Соңғы жылдары Сыр өңірінде сәні мен салтанаты жарасқан құрылыс нысандарының қатары артты. Ел игілігі үшін іргетасы қаланып жатқанқаладағы әр ғимараттың өз ерекшелігі бар. Бастысы құрылыс алаңындағы сапа мәселесі жолға қойылса, халықты сүйіншілейтін жаңалық көп болары сөзсіз. Осы орайда биыл аймақта еңсе көтерген жаңа нысандар жайлы айтуды жөн көрдік.
Қаланы ерекше реңге бөлеп, тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсететін нысанның бірі – Өнер орталығы. Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында салынатын ғимаратқа 2,0 гектар жер көлемі белгіленген. 1000 орынға арналған көпфункционалды кешен мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалары мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізуге арналған.Ал жобаның жалпы құны – 3,7 миллиард теңге. Бүгінде құрылыс алаңында 40-қа жуық адам жұмыс істеуде. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығы «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесіне жүктелген. Екі қабатты нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде.
– Негізі құрылыс жұмыстарын былтыр күзде бастадық. Қазір қыс мезгілі болғандықтан жұмыс тоқтап тұр. Оның үстіне монолит құюға көп адам керек емес. Қаржыдан мәселе туындамаса, жұмысшылар уақытпен санаспай, істің ілгері жылжуын мақсат етеді. Қазір нысанның астыңғы қабатын салып қойдық. Көктемде негізгі бөлігіне көшеміз деп отырмыз. Сол кезде жұмысшылар санын да көбейтетін боламыз. Техникалар жеткілікті, – дейді мердігер мекеме директоры Темірхан Әлімқұлов.
Сыр сәулетіне сән беріп, эстетикалық талғаммен бой көтерген жаңа ғимараттың қатарында «Неке сарайы» да бар. Өткен жылы іргетасы қаланған бұл нысанның жаңа өмірге қадам басатын жастар үшін жөні бөлек. Себебі бақытты әрі жауапкершілігі жоғары кезеңде неке құжатын табыстайтын салтанатты орынның жоқтығы айқын білінетін. Осыған дейін отау құруға ниетті жандар ескі ғимаратта орналасқан азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне табан тірейтін. Енді бұл олқылықтың да орны толады деген сенім бар.
Айта кетейік, жобалық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайын» бас жобалаушы – «Крез-Сервис» ЖШС. Ал мұндағы жұмыстың уақытылы әрі сапалы бітуіне «Авангард-ПГС» ЖШС мекемесі жауапты.
− Бір ескеретін жайт, қала тұрғындарының саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті қалалық АХАЖ бөлімінде сақталатын құжаттардың да саны артуда. Мұрағаттағы құжаттардың сақталу талаптары бар. Температура, ылғалдылық белгілі бір деңгейде болуы тиіс. Жаңа неке қию сарайында азаматтық хал актілерін жазу бөлімі қызметі үшін барлық жағдай жасалатын болады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Мұрат Бекенов.
Заманауи архитектуралық талаптарға сай салынып жатқан екі қабатты ғимаратта неке қиятын, салтанатты жиын өткізуге, мерекелік шараға арналған залдар, өтініштерді қабылдау кабинеті, тағы басқа қажетті бөлмелер қамтылады. Азаматтардан өтініш қабылдау, неке қию актілерін тіркеу, қызметкерлерінің жұмыс орындары да назарға алынған. Құрылыстың жер көлемі – 856 шаршы метрге жуықтаса, ғимараттың жалпы ауданы – 2100 шаршы метр. Ал оның сыйымдылығы 110 орынға негізделген. Қазіргі таңда құрылыстың бірінші қабаты бітуге таяу, ал көктем мезгілінде ішкі-сыртқы жұмыстары қолға алынады. Күмбезді ғимарат толықтай мәрмәрмен, ал сыртқы бөлігі травертинмен қапталады. Бір қуантарлық жайт, нысанды салу барысында қолданылатын құрылыс заттарының 90 пайызы – қазақстандық өнімдер. Құрылыс жұмыстары тамыз-қыркүйек айларында аяқталып, халық игілігіне беріледі деп күтілуде.
Биылғы жыл аймақ абыройын асқақтатып, доп додасында сынға түсіп жүрген «Қайсар» командасының жанкүйерлері үшін де сәтті басталды. Себебі аймақ басшысы Сырдың сол жағалауында 7 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталатынын мәлімдеді. Құны 5,6 миллиард теңгеге жобаланған стадион «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен жүзеге асады. Ресейдің Краснодар қаласында 12 миллион долларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынғанын ескерсек, заманауи талаптарға сай орталықтың келушілерді көп күттірмейтініне үміт мол.
Аймақ тұрғындары үшін кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынып жатқан «Анаға тағзым» орталығының да маңызы ерекше. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт-дәстүрді дәріптейтін орталық мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Мұнан бөлек, өткен жылы бас шаһарда бой көтерген қан орталығының құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бас мердігер «СК Дәнекер» ЖШС мекемесіне жүктелген үш қабатты нысанда қанмен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші 500-10000 дейін артатын болады. Сыр медицинасына елеулі үлес қосатын нысандар қатарында сол жағалауда іргетасы қаланатын көпбейінді 300 орындық аурухана да бар. Одан бөлек, Қорқыт ата халықаралық әуежайының жаңа терминалы мен 400 орынға арналған физика-математика бағытындағы мектеп интернатының, көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланады деп күтілуде.
Былтыр Қызылорда облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 116,6 пайызға, ал тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 103,3 пайызға өскен. Жоғарыда айтылған құрылыс нысандары қолданысқа берілсе, бұл көрсеткіш биыл да жоғары деңгейге көтерілетіні анық.
Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!