Қай уақытта болмасын мамандық таңдау мәселесі – адам өміріндегі ең жауапты қадамның бірі. Қазіргі кезде еңбек нарығында сұранысқа ие өзіңізге қызықты әрі қабілетіңізге сай болашақ мамандықты қателеспей таңдау өте маңызды.
С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алғаннан кейін, бітірген бағытпен жұмысқа орналастым. Уақыт өте келе өз салам бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін саладағы білімімді одан әрі кеңейту, тереңдету қажет екенін түсініп, магистратураға түсуге шешім қабылдадым.
Келесі кезекте алдымда магистратураны қандай мамандықта және қай оқу орнында оқу бойынша таңдау тұрды. Әрбір адам өз мамандығын саналы түрде таңдап, болашақта кім болғысы келетінін өзі үшін шешуі керек. Еліміздің медицина бағыты бойынша мамандар дайындайтын барлық жоғарғы оқу орнын ұзақ сараптадым. Менің таңдауым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тоқтады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1934 жылы ашылған және Қазақстандағы ең көне университеттердің бірі. 1991 жылғы 23 қазанда университетке Шығыстың ұлы ғалымы, ойшыл, энциклопедист, «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді.
Өз қызметін бастаған жылдардан-ақ ол мемлекеттік басқаруға, ғылымды, білім беруді, мәдениетті дамытуға, заманауи бизнес пен инновациялық экономиканы қалыптастыруға зияткерлік үлес қосатын мыңдаған маман иелерін даярлап шығарды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті институционалдық және білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингтерінің көшбасшысы. Университеттің QS WUR және The WUR әлемдік рейтингтеріне енуі оның халықаралық деңгейде серпінді ілгерілеуіне ықпал етті. Сондай-ақ QS беделді рейтингтік агенттігінің зерттеу қорытындысы бойынша «QS World University Rankings (QS WUR) – 2024» әлемдік рейтингінде 163-орын алды.
ЖОО-да студенттердің жалпы саны 30 000-нан асады, оның ішінде 54 елден келген 5000-нан астам шетелдік студент бар. MBA бағдарламасы бойынша 1000-нан астам денсаулық сақтау менеджері оқытылған.
Сондықтан да, еш ойланбай еліміздің үздік университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсу үшін құжат тапсырдым. Менің таңдауым «Денсаулық сақтауды басқару» мамандығы бойынша «Медицина және денсаулық сақтау» факультетіне түсті.
Бүгінгі таңда факультетте Түркия, Ауғанстан, Йемен, Иордания, Иран, Ирак, Кения, Пәкістан, Палестина, Сирия, Үндістан, АҚШ, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Түрікменстан студенттері білім алуда. Қазақстанның жетекші университеті ретінде, факультеттің жеке клиникалық базалары бар. Түлектер ірі жеке және мемлекеттік медициналық ұйымдарда, облыстар мен қалалардың денсаулық сақтау және санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармаларында табысты жұмыс істейді, олар қазіргі уақытта түлектердің жұмыс берушілері және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, студенттердің үздіксіз практикалық дайындықтарына белсенді қатысып, практикалық базаны қамтамасыз етеді. Факультет түлектерінің жұмысқа орналасуы 100% құрайды.
Сондай-ақ, студенттік өмір – бұл ашылудың, білім жинақтаудың ерекше уақыты, жарқын және есте қаларлық сәт. Университет білім алушының белсенді өмірлік ұстанымын, патриоттық рухын, оптимистік дүниетанымын қалыптастыру үшін барлық жағдай жасайды және студентке өзінің таланттары мен қабілеттерін толық ашуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, университетте жоғары білікті маман даярлауға, әлемдік білім кеңістігіне одан әрі интеграциялануға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білімдік, ғылыми, рухани, білім беру, инновациялық және өндірістік әлеует бар. Сол себепті, менің таңдауым – ҚазҰУ.
Айман ХАДЖИЕВА,
доцент, экономика ғылымдарының кандидаты,
Еркин МУСТАПАЕВ ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Денсаулық сақтауды басқару»
мамандығы бойынша 1-курс магистранты
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!