Байқасақ, тіл үшін күрес, оның мән-маңызын түсіну әрбір қазақстандықтың міндеті. Себібі қоғамның құрылуы мен рухани кеңестігі тіл дамуына тілдің даму көрсеткішіне тікелей тәуелді. Қазіргі таңда демократиялық тенденцияларды қатарға енгізіп әрі тілді сол жүйенің басты қозғаушы күшіне айналдырудағы мақсат та ұлт болашағына жасалған қадам екені даусыз.

Қазақ тілінің өркендеуі ұлттың тарихи жадын жаңғырту, бары мен жоғын түгендеу, заман көшінен қалмау секілді берік міндетті орындауға септеседі. Қызылорда өңірінде тілге қатысты мәселе жоққа тән болғанымен, келеңсіздіктердің алдын алу ісі кезек күттірмейді. Оның ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын нығайту сынды сындарлы міндет тұрғаны аян.

Пайымдауымша, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мемлекеттік басқару жүйесін қазақшалау арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонда ғана шынайы қолданыс аясы артып, қоғамдық қатынаста беки түсер еді. Сондықтан, мемлекеттік басқару жүйесіндегі азаматтарды тілімізді қастерлеуге, отбасы арасында ғана емес, қызмет бабында да белсенді қолдануға шақырамын. Бәріміз Қазақстанның қастерлі тілінің дамуына үлес қоссақ, ұлт пен мемлекет алдындағы міндетімізді орындағанмен пара-пар.

Мемлекеттік тілді сақтап, дамыту, сындарлы тіл саясатын жүргізу, сайып келгенде, ұлттық қауіпсіздіктің, мемлекеттің тұрақтылығының бір кепілі болып табылады. Сондықтан Қазақстанда тіл мәселесіне мемлекет тарапынан басым көңіл бөлініп келеді. Президентіміздің Жолдауларындағы маңызды тұстарының бірі де – тіл. Сондықтан мемлекет пен қоғамның аталған салаға басдық беруі көңіл қуантады.

Қанша тіл біліп, қанша жұрттың ілімін үйренсек те, артық емес. Бірақ, ең бастысы – жастардың бойында отаншылдық сезімнің, ұлттық рухтың әрдайым ояу болуы. Себебі тіл ұлттың тұғыры, мемлекетіміздің негізі саналады. Тілі жоғалса, мемлекет те жоғаларын ұмытпайық. Құндылығымызды қастерлей, мазмұнын тереңде отырып сүйіспеншілік дәнін себуге асыққан жөн.

Айқыз НЫСАНБАЕВА,

Жаңақорған аудандық сотының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!