Қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындары “қоғамдық көлік мәселесін көтерсең қайтеді” деген өтініш білдірді. Бүгінде уатсаптағы топтар таңсық емес. “Ауыл тұрғындары” деген топта қоғамдық көлік мәселесі де кеңінен талқыланды. Бірі үлкен сыйымдылықтағы көлік керек десе, енді бірі қоғамдық көлік соңғы кезекте ауыл тұрғындарын автобусқа мінгізбейді деп шағымданды. Шыны керек, сол ауылда тұрған соң жағдайды көзбен көріп, естіп жүрміз. Сондықтан ауыл тұрғындарының өкпесі орынды.

Сая БИЛАЛОВА,

ауыл тұрғыны:

–   Мен де Абай ауылының тұрғынымын. Автобус мәселесі күрделі. Кешкі автобус жүргізушілері қалаға бармаймыз деп адам алмайды. Жарты сағат жуып тұрады автобусты (Бағланның автобусы). Менің жолдасым түнгі ауысымға жұмысқа барады сағат 18-00-де. Қалаға жетуі мұң. Ауылдың шет жағынан (коровникте) автобустың келгеніне мәз боламыз. Сосын жолдан адам алады. Күннің ыстығында іші адамға толы автобусты елестетіп көріңізші. Қорқыттың бойынан 40 рет тоқтап адам алады. Адамда қанағат болу керек емес пе? Үлкен кісілерге, аяғы ауыр келіншектерге тым обал. Олар ренішін білдіріп: “Адамды мінгізе бермесеңдерші” дейді. Оны елеп жатқан кондуктор да, жүргізуші де жоқ. Жаңа әкім келді, мәселе шешімін табатын шығар.

 Рас, Қосшыңырау ауылдық округіне жаңадан әкім тағайындалды. Ендігі ауыл тұрғындарының үміті ауыл әкімінде.

Сейдуали ӘБДІҚАДЫРОВ,

Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі:

– Мен ауылға жақында келдім. Әлі толық ауыл мәселесімен танысқан жоқпын. Ауыл тұрғындарында осындай қиындық болып жатса, шешімін табуға тырысамыз. Тиісті мекемелерге хабарласып, қоғамдық көлік мәселесін назарға алатын боламын. Үлкен сыйымдылықтағы көлікті де, автобустың кешкі уақытта адам алып, вокзалға баруын да өз қадағалауыма аламын.

Бұл – ауыл әкімінің бізге берген уәдесі. Ендігі кезекте ауыл автобусы кесте бойынша бекітілген жерге дейін барады деген үміттеміз. Сосын тұрғындардың жұмысқа баратын уақытында (ауылдан қалаға 7-00, 8.00-де, қаладан ауылға 18.00, 19.00-де) үлкен сыйымдылықта автобус беріледі деп сенеміз.

Ғанибек Қазантаевтың қатысуымен өткен  аппарат мәжілісінде қоғамдық көліктердің бағытқа тұрақты және уақытылы шығуын қамтамасыз ету керегі сөз болған еді. “Қала әкімі қоғамдық көлік мәселесі сызба жұмыстарын жүргізумен шешіліп кетпейтінін баса айтып, жауаптыларға қоғамдық көліктердің бағытқа тұрақты, уақытылы шығуын қамтамасыз етіп, күнделікті бақылау шараларын жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар барлық қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларына халықпен байланыс этикасын сақтау мақсатында түсіндіру жұмыстарын күнделікті жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы келген азаматтардың өтініштерін қарау кезінде тиянақтылық танытып, тұрғындарды әуре сарсаңға салмай, өтініш иесімен тиімді жұмысты жүргізуді тапсырды” – деп мәліметте көрсетілген. Олай болса Қосшыңырауға қатынайтын қоғамдық көлік жүргізушілері соңғы аялдаманың схемасын неге өздері сызып алады? 

Ауыл тұрғыны Жанат Әбуованың айтуынша, қоғамдық көлік сенбі және жексені күндері екі сағатта бір қатынайды. Қалған күндері сағат сайын жүреді. Сенбі күні автобус сағат сайын неге жүрмейді? Себебі сенбі күні де жұмыс істейтіндер қатары көп. “Сенбі күні жұмысқа қатынау қиын. Таңғы 8-де ауылға келетін автобус жоқ. Такси бірде болады, бірде болмайды. Қалаға баратын адамдарды қол көтеріп тоқтатып аламыз”, – дейді Жанат.

Шаһар басшысы Қызылорда автобус паркіне барып, мекеменің жұмысымен танысқан сәтінде «Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасын реттеу мақсатында бұл олқылықтарды тез арада реттеу керек» деген болатын. Қоғамдық көлік қала әкімінің тікелей қадағалауында болса, қалаға қарасты ауылдың мәселесін де назардан тыс Зқалдырмайды деген үміттеміз.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!