Фото: profplus.info

Өткен ғасырда үлкен жылдамдыққа ие болған ғылыми техникалық прогресс компьютерлерге және түрлі гаджеттердің тез таралуына әсер етті. Қазір интернетсіз өмір “көңілсіз” десе де болады. Компьютерлік технологиялар ғылыми жобалардың жаңа идеяларын біріктіретін «көпірге» айналды.

Компьютеризация біздің өмірімізге жағымды ғана емес, сонымен қатар кері әсерін тигізуде. Интернет және компьютер көмегімен қоғамдық және өндірістік қызметтің барлық сферасы қосымша мүмкіндіктерге ие болды. Осыған орай болашақта адам компьютер немесе интернетсіз толық өмір сүре алмайды деген болжамның жүзеге асу мүмкіндігі жоғары. Қазір көптеген ұйым, компания, фирма өз қызметін компьютерлік желісіз жүзеге асыра алмайды. Компьютерлік желілер сферасы тұтынушыларға өзінің жетілдірулері мен жаңа бағдарламаларын ұсына отырып, жедел әрі тұрақты дамуды жалғастыруда.

Компьютер мен интернет адамға көмекші бола алады, бір жағынан оның жеке кеңістікке үлкен қауіп төндіретін ақпараттық қоқыс әкелетін жау болуы да мүмкін. Әсіресе, қазір жасөспірімдер арасындағы интернет-тәуелділіктің кең таралуы – өзекті мәселенің бірі.

Әлденеге тәуелділік өмірдегі кей жағдайларға қанағаттанбауды білдіреді. Адамды қоғамдық өмірден алыстатып, шын өмірді ұмыттырады. Интернет пен компьютерге тәуелді адамдар интернет қолданбайтын адамдардың қасында өздерін мазасыз сезіне бастайды. Бұл көбіне компьютермен көп уақыт өткізетін балаларда байқалады. Мысалы, мектепте белсенділігі төмен, достары ұйымдастырған кездесулерге, пикникке, және әртүрлі іс-шараларға қатыспайтын балалардың ең жақсы досы – компьютер. Олар әрдайым проблемаларды ұмыту үшін немесе көңіл-күйлері нашар болғанда желіден қызық іздейді.

Компьютерге тәуелділік тіпті 6 жасар балаларда анықталған. Алайда ол 12-15 жасқа жеткенде күшейе түседі. Бірақ жасөспірім шақ – бұл өмірлік мақсаттар қалыптастыру, моральдық-адамгершілік бағдарлар жасау, әлеуметтік байланыстарды кеңейту кезеңі.

Бала виртуалды әлемге неге қызығады?

Мұның басты себебі көңіл көтеруге деген құмарлық, оның балалар түрлі компьютерлік ойындардан ала алады. Тағы бір себебі жасөспірімнің қараусыз қалуы. Яғни ата-ананың өз баласына қарауға да уақыты жетпейді. Мұндай ата-аналар баланың сезімдері, күйзелістері, мектептегі оқу үлгеріміне қызықпайды, өз баласының не қалап, қандай өмір сүріп жүргендігі жайлы білмейді. Олар жай ғана балаға алданыш ретінде компьютер сатып алады, бұл арқылы олар ата-аналық парыздан құтылғандай сезінеді. Келесі себеп ата-ана немесе оның орнындағы адамдар арасындағы үнемі ұрыс-керістер. Мұндай отбасыларда эмоционалды- психологялық күйзеліс орын алған. Виртуалды әлемге қашудың тағы бір себебі сыныптас немесе құрдастары жағынан көрсетілетін физикалық, эмоционалды-психологиялық зорлық. Ата-ананың айырылысуы да бұған себеп бола алады. Ата- анамен, құрдастарымен, сыныптастарымен немесе өзі үшін маңызды адамдармен қарым-қатынастың жетіспеуінен де интернет-тәуелділік пайда болады.

Баланың өзін-өзі бағалау деңгейінің төмен не жоғары болуы виртуалды реалдылыққа жүгінудің себебі болуы мүмкін. Егер де баланы өз жанұясы, ата-анасымен қарым-қатынасы немесе өмір сүру ерекшелігі қанағаттандырмаса (мысалы, ата-анасы ішімдікті көп қабылдайды), мұндай жағдайларда балада өз отбасын жатсыну сезімі пайда болады, соның нәтижесінде виртуалды әлем баланы толық өзіне сіңіріп алады. Егер де жанұяда ата ана балаға қатыгездікпен қараса, зорлықты көрмеу мақсатында виртуалды әлемге кіріп кетеді. Бұл жаңа әлемде оны ешкім ренжітпейді, ол әрқашанда өзін-өзі қорғай алады, күшті әрі жеңімпаз болады. Көбіне балалар виртуалды әлемге ену кезінде оған төтеп бере алмайды. Компьютерге тәуелді жасөспірім өзінің қарым-қатынас шеңберін интернетпен шектейді.

Баланың бойында интернет-тәуелділігін байқаған жағдайда қолданылатын шара: ата-анасы интернет және компьютердің әсерінен бала өмірінің қаншалықты бұзылғанын өзіне көрсетуге тырысуы керек. Егер де бұл жағдай тәуелділікке дейін жеткен болса, ол адамды бұл істі тастауға көндіру маңызды. Ал ешқандай нәтиже болмаса, кәсіби жәрдем алуға болады. Адам өзінің тәуелді екендігін және өзін тоқтата алмайтындығын түсінгеннен кейін шектеу қажет. Егер де кәсіби немесе басқа тұрғыдан қажеттілік болмаса, компьютерді немесе интернетті алып тастаған дұрыс.

Қорытындылай келе, шынайы өмір виртуалды өмірден әлдеқайда жақсы. Педагог Макаренконың: «Баламен шындап сөйлесу үшін орын мен уақытты таңдай біліңіз. Кіре берістегі, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде керекті із қалдырмайды» деген керемет сөзін әрбір ата-ана жадында сақтап жүрсе екен.

Самал ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!