Күннің ызғары сезілген сәттен бастап көмір керек дейміз. Әкеміз, ағамыз ертемен кетіп, кеш батқанда екі қолы бос қайтады. Біз жарықтық үйде отырып түсінбей, «күнде-күнде не сандалу?» дейміз ғой баяғы, сөйтсек, мәселе шаш етектен.
Азанда барып көмір кезегіне тұрған адам сол күні керегін арқалап кетсе жақсы, кезегі келмесе, келесі күні тағы осында «тұрақтауға» мәжбүр көрінеді. Бір ғана сұрақ. Неге лимит бекітілген?
Көмір қоймасындағы жағдайды көзбен көрдік. Нақты неше сағат тұрғанымыз белгісіз, күннің ызғарында көліктің ішінде отырып ақ абыржығанымыз анық. Кейде өзге көліктер камазбен, прицеппен алып кетіп жатады. «Қайран күткен» еңбегім дейсің…
«7472 тонна түгілі, бір қап көмір жоқ. Қойманың сыртында тұрған ЗИЛ-дың үстінде 4 тонна көмір тұр, алып-сатар әр тоннасы 16 000 теңге деді.16000*4+15000(әкелуі)=79000 теңге. Ол анық 4 тонна шықпайды, өйткені «жейтіні» бар. Сонда шамамен 79000 теңгеге 3,5-3,7 тонна көмір алып қайтасың. «Таразыдан жемейді, әкімдіктің адамы сол жерде бақылап отыр» дейді. Бақылауын бақылап отыр, бірақ магнитті таразының қай жеріне қойғанын таппай отырған сияқты», – дейді көмірге кезекке тұрған Арман Жұмабаев есімді тұрғын.
Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының мәліметінше, көмір отынының тапшылығын болдырмау мақсатында қала әкімдігі тарапынан тұрақты түрде қадағалау жүргізілуде.Жылу маусымында тұрғындарды қатты отын қорымен қамтамасыз ету мақсатында маусым айында қала әкімдігімен көмір тасымалдаушы жеке кәсіпкерлер «KHAS COM» және «Қарымсақовпен» келісімшарт жасалған.Қазір «Қарымсақов» ЖК 2 вагон, яғни 138 тонна көмір бар болса, «Khas com» жеке кәсіпкерлігі 4 вагон 276 тонна Шұбаркөл көмірі жолда, ертең жеткізілетінін хабарлады.
«Көмір алып, көңіл жылыта алмай жүрміз. Қапы қылатыны көмірдің болмауы емес, көмір базасындағы тәртіпсіздік. Ұятты ысырып қойғандарды көрдік. Он күннен асты. Ала алмай жүрміз. Ондағы халық баяғы жабағы адамдар тәрізді бір-бірін сыйламайды, тыңдамайды, кезек сақтамайды, баса-көктеп тырбанып жатыр. Әрине, өйтпегенде қайтсін, бірнеше тәулік басында көліктің ішінде мұздыаяқ болып жаурап, кезек күткенде көмір базасының екінші жағындағы есіктен «Өзіміздікі» деп айдар тағып алған қос-қос тіркемемен екі самосвал Камаз, бір ЗИЛ, бір Газ-53 автокөліктері кезексіз кіріп, күніге әрбірі 3 рейстен жасап жатса… Мындағы бір кезектің соңында үш тәулік күткен азаматтардың шыдамының шегі келмес пе?! Орайы келгенде айтайық, әлгі «өзіміздікі» деп «черный ходтан» кіріп жүргендер көмірді қайда апарады? Бақсақ, «Сығанақ» базарындағы көмір сататын орталыққа, одан бөлек Шиелі, Жаңақорғанға қарай тасиды екен. Бір базадан екінші базаға көліктер 5 мың теңгеге тасып жатыр. Міне, осылай бір-бірінің үстінен пайда көрген заман туды», – дейді тағы бір тұрғын Аңсаған Якудаева.
Жылу беру маусымына жалпы қажетті 176,2 мың тонна көмірдің бүгінгі күнге 95% немесе 167 мың тоннасы жеткізілген. Сондай-ақ қала және аудандардағы көмір қоймаларында нақты 7472 тонна (Қызылорда қаласы – 414 тн, Арал ауданы – 1500 тн, Сексеуіл кенті – 1300 тн, Қазалы ауданы – 708 тн, Қармақшы ауданы – 110 тн, Жалағаш ауданы –20 тн, Сырдария ауданы – 420 тн, Шиелі ауданы – 1400 тн, Жаңақорған ауданы – 1600 тн) көмір бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетовтың айтуынша, қазір аймақта жылу беру маусымы тұрақты.
«Жалпы облыстағы 1064 әлеуметтік нысан мен 845 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету үшін барлық көмір қоймаларына мониторинг жүргізілуде. Өңірде көмір тапшылығы жоқ және қатты отын бағасын тұрақты ұстау үшін өңірлік операторлармен меморандум жасалды», – деді басқарма басшысы.
Көмір бағасы маркаларына сәйкес (Шұбаркөл, Каражыра, Богатырь) 14 800 теңгеден 19 000 теңгеге дейінгі аралықта сатылуда. 18 қарашада Қызылорда қаласына 4 вагон келсе, 19 қарашада 10 вагон келеді деп күтілуде.
Жеке тұлғалардың көмірге дер кезінде қол жеткізе алмауы – көмір жоқ деген «гу-гудің» кеулеуіне әкеп соқтырады. Қоғамның көңілі күпті. Қауесет пе, шындық па? Қыс болса қыр астында. Халық қара алтыннан қағылып қалмай ма? Бізді осы алаңдатады…

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!