Ішкі істер министрлігі Қазақстанда сотталғандарды колонияларда ұстау шарттарын өзгерту туралы бұйрық жобасын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құжат қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп қағидаларына түзетулер енгізуді көздейді. Өзгерістер, сотталғандардың мінез-құлқын бағалау жүйесіне қатысты.

Ұсынылып отырған өзгерістердің қатарында:

– үшінші оң мінез-құлық дәрежесі бар сотталғандарға «тынығу сағатын» енгізу;

– ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі сотталғандарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру;

– ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі сотталғандарға кездесуге және қалаға шығуға өтінімдерді өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы беру мүмкіндігін жасау.

Жобаға сәйкес, терминалдарды пайдалану персоналмен тікелей байланысты азайтудың бір тәсілі ретінде қарастырылады. Әзірлеушілердің айтуынша, аталған жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық жағымсыз салдарға алып келмейді.

Айта кетейік, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандардың тәртібі арнайы бағалау жүйесі арқылы анықталады. Яғни олардың мінез-құлқы теріс деңгейден бастап, оң деңгейге дейінгі бірнеше дәрежеге бөлінеді. Әр дәрежеге қарай сотталғандарға әртүрлі ұстау жағдайлары мен жеңілдіктер қарастырылады. Ал «үшінші оң мінез-құлық дәрежесі» режим талаптарын ұзақ уақыт бойы бұзбай, өзін тәртіпті әрі жауапты ұстаған сотталғандарға беріледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!