Фото: Zakon.kz

Қала ішінде көліктердің арасынан арпалыса өтіп, тапсырысты жеткізуге асыққан, мопед жүргізушілерін көп көретін болдық. Жүйіткіген қос дөңгелектегілерге қатысты сан алуан пікір айтылып жүр. Көше қозғалысына енді ғана араласа бастаған бұл көлік түріне сұраныс артқан. Заң аясында белгілі ережелер мен шектеулер де бар.

Мопед – көлемi 50 текше см-ден аспайтын мотормен қозғалысқа түсетін көлік. Екi немесе үш дөңгелектi, ал ең жоғары конструктивтi жылдамдығы сағатына 50 шақырым болады. Мопедке аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер және осындай сипаттағы басқа көлiк құралдары жатады. Күнделікті қаржы үшін қолданысқа ыңғайлы әрі жанар-жағармайды да көп қажет етпейтін мопед қарапайым халық үшін «құтты көлік» болып тұр. Мопед мінген жүргізушілердің дәрежесі велосипед айдаушылармен тең болғандықтан барар жеріне тез жету үшін арнайы жолақты басып өтіп, автомобиль жолдарын пайдаланады. Кептелісте кедергісіз қозғалатын бұл көлік түріне төнер қауіп те аз емес.

Былтыр 30 тамызда күшіне енген «Жол жүрісі туралы» заңдағы түзетулер мен 18 қыркүйекте жол ережесіне енген өзгеріске сай мопедші тротуар немесе жол жиегімен ғана емес, веложол және веложолақпен де жүре алмайды.

Жол ережесінде мопедшіге арналған шектеулер бұл ғана емес. Мопед мінген адамға мыналарды істеуге болмайды: рөлді кем дегенде бір қолмен ұстамай жүргізуге, жолаушы тасуға (жолаушы тасуға арналған арнайы орны болмаса), жүк тасуға (жүк тасуға арналған арнайы құрылғысы болмаса, сондай-ақ жүктің ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асса және алып жүргенде қиындық тудыратын болса), трамвай жолы бар және бір бағыттағы жолақ саны бірден көп жолда солға немесе кері бұрылуға, мопед, электросамокат, велосипед сүйреуге (мопедпен сүйреуге арналған тіркемені қоспағанда), қараңғы уақытта өзге көлік жүргізушісіне көрінетін жарық шағылыстыратын зат тақпай жол бойында жүруге тиым салынады.

Жол ережесінің 24-бөлімі, 1 тармағында мопедті тек 16 жасқа толған адамдар жүргізе алатыны жазылған. Соған қарамастан соңғы уақытта қала көшелерінде 16 жасқа толмаған балалардың скутер және электросамокат айдауға рұқсат жоқ бола тұра, осы көлік түрін басқарып жүргенін жиі көреміз. Тәртіпті ескермеу салдарынан жол апаты болып жатқан жайттар да аз емес.

Биыл Алматы қаласының өзінде мопедке қатысты 223 көлік апаты тіркелген. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қызылорда облысының Полиция департаментінің тапсырмасы бойынша 9 қыркүйектен бастап облыста жүргізілген арнайы іс-шара нәтижесінде жол ережесі талаптарын сақтамаған барлығы 53 скутер мен 10 самокат, мотоцикл және скутер иелері әртүрлі әкімшілік жауапқа тартылған.

Негізгі заң жобасына сәйкес, мопед жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған. Мұнан басқа мопед жүргізушілерін толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіру ұсынылып отыр.

Бұдан былай азаматтар мопедтерді басқару үшін уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді. Сонымен қатар, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайынғы техникалық байқаудан да өтуі тиіс.

Көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігі беріледі.

Жол ережесі мен «Жол жүрісі туралы» заңның бұрынғы нұсқасында мопедші шлем киюге міндеттелмеген. Ол мотоцикл жүргізушісіне міндетті болатын. Енді жол ережесінің 24-бөлімі 171-тармағының 8-тармақшасында мопедшіге шлемсіз жолға шығуға тыйым салынады. Ережеде шлем қандай болу керегі нақты жазылмаған, бірақ мопедші E стандартынан төмен емес жарамды сертификаты бар жоғары сапалы шлем киюі қажет. Мұндай жабдық сәл қымбат болатыны анық, бірақ жазатайым оқиға болса, қауіптен қорғайды.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!