасментті басынан өткерген. Оның көбі жұмыс орнында немесе корпоративті іс шараларда болады екен.

Мысалы, егер қандай да бір басшы әйел қызметкерге ыңғайсыз, анайы мақтаулар, ескертпелер айтатын болса, ол харрасмент болып есептеледі. Сондай-ақ интимдік жолмен біреудің мансабын көтеруді жатқызуға да болады. Әдетте харрасмент жасаушы жәбірленушінің айналасынан шықпай қояды, тіпті себепсіз тактильді қатынас көрсетуі ықтимал. Ал психологиялық харрасментке шантаж жасау, жынысқа, нәсілге, иерархиялық статусқа тиісу жатады. Айналаңыздағы жақын адамдар мүсініңіз, сырт келбетіңіз жайында мақтау айтса, оны қалыпты қабылдауға болады. Алайда көшедегі бейтаныс адам сол шамада өз ойын білдірген жағдайда сақтықпен қараған жөн.

2002 жылы Еуропалық одақ гендерлік теңдік директивасына өзгеріс енгізіп, харрасментті заңсыз деп қаулы қабылдаған. Осы заңнаманың аясында шет батыс мемлекеттерінде бұл қылмысты жасаған адамдар қатаң жазаланады. Ал Қазақстанда харрасментке қарсы шаралар «әттеген-ай» болып тұр. Бізде нақты харрасмент заң аясында қабылданбаған. ҚР Қылмыстық кодексінде «зорлау», «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық», «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу және жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттер» және «жыныстық қатынасқа, немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу» сияқты ұғымдар бар. Алайда харрасмент бұл нәрселерден тыс та орын алуы мүмкін.

Дегенмен экс-ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұл мәселені заң тұрғысында қолға алу жайында дабыл қағып жүр.

– Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан азаматтарымызды зорлық-зомбылық мен харассменттен қорғауда заңнаманы күшейту – кезек күттірмейтін іс. Заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы азамат кез келген жерде өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі керек, – дейді сенатор.

Иә, харрасмент көптің назарында болмаса да, біршама адамды елеңдеткені рас. Әсіресе кейінгі кезде «оқуға түсудің өзіне интимдік ұсыныс тастады» деген секілді жаға ұстатарлық жаңалықтарды құлағымыз шалып жүр. Астанадағы медицина университетіндегі оқытушы- профессордың жас қызды «жүрек соғысыңды тексеремін» деп көкірегіне қолын сұққаны – көтеріп отырған мәселемізге арқау. Харрасмент жәбірленушілеріне қазірден қолдау көрсетіп, алдын алу шараларын жасамасақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраушылар да көбейе бермек. Қазір қазақ қоғамы, әсіресе орта жастағы адамдар бұл мәселеге аса назар аудара қоймайды. Тіпті «тана көзін көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деп жәбірленушіні кінәлайтындар да жоқ емес. Ой жүйеміз осы шамада қала берсе, Пәкістан, Ауғанстан секілді әйел мен бала құқығы тапталған тағы бір «стан» санатына қосылуымыз ғажап емес.

Саида ЕСЖАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!